Газеттің дәурені өтпейді
Ес білгелі облыстық «Атырау» газетінің тұрақты оқырманымын. Бұрынғы атауы «Коммунистік еңбек» деп аталды. Әлі күнге дейін газеттің әр номерін асыға күтетін әдетім бар. Әсіресе басылымды қолға ұстап алып оқығанға не жетсін?! Оның жыл сайын жаңарып, заман көшінен қалмай ілгерілеп келе жатқаны қуантады.
Облыс айнасы – «Атыраудан» ауыл-аудандардың тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарынан хабардар болып отырамын. Газет бетінде оқырманға ой салатын әдеби-мәдени тақырыптардағы мазмұнды мақалалар жиі жарық көреді. Тілшілердің тың тақырыпта қалам тербеген жазбаларын тұшынып оқимын.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп А.Байтұрсынов айтқандай, болашағын ойлайтын әр тұрғын газетке жазылудан қалыс қалмауы керек. Өйткені ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өспесін десек, әр адамның саналы түрде басылымға жазылғаны жөн.
Жуырда облыстық «Атырау» газетінің редакциясына жолым түсті. Тілшілерге ұсыныс-пікірлерімді жеткізіп, батагөй ақсақал ретінде шығармашылық ұжымға аталық ақ батамды бердім. «Мазмұны мен көркі келіскен басылымның басқалардан бәсі биік болсын!» деген тілегімді арнадым.
Малдыбай НЫҒМЕТОВ,
Құрсай ауылы,
Атырау қаласы