АТЫРАУЛЫҚ МҰНАЙ ӨҢДЕУШІЛЕР

Спартакиаданың  төрт  дүркін  жеңімпазы  атанды

Жетпіс жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауытында зауыттықтарды спортқа тарту және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы жұмыс айтарлықтай жүйелі.

Зауыттың тарихына зер салсақ, бұл бағыттағы жұмыстар кәсіпорын іске қосылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ бастау алғандығын көруге болады. Бұған дәлел – 1949 жылы зауыт жұмысшыларының күшімен салынған қазіргі «Мұнайшы» стадионы. Спорт зауыттықтардың жұмыстан тыс өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сол жылдардағы зауыттың футбол, волейбол құрамалары жанкүйерлерін зор жетістіктерімен қуанта білді. Алаңда небір әйгілі командалармен бәсекелес боп, зауыт спортшылары мықтылығы мен ептілігін талай мәрте дәлелдеді.

Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де спорттағы ізгі дәстүрлер үзілген жоқ. Зауыт жанында Спорт және дене шынықтыру кеңесі жұмыс жасайды. Спортшылары бүгінде футбол, баскетбол, волейбол, флорбол, хоккей, теннис секілді және басқа спорт түрлерінен қалалық спорт кешендерінің залдарында жаттығады. Сондай-ақ, қызметкерлер ақысыз негізде жүзу бассейнінде дене шынықтырады.

Зауытта жыл бойына түрлі спорттық шаралар, турнирлер мен спартакиадалар ұйымдастырылып тұрады. Барлық мемлекеттік, ұлттық немесе кәсіби мерекелерде жекелеген спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, зауыттықтар өзара додаға түседі. Футбол, волейбол, баскетбол, теннис сынды дәстүрлі спорт түрлерімен қатар бильярд, флорбол сайыстары да зауыттық спорт бағдарламаларына енгізілді. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде зауыттықтар биыл төртінші рет ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнін мерекелеу бағдарламасы аясында Алматы маңындағы «Ақ бұлақ» спорт-дене шынықтыру кешенінде «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ еңбек ұжымдарының спартакиадасында төртінші мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Спартакиадаға «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, «CASPI BITUM» ЖШС, “ҚазМұнайГаз – Аэро» және «TheRompetrolGroup» компанияларының спортшылары қатысып, мини-футбол, волейбол, теннис, шахмат, кір тасын көтеру, суда жүзу, армрестлинг және арқан тартудан бақ сынады. Үш жыл қатарынан командалық есепте бірінші орын иемденіп келген Атырау мұнай өңдеу зауытының құрамасы биылғы жылы да спартакиада жеңімпазы атанды.

Cпартакиаданың алғашқы сүйінші хабары көп күттірмеді. Жарыстың алғашқы сәттерінде-ақ суда жүзуден Әнуар Шакеновтің 25 секундтық нәтижемен бірінші орын алғандығы туралы хабар жетті. Әнуар бұл жарысқа биыл бірінші мәрте қатысып отыр. Бұған дейін өзінің қызметтегі ғана емес, спорттағы әріптесі Азамат Жолымбетовтің жеңісті жолын жалғастыруды алдына мақсат еткен ол жанкүйерлерінің сенімінен шыға білді. Екінші, үшінші орындарды румындық және павлодарлық спортшылар өзара бөлісті. Ал, қыздар арасында суға жүзуден Наталья Тебенькова мәреге екінші болып жетті. Бірінші жүлде павлодарлық спортшыға, үшінші жүлде «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшысына бұйырды.

Құрамында Мажитов Дулат, Нурибеков Дамир, Успанов Бақытжан, Мусин Қанат, Кенжалиев Данияр, Дүйсенов Ернар, Нұржұмаев Бахтияр, Шапошников Алексей өнер көрсеткен шағын футбол командасы 1 орын иеленді. 2011 жылы 5 орын, 2012-2013 жылдары 3 орынмен шектелген футболшыларымыз финалда «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ ойыншыларын басып озып, жүлдегер атанды. Үшінші орын румындықтар еншісінде.

Спартакиада бағдарламасына былтырғы жылы ғана қосылған ерлер арасындағы волейболдан біздің команданың мерейі үстем болды. Былтыр павлодарлық әріптестерінен жеңіліп, күміс медальды қанағат тұтқан волейболшыларымыз есе қайтарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Үшінші орын биыл додаға бірінші рет қосылған «CASPI BITUM» ЖШС спортшыларында. Біздің команда құрамында: Хасанов Құмар, Мусанов Аслан, Төлегенов Еркебұлан, Черкешбаев Данияр, Жұмабеков Ержан, Төлешов Кайрат, Жандауов Бауыржан.

Ал, волейболдан әйелдер құрамасында: Денисенко Наталья, Каденцова Ирина, Адилова Ляззат, Губанова Лидия, Демяшева Лариса, Жұмағазиева Айнур, Аленова Іңкәр, Яшкова Марина. 2011 жылы 3 орын, 2012-13 жылдары 2 орын иемденген волейболшыларымыз биылғы жылы да осы нәтижені қайталады. Жеңімпаз атағын былтырғы жүлдегерлер – «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшылары қорғап шықты. Үшінші орын румын қыздарына бұйырды.

Шахматтан 2011 жылы күміс, 2012 жылы алтын медаль тағынып, 2013 жылы қола медаль иеленіп, жеңіс тұғырының дәмін «толығымен» татқан Есенболат Меңдалиевтың биылғы нәтижесі – 2 орын. Есенболат павлодарлық қарсыласына есе жіберіп алды, ал 3 орын «ҚМГ өнімдері» АҚ спортшысына бұйырды.

Әйелдер арасындағы шахматтан, өкінішке орай, Салтанат Абдиева жеңімпаздар үштігінен көріне алмады. 1 орын шымкенттік, 2 орын павлодарлық шахматшының, ал 3 орын «ҚМГ – өнімдері» АҚ ойыншысының еншісіне тиді.

Үстел теннисі бойынша спартакиаданың алғашқы жылында алтын, соңғы екі жылында күміс жүлде еншілеген Қайралиев Айбектің /№5 цех/ биылғы нәтижесі – 2 орын. 1 орынды «ҚМГ өнімдері» АҚ теннисшісі, 3 орынды «ПКОП» ЖШС спортшысы иеленді. Спорттың бұл түрі бойынша әйелдер арасынан әріптесіміз Денисенко Наталья былтырғы нәтижені қайталап, жүлделі 3 орынға ие болды. 1, 2 орындарда «ҚМГ өнімдері» АҚ және «ПМХЗ» ЖШС спортшылары.

Үлкен теннистен зауыт намысын қорғаған Жәрдемов Бақытжан пен Мартынова Елена да абыройлы өнер көрсетті. Нәтиже жаман емес – 4-орын. Бұл спорт түрінен румындықтарға тең келер ешкім болмады, ал келесі орындар «ҚМГ өнімдері» АҚ және «ПМХЗ» ЖШС спортшыларының еншісінде.

Армрестлингтен Дмитрий Акунишников өзіне тең келер қарсыластың жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдеп, спартакиаданың үшінші дүркін чемпионы атанды. Қалған жүлделі орындарды румындық және шымкенттік спортшылар бөлісті. Айта кету керек, Диманың жеңіс жолында Еуропа чемпионатының да жүлдегерлері  кездесті.

Кір тасын көтеруден зауыттықтар Герман Морозовқа үлкен үміт артқан болатын. 2011-2013 жылдары күмістен  алқа таққан Герман биыл жеңімпаздар қатарынан көріне алмады. «ПМХЗ» ЖШС, «ҚМГ өнімдері» АҚ, «ПКОП» ЖШС спортшыларына есе жіберген ол 4 орынды қанағат тұтты.

Сонымен, жалпыкомандалық есепте Атырау мұнай өңдеу зауыты бірінші орынды иемденіп, спартакиаданың төрт дүркін чемпионы атанды. Екінші орында «ҚазМұнайГаз – өнімдері» АҚ спортшылары, үшінші орын «Павлодар мұнай химия зауыты» АҚ еншісіне тиді.

 Спорт – оңтайлы корпоративтік климат қалыптастыруға ықпал ететін бірден-бір құрал. Өндірісте ғана емес, спортта да озат атыраулық мұнай өңдеушілердің жеңісі – осының айқын дәлелі.

PR

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз