«Халықпен бірге – 20 жыл»
Қазақстан Халық партиясының құрылғанына жиырма жыл толуына орай Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Халықпен бірге – 20 жыл» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Шараны ҚХП өңірлік филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова кіріспе сөзбен ашып, әріптестерін партияның мерейтойымен құттықтады.
Қоғамдық ұйымның атқарған жұмыстары туралы облыстық филиал басшысының орынбасары Әлия Мырзағалиева баяндады. Халықпен бірге болған жиырма жылда Қазақстан Халық партиясы ел игілігі үшін ауқымды жобалар мен жұмыстарды жүзеге асырды. Осылайша, мемлекет пен қоғамның алдында тұрған күрделі де келелі міндеттердің орындалуына елеулі үлесін қосты. Өзекті мәселелердің шешімін табуына мүдделілік танытып, белсенді атсалысты.
–Бұқарамен кері байланыс жасаудың тиімді жолдарын іздестіріп, партия қызметінің ашықтығы мен партияластар арасында ынтымақтастықты, партиялық бақылаудың пәменділігін арттыру, жетекші саяси ұйымның қоғамдағы айқындап, беделін көтеру бағытында бірқатар іс тындырылды. Бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты – өткен кезеңде жасалған жұмысты бағалап, болашақты бағдарлау. Есепті кезеңде ҚХП мен оның өңірлік филиалдары жергілікті атқарушы билік құрылымдарымен, басқа партиялармен іскерлік байланыс орнатып, ел игілігі жолындағы игі бастамаларға ұйытқы болып келеді, — деді ол.
Одан бөлек, партия филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» жұмысынан осы құрылымның жетекшісі Людмила Көбентаеваның хабарламасы тыңдалды. Салтанатты жиынға қатысушыларды Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин құттықтады. Сонымен қатар, партия ардагерлері Жәукен Көшенов, Ерболат Дәулетқазиев жылы лебіздерімен бөлісті. Соңы марапаттау шараларына ұласты. Өнерпаздар ән-жырларын арнады.
Дәулетқали АРУЕВ