ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСІМДЕР
Тыл еңбеккері, геологиялық мұнай-газ барлау саласының ардагері Бақытжан Құсниев те Гурьев-Астрахан темір жол табанын төсеу жұмыстарына қатысқан жандар туралы айтады. «Бала күнімде «жол» науқанына «Қызыл Қазақстан» колхозынан 20-дан астам еңбекте озат колхоз мүшелері, 16-17 жастағы ұл-қыздар, 45 жасқа дейінгі әйелдер жіберілгенін естігенім бар. Бәкиза Мүтиева құдық қазу, пішен шабу, оны қыстақтарға тасу, қысқы отын жинақтау мен сұлы, құмаршық жинап, колхоз қоймасына тапсыру, майданға ет, сары май, құрт, жылы киімдер жіберу секілді қызметтердің жоспардан артық орындалуын ұйымдастырушы бригадир болып, соғыс жылдарындағы қиын кезеңдерде еңбек еткен. Ал, Нұржамал Мүтиева сиыр фермасының сауыншысы, өлеңді нақышына келтіріп орындаушы еді. Шаруашылықтағы тапсырылған қандай да жұмысты күн-түн демей, ынта-жігерімен, қабақ шытпай орындай беретін. Сол сияқты, Аққаймақ Сапашева да озат сауыншы, әріптестеріне сыйлы болатын» делінген оқырман хатында.
Одан әрі Б.Құсниев анасы Нағима Мүтиеваның соғыс жылдары қолынан ұршық пен бес инесі түспей, майдангерлерге жылы киімдер тоқып, жіберіп отырғанын, сонымен қатар, өзіне бекітілген 20-ға тарта сауын сиырларын сауып та колхоз жұмысына араласқанын айтады.
Махамбет ауданы Алмалы селосының тұрғыны, зейнеткер Самиғолла ЗИНУЛЛАЕВ хатында зұлматты жылдардағы Қадырғали Нұғымановтың ерлігі туралы баяндайды. «Соғыс басталмастан бұрын Қадырғали Есенияз-ұлы 1940 жылы әскерге алынды. Кейін майдан шебіне аттанады. Осы кеткенінен жау қолына түсіп, одан қашып шығады. Ұзақ жолғы қиындықтардан соң жылжып отырып, Кеңес әскеріне қосылғанын айтып отыратын. Соғыстан кейін де Қ.Есениязұлы көптеген мекемелерде қызметтер атқарған» деп жаз-ған автор Қадырғали Нұғымановтың ағасы Хайдардың да соғысқа аттанып, оралмағанын айтып өткен.
Келесі мақалада екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін ерлік көрсетіп, елге аман-есен оралған, өмірінің ақырына дейін еңбек еткен майдангер-ұстаз Насыр Нұрмашев туралы сөз қозғалады. Насыр Нұрмашев 1942 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылады. 1946 жылдың қаңтарына дейін Кеңес жерін немістерден азат ету ұрыстарына қатысады. Хатта майдангердің қызы Х.Нәубетов мектебінің жоғары санатты мұғалімі Шәрбану НҰРМАШЕВА «…1942 жылдың қаңтары. Ол кезде небәрі 19 жастамын, әскерге алынып, Чкалов қаласының маңында екі ай дайындықтан өттім. Кейін Ленинград қаласы үшін жан алып, жан беріскен ұрысқа кірдік. Үш ай соғыстың нәтижесінде немістің №16 армиясы тас-талқан болып жеңілді. Бұл 1942 жылдың көктемі еді. Осы ұрыста «Жауынгерлік ерлігі үшін», «За отвагу» медальдарымен наградталды» деп әкесінің естеліктерін жазады.
Әрине, Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оның омырауы – толған медаль. «Қызыл жұлдыз» ордені, «Варшава қаласын азат еткені үшін» медалі, «Германияны жеңгені үшін» медалі, Жоғарғы Бас Қолбасшы Сталиннің Алғыс хаты – Ұлы Жеңістің бізге үлкен қиындықпен келгенінің айғағы. Міне, сол Жеңіске биыл 70 жыл толып отыр. Соғыстан оралған соң, өмірінің ақырына дейін Жанбай ауылындағы Куйбышев мектебінде география пәнінің мұғалімі болып жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етті», — делінген мақалада.
Ел басына күн туған шақта ерліктің ерен үлгісін көрсете білген жандар қашан да құрметке лайық. Атырау облысынан Кеңес Одағының Батыры атанған 19 майдангердің бірі – Георгий Канцев еді. «Бұрынғы Бақсай ауданы Жаманқала селосының біз тұрған көшесінде осы Георгий Канцевтің де үйі болды, батыр бабамызды бала күнімізде көре қалдық. Бүгінде сол көше Г.Канцев есімімен аталады. Ол кісі үлкен-кішіні жинап алып, көңілді әңгімелер айтып отыратын. Көршілерінің бәрі қазақ болғандықтан қазақша сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүрлерін құрметтей білген жан еді. Жеңіс мерекесі күні алтын жұлдызы жарқырай, мерекелік шараларға қатысатын», — деп еске алады келесі хат иесі махамбеттік Серік ОРЫНБАСАРОВ. Сол секілді, автор Латвия жерін азат етуде қиян-кескі ұрыста небәрі 30 жасында қаза тапқан Омар Юсуповтың ерлігі туралы да баяндайды.
Құлес Иманқұлов – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Алғашқы ұрысқа Ржев қаласының батыс бетінен түсіп, жаудың үш күн бойына жойқын қарсыластық танытқанына қарамай, он шақты шақырымдай алға жылжып, неміс фашистерінен 10-15 елді мекенді азат етеді. Осы қанды шайқаста дәшіндік досы Құмарғали Бисенғалиев жараланады. Қ.Иманқұлов оның жарасын таңып, қауіпсіз жерге жеткізіп, өзі шабуылын жалғастырады. Кейін басқа полктің құрамымен Великие Луки қаласының маңындағы шайқасқа қатысып, кескілескен ұрыста Кеңес әскерлері тағы бірнеше елді мекенді азат етеді. Бұл туралы халық ағарту ісінің озық қызметкері Ізтұрған ДОШЫМБЕТОВТІҢ хатында жазылады. «Осылайша ерліктің үлгісін көрсеткен батыр ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Ұлы Отан соғысының ардагері,ардақты ұстаз Ғибрат Досболаев туралы қызы Құрманғазы ауданы, Котяев селосының тұрғыны Римма СЕЙІТОВА тебірене жазады. «Әкем 1931 жылы мектепті бітіріп, Астрахан қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, 1935 жылы аяқтады. Осы жылы мектепте ұстаздық жолын бастап, директордың оқу ісінің орынбасары қызметіне дейін көтерілді.1940 жылы әскер қатарына алынып,Украинада әскери қызметін өтеген.1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда майдан даласында қатардағы артиллерист ретінде ұрыстарға қатысты. 258-гвардиялық артиллерия гарнизонының, 58-ші атқыштар дивизиясының құрамында Солтүстік Буковина, Бессарабия жерлерін азат етуге қатысты.Оңтүстік Батыс бағытындағы әскери іс-қимылдарда ерлікпен шайқасты. 12-ші Армияның 58-ші атқыштар дивизиясының құрамында Ұлы Жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Осы шайқастардың бірінде ауыр жараланған. Соғыстан кейін туған ауылына аман-есен оралып, жалғыз анасы мен өзінен кейінгі бауырларына қамқор болды» делінген хатында.
Келесі хатта Ұлы Отан соғысының ардагері Өтеген Мырзалиевтің ерлігі туралы баяндалады. Автор, зейнеткер Лиза ҚАРАҒАЕВА майдангер Ө.Мырзалиевтің 1942 жылы соғысқа аттанып, қолынан жарақаттанып, елге оралғанын айтады. Кейін заң саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған екен. «Осы Атырау қаласында, болмаса Балықшы кентінде ержүрек майдангер, заң саласы ардагерінің есімі бір көшеге берілсе, кейінгі ұрпаққа ісі өнегелі іс болар еді» деп жазады оқырман.
РS. Иә, бұл соғыстың тарихы – халық ерлігінің шежіресі. Ол ешқашан өшпейді. Тарихқа қажеті де, міне, осы. Оған керегі – өткен күннің күлі емес, оның оты. Оларды ұмытпай, ұлықтау – біздің бейбіт кездегі парызымыз.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.