«Химпоселокте» не болған?
Атыраудың құтқарушылары шұңқырға құлап кеткен жылқыны шығарды.
12 тамыз күні сағат 13.00-де Атырау қаласы, Химпоселок ықшамауданы, Менделеев көшесіндегі тұрғын үйдің қасында лас суы бар шұңқырға жылқы малы құлап, одан өздігінен шыға алмайтыны туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына келген құтқарушылар шұңқырдың тереңдігі 3,5 метрді құрайтынын анықтады. Құтқарушылар жылқының денесін байлап, арнайы жабдықтар мен техниканың көмегімен жануарды шұңқырдан қауіпсіз жерге шығарды. Жануар зардап шеккен жоқ, ветеринарлық көмек қажет болмады.
Бұл алғашқы жағдай емес, жыл сайын құтқарушылар қиын жағдайға тап болған жануарларды құтқарады. Тек маусым айында құтқарушылар үйдің ауласында тереңдігі 1 метр шұңқырдан мысықты, тереңдігі 1,5 метр септиктен атты шығарған. Шілде-тамыз айларында құтқарушылар балшыққа батып қалған сиырды құтқарып, 3 метрлік шұңқырдан итті шығарып, сонымен қатар ашық 3 метрлік шұңқырға түсіп кеткен атты шығарды.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына ескертеді: тек жануарлар ғана емес, адамдар да, ең бастысы балалар да терең шұңқырларға, сонымен қатар лас суы бар шұңқырға құлап кетуі мүмкін. Сондықтан, мұндай шұңқыр беттерінің қақпақтармен мықтап жабылуын қадағалаңыздар!
«Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы»