Жарнама
Қоғам

Халыққа таза ауыз су керек

Аудандық әкімдікте «Ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде орын алып отырған қиындықтар, су тазарту нысандарына жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық тексерулерге сараптама нәтижелері және ауыз суға арналған санитариялық қағидаларды түсіндіру» бағытында  семинар өткізілді. Оған аудан әкімі Ж.Ахметов төрағалық етті.

ed414d0fa398af8b75a5f36a8d583775

Семинар барысында қоғамдық денсаулық сақтау департаменттің өнеркәсіптік және коммуналдық объектілерді санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы А.Көшкінбаева  ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 16.03.2015 жылғы №209 қаулысымен бекітілген ауыз суға арналған санитариялық қағидаларды түсіндірді.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту үшін барлық су тазарту қондырғыларының су қорғау аймақтары мен жолақтары және олардың орналасқан жерлері жергілікті атқарушы органмен заңдастырылып, жобасы жасақталуы керек. Мембранды технологияны пайдаланатын СТҚ-да мембрана қондырғыларын тазарту, сүзу материалдарын ауыстыру, суды залалсыздандыруды арнайы мамандандырылған мекемемен жүргізу қажет. Жылма-жыл Жайық өзені суының азаюынан, су температурасының жоғары болуынан жаз айларында ауыз суда бөтен иіс, түстілігінің өзгеруі байқалып отырады. Соған байланысты көмір сүзгіштері орнатылса, жақсы болар еді. Барлық елді мекендерде суды үздіксіз беріп, тазартылған ауыз суды жасыл желек суғаруға пайдаланбау үшін жазғы су құбырлары жүйесін жүргізудің маңызы зор. Сонымен қатар Жайық өзенінің арнасы үнемі тазартылып отырғаны жөн. Су тазарту қондырғылары стратегиялық  нысан ретінде арнайы күзетпен қамтылып, айналасы қоршалуы қажет. Әр СТҚ өзінің зертханасын іске қосып, ол жерде арнайы оқытылған маман жұмыс жасауға тиіс. Махамбет ауданы бойынша су тазарту нысандарына санитариялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізу барысында осы айтылған заңдылықтарға сәйкес келмейтін кемшіліктер көптеп кездесті. Барлық су тазарту қондырғыларында мембранды қондырғылардың сүзгіш фильтрлері дұрыс жұмыс жасамайды. Халық таза ауыз су ішкісі келеді. Барлық ауылды таза ауыз сумен қамту аудан, ауыл әкімдерінің тікелей міндеті. Сондықтан орын алған кемшіліктерді ескере отырып, ауыз сумен қамту іс-шараларын жасақтауларыңызды сұраймын, – деді  А.Көшкінбаева.

Одан әрі аудан басшысы Ж.Ахметов барлық ауылдық округ әкімдері мен су тазарту қондырғысын сенімгерлік басқаруға алған жеке кәсіпкерлерден ауыл халқын таза ауыз сумен қамтуда не себепті кемшіліктерге жол берілгенін сұрады. Олардың көпшілігі Жайықтың суы жыл өткен сайын ластанып келе жатқанын, ластығы соншалық қондырғының су сүзгішін мерзімінен бұрын істен шығарып тұрғанын, жаңа фильтр қажет екенін алға тартты. Семинарды қорытындылаған аудан әкімі Ж. Ахметов барлық СТҚ-лардың су сүзгіш құралдарын жаңасына ауыстырудың жолдарын қарастыратынын, ал қоғамдық денсаулық сақтау департаменті маманының атап өткен өзге кемшіліктерін түзету кәсіпкерлердің міндетіне жататынын түсіндіре келе, олқылықтың орнын толтыруды міндеттеді. Семинар қорытындысымен халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесін бірлесіп атқару жөнінде шешім қабылданды.

 

Б.СҮЙЕУОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button