Түктібай бақсы таңғажайыптары

T ktibay ata Қоғам

 

Қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің бірі – бақсылық. Мұның өзі тәңірлік сенім-нанымдармен байланысты, халқымызбен бірге жасасып келеді. Осынау киелі қасиет бойына біткен адамдарды жұртшылық «дуана», «бақсы», «балгер», «емші», «әулие» деп атаған. Оларға берілген бұл атау сол жандардың бойындағы тылсым күштің көрінуіне, оның ел-жұртқа қызмет етуіне қарай айтылған. Аталған қасиеттер адамға туа біткен немесе жүре келе бойына дарыған.

Түктібай ата

Жұмбақ күштің иелері жас сәбилерді тіл-көзден, түрлі ауру-сырқаудан, басқа да жағымсыз нәрселерден сақтаса, аяғы ауыр келіншектердің аман-есен босануына көмегі тиген. Сондай-ақ, ересек адамдарды аурудан қорғап, жан дүниесіне шипа берген, құрғақшылық болған жылдары көктен жауын-шашын жаудырып, ырыс-береке тілеген, халық мүддесі үшін шын ықыласымен қызмет еткен. Біреулер шөппен, тастың қынасымен, енді біреулері асатаяқпен, құмалақпен, домбырамен, қобызбен емдеп, дерттерді адам бойынан сылып тастаған.

Болашақты болжайтын көріпкел, көреген жандардың өмір сүргені тарихтан белгілі. Аты аңызға айналған Майқы би Мән баласының көрегендігі әлі күнге тылсымына бойлатар емес. Қасиетті Отырар қаласының алты ай бойы Шыңғысхан әскерлеріне төтеп бергені қазақ халқына берген жаратушының осындай қасиеттерінің арқасы десек те артық емес.

***

Ұлы жүздің шапырашты руынан, оның ішінде Екейден шыққан Түктібай бақсы туралы сөз қозғамақпыз. Ертеректе қырғыз елінде бір үлкен жиын болып, Екей елінен біраз адамдар мейман болып барады. Сол жерде біреулер Екейді кемсітіп, әжуа қылады. Сонда қырғыздың бай манабы Шәбден: «Шірікбайдай әулиесі бар, Сүйінбайдай ақыны бар, Сарыбайдай жақсысы бар, Түктібайдай бақсысы бар Екейді кемсітетін жөніміз жоқ. Екей төрт аяғын тең басып тұр» деп ілтипат көрсеткен екен. Міне, сол Түктібай бақсы шамамен ХVІІ ғасырдың аяғында дүниеге келген. Он үш жасында байдың қозысын бағып келіп, түскі асын ішіп отырған кезде аяқ астынан арқасы қозып, көтеріліп, айдалаға қашып, белгісіз бағытпен жүгіре жөнеледі. Сол бойы бір киіз үйге келіп тіреледі. Сөйтіп, оның шаңырағына өрмелеп шығып кетеді. Бойын бір белгісіз күш билеп, аласұрып, дегбірі қашады. Ал, үйдің ішінде бір байдың қызы ауырып, төсек тартып жатыр екен. Оны бақсы-балгерлер емдеп, нәтиже шығара алмай, арпалысып жатқан көрінеді. Сонда шаңырақтан үңілген Түктібайдың арқасынан қызыл жолбарыс көрініп, аузынан сілекейі ағып, қыздың бетіне тамып кетеді. Қыз демде сауығып, орнынан тұрады. Бұған таңырқаған халық Түктібайды «Бала бақсы» атандырады.

Күндердің бір күнінде бала Түктібай түсінде аян алады. Аянда: «Түктібай балам, бәлен жерге барсаң, қобыз тауып аласың. Оның жанында төс пен балға жатыр. Оны алып, жақын туыстарыңа берерсің, ал, қобызды өзің ал» деп ишарат етіледі. Түктібай аянды бұлжытпай орындайды.

Осы күннен бастап Түктібай қобызда ойнап, зікір салып, «бақсы» атанады. Адамдарды емдеп, олардың сауығып кетуіне ықпал етеді.

***

Бірде үлкен бір жиын болып, ас беріледі. Қазақтың зиялы қауымы, атқамінерлері, қарапайым халық көп жиналады. Астың соңы ат бәйгесіне ұласады. «Екейдің бәйгеге қосар аты жоқ, Түктібай бақсы жалғыз келіпті» деп адамдар Түктібайды мазақ қылады.

– Мен бәйгеге қобызымды қосамын, – депті Түктібай сонда.

– Мынау не айтып тұр? Адам қобызды бәйгеге қалай қосады? – деген жұрттың кейбірі аң-таң болса, кейбірі күлкіге айналдырады.

Бәйгеге қосылатын аттар межелік жерге аттанады. Түктібай бақсы топ ішінен ат айдаушы жігітке қобызын табыстайды. «Айт, шу!» дегенде қобызды аттармен бірге қолыңнан босатып жібер» деп мұқият табыстайды. Жігітті бір түлен түртті ме, ойына не келгенін кім білсін, әлдебіреулердің айтуымен жасады ма, жоқ, өзі сенбеді ме, ол жағы бізге белгісіз. Аттар шабатын межелі жерге жеткен соң жігіт қобыздың мойынын жібімен тораңғылға байлап, шанағына үлкен дәрет сындырып кетеді. Аттардың қарасы көрінгенде, осыны сезген Түктібай оңаша шығып зікір салады. Қобыз бұлқынып, тораңғылды түбімен қопарып, жұлып алып, мойыны сынып, құйындатқан бойы қастық қылған жігітті шүйдеден қағып құлатып, тораңғысын сүйретіп кете барады. Лезде даланы қара түнек басады. Ал, күн көзі қайта жарқырап шыққан кезде аттардан бұрын мәреге бірінші болып қобыз жеткенін көрген жұрт жағасын ұстайды.

Сенгені бар, сенбегені бар, жұрт аң-таң! Бәйге бітті, аузымен құс тістеген небір тұлпарлар шаң қауып, қобыз бірінші болып келді. Өлген жігіттің жақын туыстары адам құнын талап етеді. Сол жерде көпшілік болған оқиғаны байыппен ақылға салады. Ат айдаушы жігіт өлген, қобыздың мойыны сынған. Тораңғыны сүйретіп келген бойы ол тұр. Бәрі жиналып, үңіліп қарап, қобыздың шанағының ішіндегі үлкен дәрет нәжісін көреді де бір байламға келеді. Түктібай мен қобыздың қасиетіне бас иеді. Бақсыдан кешірім сұрап, бәйгенің бәсіне тігілген сыйды тарту етеді. Оның үстіне ат-шапан айыбын төлеп, Түктібайдың ризашылығын алады.

***

Күндердің бір күнінде Іле өзені бойында тағы бір үлкен жиын-ас болады. Жағалауға қаз-қатар үйлер тігіліп, көп халық жиналады. Түктібай бақсы бірнеше жолдастарымен екінші жағалауда жортып келе жатып, осы жиынның үстінен түседі. Бұлар бергі жағада, жиын арғы жағада. Не істерін білмей, абдыраған жиын иелері жолаушыларды аттан түсіп, қонақ болуға шақырады. Олар –Мейірбанды жұртым, егер бізді қонақ қылсаңыздар, бөлек үй тігіп, дастархан жайып, күтіңіздер,- деп Түктібай оларға өтініш білдіреді. Дәл айтқанындай, бәрін де орындауға жиын иелері ниет білдіреді. Алайда, Іленің ағысы қатты, суы терең екенін білетіндіктен, «қонақтар өзеннен қалай өтер екен?» деп асқа жиналған көп халық күмілжіп қалады. Сонда Түктібай бақсы қобызын ойнатып, зікірін салып, арнап тігілген үйді ыдыс-аяқ, ас-тағам, қонақ күтетін жігіттерімен қоса тік көтеріп алады да, өзеннің үстімен, суға тигізбей, сырғыта отырып, өздері тұрған жағалауға көшіріп алады. Үйге кіріп, ас дәмінен бәрі ауыз тиген соң, Түктібай бақсы сынамақ оймен: «Енді үйлеріңді өздерің көшіріп алыңдар» дейді. Ол жақтың да атақты бақсысы барын білетін Түктібай әдейі айтқан ғой.

Өзеннің екінші жағындағы бақсы да ортаға шығып, қобызын ойнатып, зікірін бастайды. Киіз үй орнынан көтеріліп, өзеннің ортасына келгенде үйдің етегі суға тиіп, батар болады. Мұны көріп тұрған Түктібай бақсы қайтадан қобызын бебеулетіп, зікір салады. Осылайша, қарсы жақтағы бақсыға көмектесіп, үйді аман-есен орнына апарады.

Ел аузындағы аңыздардың бір парасы осындай. Түктібай бақсы 80-нен асқан шағында дүние салған. Қобызға баласы Өмірзақ ие болады. Ол да әке жолын қуады. Бүгінде Нұрлан есімді ұрпағы бақсы кесенесінде шырақшы міндетін атқаруда. Өмірзақ бақсы мен Алпысбай бақсының кереметтері туралы алдағы уақытта оқырман назарына ұсынылатын болады.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз