Өрт сөндіру көліктерінің кілті табысталды

dsc 0234 scaled Жаңалықтар

Atr.kz/20 қазан, 2020 жыл. Осыдан тура 25 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органдарын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бері елімізде 19 қазан күні төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып келеді.

Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысқан салтанатты шарада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов құтқарушыларды мерекемен құттықтап, жергілікті бюджет қаражаты есебінен алынған 8 өрт сөндіру автокөліктерінің кілтін табыстады. Бұл көліктердің арқасында құтқарушылардың апат аймағына жету мерзімі айтарлықтай қысқарып, апаттық-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Омар Бержанов өңір басшысын «Самал» ықшамауданындағы жаңа өрт сөндіру депосының материалдық базасымен таныстырды. Аталған нысан жақын маңдағы бірнеше ықшамауданды қамтиды.

Бұдан кейін Махамбет Жолдасқалиұлы қауіптің бел ортасында жүріп төтенше жағдаймен күресте ерен ерліктерімен танылған құтқарушыларға Алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, таяуда Жайық өзені бойындағы Әлиев-Сатыбалдиев көпірінің маңында белгісіз жағдайда суға құлап кеткен жасөспірімнің өмірін құтқарып қалған Атырау қаласының тұрғыны Асанәлі Тасқалиев департаменттің атынан марапатқа ие болды.

Ерен ерлігі бағаланған кәсіби мамандардың бір тобы Төтенше жағдайлар министрлігінің және департаменттің Құрмет грамоталарымен ұлықталды.

Шара соңында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған эссе жазу және сурет байқауынан жүлделі орын алғандар да елеусіз қалмады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз