Төртінші мұнай өңдеу зауыты: қашан, қайда салынады?

zauyit kashagan Жаңалықтар

Жуырда Атырауға келген Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев шикізат өндірісіне қатысты жаңалықтарды жеткізді. Соның бастысы төртінші мұнай өңдеу зауыты туралы болды.

зауыт кашаган

Сұраныстан туған қажеттілік

Елбасы елімізді жанар-жағармаймен толық қамту міндетін қойды. Соған байланысты кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртылып, Ресейден келетін бензинге уақытша шектеу қойылды. Энергетика министрлігіндегілер жаңа өндіріс орны, мұнай өнімдерін ұлғайту сұраныстан туған қажеттілік дейді.

– Мұнай өңдеу зауытының құрылысы айтарлықтай ұзақ мерзімді процесс. Қымбат жоба мұқият есептеуді қажет етеді. Алып құрылысты негіздеуде біздің экономиканың өсімі, халық санының ұлғаюы, экспорт әлеуеті секілді көптеген жағдайларды ескеруге тиіспіз. Қазір екі зауытты қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, ішкі нарықты бензинмен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, үнемі бұлай бола бермейді. Сұраныс жылдан-жылға арта түседі, – деді министрдің орынбасары.

Жаңа зауыттың қуаттылығы қандай болатыны әзірге белгісіз. Есеп-қисап жасалғанымен, оны теxникалық-экономикалық негіздемеге енгізу керек. Өндіріс орнының еліміздің шикізат көзіне жақын батысында немесе тұтынушысы көп оңтүстік облыста орналасатындығы анықталған жоқ. Жауапты тұлға мәселенің жете зерттеліп жатқанына тоқталды.

Ресей бензиніне неге шектеу қойылды?

Бұрын жанармай тапшылығы туындағанда, оны Ресейден тасымалдайтынбыз. Ал, биыл өзгеше жағдай қалыптасып отыр. Министрдің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев қазыналы өлкеге сапарында көрші елден бензин әкелуді уақытша шектеу себебін түсіндірді.

– Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ортақ мұнай және газ нарығы 2025 жылға қарай құрылатын болады. Қазір мұнай өнімдерін сатуда біз екі жақты негізде жұмыс жасаудамыз. Жыл сайын бажсыз алынатын мұнай өнімдерінің көлеміне арналған индикативтік теңгерімге қол қоямыз. Биыл біз Ресейден 1,1 миллион тонна бензин импорттауды жоспарлап едік. Дегенмен, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша осы көлемді қарқынды түрде игердік. Сондықтан үш айлық мерзімге уақытша шектеулер енгізілді, – деді сұхбаттасушымыз.

Энергетика министрлігі ресейлік әріптестерімен ынтымақтаса жұмыс жасап жатыр. Уақытша шектеу мәселесінде де өзара келісімге келген. Атырау және Павлодар зауыттарында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін елімізде бензин өндірісінің артуы осылайша оң өзгеріс қалыптастырды.

Қашағанның «қара алтыны»

Биыл Қазақстан Қашағаннан 12 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл кен орнын өңдеудің алғашқы кезеңі екенін ескерсек, болашақта шикізат көлемі ұлғая түседі.

– Кен орнының  мүмкіндіктерін  кеңейту тұжырымдамасын  аяқтаған  соң, Қашағаннан мұнай өндіру көлемін арттыруға көшеміз. Аталған кен орнының болашағы зор, – деген министрдің орынбасары мұнай экспортына ешқандай кедергінің жоқтығына тоқталды.

Қашаған мұнайы Каспий құбыр желісі консорциумының бағытымен Қара теңіз арқылы әлемдік нарыққа жеткізіледі. Каспий бағытын дамыту бойынша арнайы жоспарлар бар. Сондай-ақ, Ақтау теңіз порты, Құрық порты арқылы Баку, Махачкалаға тасымалдауға да мүмкіндік жеткілікті.

Қазір Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың геологиялық қоры 12-17 миллиард тонна деп бағалануда.

Азамат Базарбаев

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз