Жарнама
Қоғам

«ХАЗАРДАН ҚАЗАҚҚА ДЕЙІН»…

Аймақтың тарихи-мәдени мұрасын қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының таратқан мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 313 тарихи-мәдени ескерткіш, 525 мәдени нысан тіркелген екен. Ал, олардың ішінен 98 мәдени-тарихи ескерткіш пен 34 мәдени ошақ Қызылқоға өңірінде орын тепкен.
Телеэкспедицияның сапары Сағыз селолық округінен басталды. Бұл өңірде оннан астам тарихи-мәдени-ескерткіштер бар. Алғашқы қадам Жібек жолының бір тармағы болған «Тас кешу» тарихи орнынан басталып, сапар одан әрі «Алып Ана», «Түкті ата» қорымы мен «Былқылдақты» елді мекеніндегі «Қалмақ қырған» қырында жалғасты. Жергілікті тұрғындар Әбілхайыр Молдашев пен Қайыржан Жантөриевтің әңгімесіне қарағанда Алып Ана да, Түкті ата да тарихта болған адамдар. Ерлі зайыптылардың бейіті Сағыз өзенінің екі беткейіне орналасқан екен. Мұның сырын сұрағанымызда қарттарымыз бірауыздан «Алып ана мен Түкті ата қасиетті адамдар. Шапқыншылық жылдары жауға қарсы тайсалмастан шауып, өздерінің батырлықтарымен көзге түскен ержүрек тұлғалар болған. Алып ананың батырлығы да, қайсарлығы да, көріпкелдік қасиеті де ерінен асып түскен екен»- дейді көнекөз қариялар. Сондықтан, Алып ана ерінен «қайтыс болғаннан кейін қорымын өзінен бөлек тұрғызылуын өтінген екен» дейді. Себебі, «екеуміз бір жерге жерленсек ел адамдары сенен гөрі мені әулие тұтады. Ал, сен менің тасамда көрінбей қаласың» деп өсиет еткен екен. Расында, қазірде олардың қасиеттеріне бас иген қалың ел бейіттерге тағзым етіп, тілек тілейді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін адамдар да көп.
«Былқылдақты» елді мекеніндегі «Қалмақ қырған» қырының да қойнауы көп сырды бүгіп жатыр. Мұндағы қазақ руларының 70-80-ге жуық белгілері де табиғат құбылыстарының әсерінен жойылып барады. Кезінде Кенбай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, марқұм Жұмабай Берменов бұл жердің тарихи орын екенін біліп, оқушыларды экскурсияға апарып, қылыш та тауып алған. Өкінішке орай, сол бір құнды дүниелер жоғалып кеткен.
– Тарихи-мәдени ескерткіштер жыл сайын жаңадан ашылып, тарихымыз жаңа деректермен толыға түсуде. Археологиялық ескерткіштерді әлі де тереңірек зерттеп, мемлекеттік тізімге енгіземіз деген мақсатымыз бар,- дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Ғалымжан Ысқақов өз сөзінде. – Атырау өңірі тек қана «қара алтынымен» ғана танымал емес, Ұлы Жібек жолындағы Батыс өлкелердің кіндігі. Қазақ хандығының тұңғыш астанасы – Сарайшық шаҺарының да осы өңірде орын тебуі тегін емес. Сондай-ақ, Асан Қайғы бабамыз салдырған Қорғанша қаласы, Алтын адам табылған «Аралтөбе» қорымы секілді ежелгі тарихи жәдігерлерге айналған қасиетті аймақтар көп. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы, Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің шежірелі тарихынан сыр шертетін тарихи орындар да жетерлік. Осының барлығы ұлт тарихының құндылығы ретінде кеңінен насихатталып, кейінгі жас буынға сақталуын, жеткізілуін басты назарда ұстауымыз қажет.
Бұдан кейін телеэкспедиция Жамбыл ауылдық округіндегі «Қорғанша» қалашығында, Қызылқоға ауылдық округіндегі Қарабау ауылының солтүстігіндегі Қарабау қалашығында, «Жолай шағылы» құм төбесіндегі тарихи орындарда болды.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button