Жарнама
Қоғам

«ГАЗЕТ ОҚЫМАЙ ОТЫРА АЛМАЙМЫН…»

Бұрынғы Новобогат ауданының Забурын селосында дүниеге келген ол Супьян Қалқанов пен Әсила Жаңбырбаеваның сегіз ұл-қызының бірі болды. Анасы бала тәрбиесімен үйде отырса, әкесі теңізден балық аулайтын балықшы еді. Бұл отбасының балалары Забурын селосындағы орта мектепте оқыды. Кейіннен олар әкелерінің жұмыс бабымен облыс орталығына таяу жердегі Амангелді өндірістік кооперативіне көшеді. Аз уақыт ішінде Қалқановтар бұл жаңа мекенге сіңісіп, сол жердің байырғы тұрғынына айналды. Көпшіл, сыйластыққа жандары жақын шаңырақ өз айналасына жанашыр дос жинады, олармен ағайын-туыстай араласып кетті.

…Зұлпыхар ағасы қарындасы Бағзайды темір жонушы токарь дайындайтын училищеге түсіреді. Дипломын алысымен ол сол кездегі Петровский атындағы машина жасау зауытына мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолы басталады. Осылайша Бағзай екі жылдай қаладағы үлкен зауытта темір жонушы токарь болып жұмыс жасайды.   

Бір күні ол қаладағы Уәлиханов көшесі бойымен келе жатып, бір қабатты көне үйге көзі түседі. Маңдайшасында «Облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясы» деп жазылып тұр екен. «Нартәуекел!» деген оймен  ішке енеді.  Сұрастырып жүріп, газеттің бас редакторы Түсіп Бисекеновтің кабинетін тауып алады. Ол қызды қабылдайды да: «Өрімдей жас екен, корректорлық жұмысқа қабылдайық. Бірақ, алдын ала білімін тексеріңдер», — деп тапсырады өзінің орынбасарына. Содан хат бөлімінің меңгерушісі Қадиша Сұлтангереева Бағзайды жанына отырғызып, оған диктант жаздырады. Бағзай бұл сынақтан мүдірмей өтіп, облыстық газеттің қызметкері болып шыға келеді.

Корректура — газет редакциясындағы жауапты буын. Сондықтан да, қызметкерден үлкен жауапкершілік талап етіледі. Ол кезде де газет шығару оңай болған жоқ. Әсіресе, партия съездерінің материалдары таңға дейін күтіледі, олар көз ілместен оқылады, түзетіледі. Қ. Сәтпаев көшесі бойындағы №9 облыстық баспаханада Айтуған Мұқашев, Ығал Хайруллин, Тәкен Қозыкешов, Құбайдолла Жексенов, Сабыржан Тастанбеков, корректурада Кенже Ахметова, Бақыт Жәрдемова мен Гүлсім Жолдыбаева бәрі бірге жұмыс істеді. Бұл жұмыста оларға апалары – білікті аға корректорлар Ақажан Тілеуімбетова, Кәрима Услановалар көп нәрсені үйретті. Газет жұмысының қаншалықты жауапты екенін сезінген Бәкең: «Оқуым керек!» — деп шешеді. Содан ол жұмыс жасай жүріп, сол кездегі КазГУ-ге сырттай оқуға түседі. Жылдар жылжып, қолына журналист дипломын алады. Енді жас маман журналистика саласына бет бұрып, тілшілік қызметке ден қояды. Сөйтіп, партия, өндіріс, хат бөлімдерінің тілшісі болып жұмыс жасайды. Қызмет барысында аудандарға іссапармен шығып, репортаждар, суреттемелер жазады.

