МҰРАТЫ БИІК ЕЛМІЗ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы» деген тақырыпта сөз сөйлеп, ғасырлар бойы халқымыздың қол жетпес арманындай көрінген Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін толғана жеткізді. «Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік» деді ол өз сөзінде.Ұлағат пен ғибратқа толы бұл сөз әсіресе жастарға үлкен міндеттер жүктейді. Өйткені, еліміздің жарқын болашағы осы жастардың қолында. Екіншіден, «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық Саясат туралы айтқан пікірінде жаңа сынақтардан кедергісіз өтер батыл қадам, анық жолдың осы екендігін халық айна-қатесіз түсінді.

 

Елбасы жастарды еңбекке, ғылымға баулу туралы әрдайым айтып келеді. Бүгінгі студенттің, болмаса оқушының ертеңгі күні білікті маман болып, Егемен еліміздің еңсесін көтерер азаматтар болатындығына үнемі үлкен сеніммен қарайды. Өйткені  30 елдің қатарынан орын алу үшін қоғамның қай саласына болмасын өз ісін жетік меңгерген аса білімді мамандар қажет.

Жастарды білімге баулу отбасынан, одан қала берді мектептен бастау алуға тиісті. Жастайынан жауапкершілік бағасын біліп буыны қатайған жас өреннің ертеңгі күніне сеніммен қарап, үлкен істерге ұмтылары хақ. Қазақта «Оқу – инемен құдық қазғандай» деген қанатты сөз бар. Байқап қарасақ, осы бір ұлағаттың түп-төркінінде үлкен мағына жатыр. Осындай асыл сөз астарын шәкірт санасына сіңіру ата-ананың да, ұстаздардың да төл міндеті саналады.

Атырау мұнай-газ институты –  өңіріміздегі осы саладағы мамандарды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Басты мақсат – жастарға сапалы білім беру. Қандай оқу орны болмасын осы бағытта жұмыс жасап, нәтижелі іс тетігін табуға жұмыстанады. Заманауи жабдықталу, оқытушылардың біліктілігін арттыру, жаңа әдістерді меңгеру сияқты ізденістер біздің ұжымға да тән.

Өнікті, сапалы еңбек бар жерде жоғары нәтиже бар. Адал еңбекпен жастардың патриоттық сезімі де қоса тәрбиеленеді. Бұл орайда, Елбасы екі қағиданы нықтай айтты. «Біріншіден, ұрпақтар мен құндылықтар сабақтастығы. Екіншіден, Ұлттың серпінділігі, жастардың инновациялылығы». Осы қағидаттарды жастарымыз мәңгілік естерінде ұстап, жадыларында сақтауға тиіс.

Біз, болашаққа нық сенім қалыптастырған «Мәңгілік Ел» идеясын жоғары ұстаймыз. Бұл елдіктің, тұрақтылықтың кепілі. Бұл жолдағы мәселелердің барлығы жігерімізді жанып, бізді тек алға жетелейді. Мемлекет басшысы айтқандай,  бұл біздің басты ұстанымымыз.

Елбасының әрбір сөзіне ерекше ден қойып, әр адам өз міндетін жете түсініп, адал еңбекпен жауап берсе еліміздің гүлденгені, халқымыздың бақуатты өмірге қол жеткізгендігі, ұрпағымыздың болашағының айқын болғандығы. Сол кезде ғана туған еліміздің мәртебесі биік, тұғыры берік, еңсесі жоғары болмақ.

Олжас Абилдаев,

Атырау мұнай-газ институтының проректоры,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз