Жарнама
Қоғам

ГЕОЛОГТЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

Солардың ортасында Орынғазы мінезі еркелеу, елгезек, білсем, көрсем деп тұратын, еңбекқор, кішіпейіл бала болды. Киізге сырғанаймын деп тобығын шығарып алғаны, Жайықтан қармақпен балық аулап, нән жайынмен арпалысқаны, әкесіне жәрдемдесіп киіз үйдің сүйегін жасауды үйренгені, айдың жарығымен кітап оқып, жұлдызға қарап қиялға берілген сәттері бәрі-бәрі күні кешегідей көкірегінде сайрап тұр. Жүдә, адам жасы ұлғайғанымен көңіл шіркін сол қалпы қала береді деген рас екен-ау. Рухани дүниесі балаша шат күйінде өткен күндер елесін көз алдына суреттей жайнатып, бірінен соң бірін еске түсіруін қарашы. «Қайран өмір-ай десеңші! Аттай шапқан уақыттың бағасы немен өлшенер, оның шегіне жеткен кім бар бұл жалғанда?»

Осылай деп ойласа да жүрегі өткен өмір жылдарына, жүрген ғұмыр жолдарына дән риза. Сабырлы жүзінде даналық жасқа жеткен жанның тоқтамы мен байламы бар. Балалық шақтың мөлдір бастауы болған ата-ана тәрбиесі ұлттық тағылымның асыл қасиеттерін бойына сіңірсе, сол ұядан алған тәлімі ең қымбатты дүниесі екенін әрдайым есінде ұстады. Осылайша, осы ұстанымы отбасында, қоғамдық ортада бақытты ғұмырға бөлеп, өзгелерге үлгі болардай мазмұнды тағдырды маңдайына жазыпты.  Сол үшін де алдымен Аллаға, сонан соң ата-бабасына  мың алғыс айтып отырады.

ЖЕР ҚОЙНАУЫНАН ҚАЗЫНА ІЗДЕГЕН

Орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алмаққа Алматыға аттанды. ҚазМУ-дың геология факультетінің геолог-инженерлер дайындайтын мұнай бөліміне құжаттарын тапсырып, сынақтардан сәтті өтті. Мектепті қазақша бітіргенімен орысшаны да тез үйреніп, мамандығына мықтап ден қойды. Алматыда білім алып, талай-талай танымал тұлғаларды көруі, қайсыбірімен қатар жүріп, тілдесуі жан сарайын шұғылалы сәулеге толтыра түсті. Мысалы, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Дина күйші, Мұхтар Әуезов, басқа да жазушыларды, өнер адамдарын жақыннан көріп, сөздерін тыңдап тұшынса, Рысбай Ғабдиев, Әзидола Есқалиевтармен жастар боп бас қосып, өнер кештерінде жиі кездесетін.

Қолына диплом алып елге келгенде алғаш жұмысты Қошқар мұнай кәсіпшілігінде операторлықтан бастады. Рахмет Өтесінов, Сағидолла Нұржанов, Беркін Бажбенов сияқты майталман мамандар алғашқы тәлімгерлері болды.

Прорваны игерген жылдар өміріндегі маңызды еңбек қадамдарының шежіресі болып жадында қалды. 1963 жылы Прорва өз алдына ірі басқармаға айналып, алғашқы басшылары тағайындалды. Сонда көптің таңдауымен бас геолог қызметіне Орынғазы Есқазиевты отырғызды. Сол замандағы әріптестері Мүтиғолла Маташев, Хамза Қуантыров, Нәсіпқали Марабаев, Қожыбай Дәулетов, Жолдас Жұмағалиев, Мақаш Рахметов, тағы басқалардың атқарған жұмысы өлшеусіз ерлікке толы, ерекше кезең болатын. Өмір мұратына мол тәжірибе мен игілік жинақтаған, жапан даланы дүбірге бөлеген сол жылдар ғаламат естелік боп бүгінде күмбірлеп еске орала береді.

ҚАРТ ЕМБІНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ЖЫЛДАР

Орынғазы Есқазиев 1976 жылдың  қаңтар айында  «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің геология бөлімінің бастығы лауазымына жоғарылады. Сол кезде өндірістік бірлестікте бас геолог Лениндік сыйлықтың иегері Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов  болатын. Бұл бір ізденіс пен қайнаған еңбекке толы жемісті жылдар еді. Жаңа кен орындары ондап ашылып, іске қосылып жатты. Прорва алаңындағы 1960 жылдары басталған геологиялық барлау жұмыстары Орынғазы бірлестікке келгесін де одан әрі жалғасын тапты. Геологиялық барлау жұмыстарын жедел жүргізудің арқасында бірлестік бойынша он бестен астам жаңа мұнай алаңы ашылды. Осылайша, Орталық және Шығыс Прорва мұнай газконденсаты кен орнын алғашқы ашқандары үшін бір топ геолог ҚР-ның «Кен орнын алғаш ашушы» өңір белгісімен және дипломдармен марапатталды. Олар: Жұмалиев Жолдас, Балғымбаев Мақаш, Есқазиев Орынғазы, Сарғұнанов Рамазан, Дәулетов Қожыбай және бұрғышы шебер Әспенов Бүркіт болатын. Бұл жылдардың жинақталған тәжірибесі білім мен біліктілікке бастады. Атышулы Теңіз кенішінің зерттелуі мен ашылуы тарихына бастан-аяқ қатысушылардың бірі болып тарихта қалды. Орынғазы ағаның жыр қылып әңгімелейтін белестерінің бір кезеңі де осы Теңіз тарихымен сабақтас. Есімі елге танымал мұнайшы, дала академигі Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов туралы тебірене толғап, осындай ғұлама адаммен жұмыстас болып, тәлім алғанын бақытына санайды, үнемі жас мұнайшыларға үлгі етіп айтып отырады. Әсіресе, Теңіз кенішінің зерттелуі мен бұрғылануы жолында сіңірген Жолдасқали Ахметұлының өлшеусіз еңбегі жайында 2004 жылы Алматы қаласындағы  «Информ-А» баспасынан шығарылған «Өмір баспалдақтары» кітабында кең толғап жазды.

Геолог Орынғазы Есқазиевтің Қазақ мұнайына қосқан еңбегін ол ашылуына қатысқан кеніштер мен одан игерілген мұнай қорының өсуімен де айтуға болады. «Ембімұнай» бірлестігіндегі жиырма жыл ішінде, яғни жетпісінші жылдардың ортасынан, тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін дәйекті түрде ұйымдастырылып, жүргізілген іздестіру-барлау, бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде, алып Теңіз кенішінен басқа, ірілі-уақты 20-дан астам мұнай кеніші және 10-нан астам пайдалануда тұрған кеніштің төменгі тереңінде орналасқан горизонттары ашылып, мұнай қоры 60 млн. тоннаға жетті.  Осы табыстардың көрінісіндей өңірінде «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері» белгісі жарқырайды.

ЖАСТАРДЫҢ АҚЫЛШЫ АҒАСЫ

Бүгінде 80 жасқа жеткен Орынғазы аға Астана қаласында тұрады. Астаналық атанғанына да он шақты жылдың жүзі болып қалыпты. Ұлы Құрманғазы әке жолын қуған геолог-инженер. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-нда бас геолог қызметінде біраз жылдардан бері абыройлы еңбегімен танылып, жемісті еңбек етіп келеді. Ғылыммен де айналысуға уақыт таба білген Құрманғазы Орынғазыұлының әкесі сияқты қазақ мұнайына сүбелі үлес қосары анық. Келіні Ләззат Махмутқызының да мамандығы мұнайшы. Біраз жылдар өз мамандығымен жұмыс атқарды. Бірақ, қазіргі кезде  үй шаруасын басқару қажеттігі туындады, балалар тәрбиесімен шетелдерге жиі баруына тура келуде. Өйткені, Орынғазы ағаның немерелері Әйгерім мен Әнуар бірі Швейцарияда, бірі Лондонда білім алуда.

Өмір жалғасып жатыр. Орынғазы ағаның зайыбы ұлағатты ұстаз атанған Ақзира апайдың өмірден ертерек кеткені ғана көңілдерін мұңайтады. Өте білімді, оқушыларына талап қоя білетін, тағылымы мол мұғалім, асыл жар, мейірбанды ана, ардақты әже еді. Ақзира апай туралы өткен жылы шыққан жинақ кітапта біраз адамдар естеліктерімен бөлісіп, бейнесін көзайым ескерткіш, есте қалдырды.

Ақсақалдың анда-санда Атырауға аяқ басқанда бас қосатын жора-жолдастары да жапан даладағы бәйтеректей сояу-сояу боп, жылдан жылға азайып барады. Солардың қай-қайсысы да Атыраудың ардақты тұлғалары, жастардың өнеге алар кейіпкері. Б.Сағынғалиев, Ж.Досмұхамбетов, М.Балғымбаев, А.Хисметов, М.Рахметов, Қ.Жақсылықов, С.Нұржанов, С.Жәкиев, Х.Қуантыров, Қ.Балжанов, Б.Еламанов, В.Авров, А.Назаров қайсыбірін айтып боласың, «мұнай армиясының генералдары» жүздеп саналады. Осы жандардың жапан даланы жаңғыртқан еңбек тарихын Орынғазы аға жастарға айтып отырады. Табиғатты қорғауды насихаттайды, отансүйгіштікке баулиды. Бір адамға берілетін ғұмыр жолында абыройлы да бедерлі, зиялы да зейнетті жарқын өмірді бастан кешіп, жақсылармен, жайсаңдармен тағдырлас болыпты. Олардың біразы туралы өзі жазған кітаптарында термелеп, естеліктерін өзгелердің жинақтарында да жариялап та жүр. Жас толқынға, жас мұнайшыларға жеткізер өнегелі тағылымын «ісімен де, сөзімен де өзін көрсете білген ардагер геолог-мұнайшы Орынғазы Есқазиевқа туған күніңізбен, зейнет қызығына бөленіп, шөбере-шөпшек қолынан су ішіңіз, жазарыңыз бен айтарыңыз айналаға жете берсін» деген атыраулық әріптестер тілегін жеткіземіз. Сеңгірлі таудай 80 жасыңыз құтты болсын!

Светлана Муньянова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button