Бұдан кейінгі жылдары газетке Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров бас редактор болады. Ал, тоқсаныншы жылдары газеттің атауы өзгеріп, «Атырау» атанады. Осы кезде редакцияға марқұм Күзембай Әміров, Жұмабай Төлегенов – бәріміз қатар келдік. Сол кезде бізден бұрынғы қызметкерлер «Сен секілді жаңадан келгендерді аға корректор Бағзай апаң сыннан өткізеді. Байқа, ол кісінің талабы күшті. Бірден ұнамай қалсаң, өзіңе қиын болады!» дегені. Мен түкке түсінбедім. Бірақ, шыны керек, біртүрлі ішімнен қорқып жүрдім. Бір күні кабинетке жауапты хатшының орынбасары Жаңбырбай Сұлтанғалиев келіп, менің кезекті газет нөміріне кезекші екенімді айтты. Мен: «Біткен жерім осы шығар. Бағзай апа не дейді екен?» деп, бұрынғыдан бетер үрейлендім. Сонымен кезекшілік басталды. Жаныма жақын келген апам: «А-а, сен бе жаңадан келген? Беттерді рет-ретімен дұрыстап оқы. Қатеге сақ бол!» — деп ескертті. Мен «жақсы, жақсы» деп құрақ ұштым. Кезекшілік бойы апамнан артық ауыз сөз естімедім. Беттің бәрі оқылып, қол қойылып болғаннан кейін Бағзай апа: «Молодец, кезекші деген осындай болуы керек. Беттерді үлкен жауапкершілікпен оқыдың!» деп, маған деген өзінің ризашылығын білдіріп қойды. Ападан мұндай мақтау естіген менің өз-өзіме кәдімгідей көңілім толды. Тіпті, жылдар өте келе апам екеуміз сыйлас  та, сырлас дос болып кеттік. 

Әр жылдары газетке бірінен соң бірі бас редактор болған Қилыбай Қуанышбаев, Нұрлан Қабылов, Исатай Балмағамбетов тәжірибелі маман Бағзай Супьянқызының өз қызметіне адал, әрі талапшылдығын әлдеқашан бай-қаған-ды. «Басшының аты – қашан да басшы. Оны тыңдау, жұмыс барысында айтқанын екі етпеу – кейінгілердің міндеті. Ал, мен Исатай Құндызбайұлын қызметкер жанын түсініп, қиналғанда қолұшын бере алатын азаматтығы үшін қатты сыйлаймын, оған сондай риза боламын», — дейді Бағзай апа. Сонымен қатар, ол редакцияда ұзақ жылдар бойы үзеңгілес келе жатқан інісі, бас редактордың бірінші орынбасары Ермек Биғалиевті, кезінде бір бөлімде жұмыс жасаған інісі, бүгінгі «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбайды, журналист Ғайнолла Зинуллинді ерекше құрметтейді. Өзінің артынан ілесіп келе жатқан корректор сіңлілері — Аида Орынбасарова, Айнагүл Ерболова, Алтын Шомажанова, Эльмира Әбілқайырова, Гүлзада Есенбайлар болса, «өз ісіне жауапкершілігі жоғары, жұмысына тиянақты Бағзай Супьяновадан алар үлгіміз көп» дейді. 

Иә, өмір бір орында тұрмайды деген. Кезінде бір ата-анадан өрбіген сегіз ұл-қыздың бүгінде тең жартысы о дүниелік болып кетіпті. Бұл шаңыраққа, әсіресе, бар болғаны 21 жасында сәтсіз жасалған отадан өмір бойы зардап шеккен Зұлпыхар ағаларының жан қиналысы қатты батқан. Марқұм отыз жылдан астам уақыт ауырып, ақыры өмірден өтті. Одан кейін көлік апатынан қаза болған Қалиден інісінің қазасы да ауыр тиді. «Қалиден әке-шешеміздің қара шаңырағын ұстап отырған бала еді. Амал не, өмірі қысқа болды. Енді соның артында қалған балаларын өсіріп-өндіру, үлкен азамат қатарына қосу біздің міндетіміз деп білемін. Гүлмайра Қалиденқызы өрісіміз болды. Қолым қалт етсе, ауылға — атасы мен әжесінің, әкесінің өмір жолын жалғар Қуанышбекке асығып тұрамын…» — дейді бауыр десе, ішкен асын жерге қоятын жанашыр апа.

Жастайынан бойына адалдықтың ақ туын серік еткен Бағзай Супьянқызы облыс айнасы — «Атырау» газеті редакциясында табан аудармастан елу жыл бойы еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол бір рет те болса басқа жұмысқа ауысуды ойламады. Науқастанып, жұмысқа келмей қалған күні болмады. Өйткені, ол өз өмірін газетсіз елестете алмайды. Әне, ол тағы да газеттің кезекті нөмірін шығаруға асығып келеді…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button