Жарнама
Қоғам

ЕУРОПАДА БАСТАЛҒАН ЖОРЫҚ ЖОЛЫ

Раушан Есенғожин еңбек жолын 1933 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданындағы арнаулы байланыс мекемесінде бастады. Содан араға төрт жыл салып Тайпақ ет-сүт өндіретін кеңшардың есепшісі қызметіне ауысады. Еңбекқор да тындырымды жігіттің келешегінен үлкен үміт күткен басшылығы оны келесі жылы-ақ Харьков қаласындағы курсқа жібереді. Оны бітіріп келген жас маман кеңшардың бас есепшісі лауазымына тағайындалады.

Бұл кезде батысты соғыс өрті шарпып жатқан-ды. Гитлерлік Германия Еуропаның бірнеше елін басып алып, біздің шекараға тым жақындап қалған. Келер сәтте КСРО-ға ауыз салуы мүмкін еді. Сол қатер болды да. Ұлы Отан соғысы басталды. Раушан Есенғожин өзінің іскерлік қабілетін толығымен танытып та үлгермеді, әскерге шақырылды. Беларус майданы, Сталинград түбіндегі ұрыс, Румыния, Венгрия, Польша мемлекеттерін азат ету – міне, майдангердің Еуропада жүріп өткен жолы осы.

Фашистік Германия тізе бүккенімен, шығыста милитаристік Жапония қатері жойылмаған-ды. Енді батыста соғыс тәжірибесін жинақтаған сақа жауынгерлер шығысқа аттанды. Раушан Есенғожин да жапондармен ұрысқа қатысып, елге 1945 жылдың күзінде оралады.

Бейбіт өмірде өзінің есеп саласындағы қызметін жалғастырады. Тайпақ ет-сүт және Бақсай қаракөл қой кеңшарларының бас есепшісі қызметін атқарады. Ал, 1951 жылы Мұқыр темір жол бекеті Қызылқоға ауданы аумағының орталығы болып бекітілгенде осындағы кеңшардың есеп жұмысы оған сеніп тапсырылады.

Раушан Есенғожин, сайып келгенде, «Гурьев» қаракөл қой кеңшарының негізін қалаушылардың бірінен саналады. Осында Құлымжан Аманиязов, Смағұл Оразбаев, Қожық Қазиев, Нұрмұхамбет Абдуллин, Шайдолла Кәрімов тәрізді азаматтармен бірге еңбек етті.

Өз ісінің білгірлігімен қатар Рекеңнің тағы бір қасиеті – қоғамдық өмірге белсене араласуы. Жергіліктіден бастап, орталық мерзімді баспасөзді қалдырмай оқитын. Әлем жаңалықтарына құлағын түріп жүретін. Ал, мемлекет мүлкін көзінің қарашығындай сақтау – ол үшін парыз. Ішкі мүмкіндіктерді пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру бағытында құнды ұсыныстарын айтатын.

Сонау 1965 жылы одақтық және республикалық халықтық бақылау комитеті құрылды. Бұл сол кездегі аса беделді құрылым болатын. Оның тексерушілері кәсіпорындардағы кемшіліктерді анықтап, кінәлілерді қатаң жазаға тартатын. Міне, Раушан Есенғожин қоғамдық негізде осы ұйымды да басқарды. Мұндай қызметке кез келген жан ұсынылмайды. Ол үшін жүрегің де, қолың да таза болуы шарт. Принциптілік қажет. Міне, осындай қасиеттер Рекеңнің бойынан табыла білді. Төңірегіне өзі секілді адал адамдарды топтастырды. Осы саладағы ерен еңбегі үшін Раушан Есенғожин алтын сағатпен марапатталған-ды. Жұмыс бабында қатаң талап қойғанымен, өзінің бай тәжірибесімен де бөлісе білетін. Бүгінде зейнет жасындағы

Мәжит Шапатов,  өзін «Рекеңнің шәкіртімін» дейді. Ендеше, артында із қал-ғаны емес пе?

Раушан Есенғожиннің майдан даласындағы ерлігі «Будапешті алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және өзге марапаттармен аталып өтті. Ал, бейбіт өмірде де бірнеше медальді өңіріне қадады.

Ол Жидеш Бегалықызымен он бала тәрбиеледі. Бүгінде солардан тараған немере-жиендер майдангер ғұмырын жалғастыруда. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, жұрты да жайсаң жанды ұмытпайды.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Әлі есімде, сонау 1963 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Гурьев облысының Қызылқоға ауданына келдім. Аудан басшылығы мені «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін кеңшарға жіберді. Директор Қошық Қазиев деген кісі екен. Сол кезде алпысты алқымдап қалған, көп жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында және аудандық атқару комитетінде басшы болған, тәжірибесі мол азамат екен. Кеңшардағы шаруаны заман талабына сай қайта ұйымдастыруды қолға алыпты. Осы қызу іске мен де араласып кеттім.

Ал, Раушан Есенғожин осындағы есеп саласына басшылық істейді екен. Кеңшардың шаруасы аз ба еді. Әр айда, әр тоқсанда мал басы, оны төлдету мен азығын дайындау, қыстақтарға тасымалдау, т.б. толып жатқан ақпаратты жинақтап, жоғарыға жіберу керек. Міне, осы шаруаның бәрін Рекең өзіне тән мұқияттылықпен жүзеге асыратын. Өте сауатты еді.

Өзі соғысқа қатысыпты. Бірақ, ол жөнінде қысқа қайырып айтады. Әлдекімдер тәрізді «мен бәлен фашисті өлтірдім» деп кеуде қаққанын көргенім жоқ. Керісінше, ерлік көрсеткен жолдастарын сөз етеді. Соны кейінгі жастарға үлгі етіп айтады. Мерекелер қарсаңында кездесулерге барғанда патриоттық тұрғыда әңгіме өрбітеді. Еш нәрсені боямасыз, сол күйінде жеткізетін.

Сол кезде 55-57 жас шамасында болар. Бойы ортадан жоғары, тік жүретін, жарасымды киінетін. Әдемі мұрты бар, қарасұр адам еді. Әуесқой аңшы болатын. Талай көрдік, көздегенін мүлт жібермейтін. Сағыз бойынан балық та аулайтын. Ешқашан ерінбеуші еді. Міне, майданның да, еңбектің де ері Раушан Есенғожин осындай жан ретінде есте қалды.

Аманғали ҚАЛМАҒАМБЕТОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері,

Атырау қаласы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button