
Ескерткіш тұрғызудың өз тәртібі бар
Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайдағы сөзінен.
Ел ерлерін ескеретін тәуелсіздік заманы туғалы қазақ елінің жер-жерінде, ел-елінде небір ескерткіштер тұрғызылды. Елімізде Бейбарыс сұлтан, Керей мен Жәнібек, Жошы, Абылай хандардан бастап, өзге де хандар мен би-сұлтандарға, батырларға тұрғызылған ескерткіштерді көргеніңізде, көңіліңіздің өсіп сала берері бар. Бұған қоса Алаш қайраткерлері және қазақ әдебиеті мен өнерінің тұлғаларына, жиырмасыншы ғасырдың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы батырларының бәріне бірдей болмаса да, кейбіреулерінің де ескерткіштері әр аймақта бой көтерді. Бәрекелді дейміз!
Ұлттық сана сезімнің өсуімен қатар, ел тарихына, тарихи жерлерге, белгілі тұлғаларға деген қызығушылық та арта түсуде. Көбінесе ескерткіштерді орнатуды бастамашы ететін белгілі тұлғалардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері және басқа да белсенділер болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларының бірінде трайбализмнің (рушылдық, қоғамдық жікке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезім) алдын алу үшін: «…Соңғы уақытта тек бір өңірде белгілі адамдарға ескерткіштер қою үрдісі байқалады. Жергілікті комиссиялар бұған жол бермеуі керек. Республикалық комиссия заңсыз шешімдердің алдын алуға тиіс. Егер барлығы тек ата-бабаларына ескерткіштер қойса, елде трайбализм мен жершілдік орнайды. Бұл мәселеге мұқият назар аудару қажет» деген болатын. Сондықтан ескерткіштерді орнату кезінде заңды бұзбау, әлеуметтік салдардың пайда болуына жол бермеу керек екенін түсіну өте маңызды.
Ескерткіш – елдіктің белгісі. Олай болса, талғамсыз және бір стильде соғылған ескерткіштерді көбейте бергенше, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі биік абыройы мен елдігіне сай және де әлемдік деңгейдегі монументалды өнер туындысы боларлықтай дүниелер жасаған абзал.
Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің еліміздегі монументтік өнер құрылыстарын орнату процестерін жүйелеу және реттеуге қатысты тапсырмасына сәйкес, монументтік өнер құрылыстарын орнату бойынша бірқатар ұстанымдар қабылданды.
Сондықтан кез-келген монументтік өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын заңнама шеңберінде қалай орнатылатыны жөнінде жұртшылыққа баяндауды жөн көріп отырмын.
Монументтік өнер құрылыстарын орнату (ескерткіштер, стеллалар, бюсттер) – Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 11-бабының 9) тармақшасына сәйкес және Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығымен (2024 жылғы 6 желтоқсандағы №578 НҚ бұйрықтарымен өзгеріс енгізілген) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргізеді.
Монументтік өнер құрылыстарын орнатуды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырады.
Монументтік өнер құрылыстарын орнату «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады.
Құрылыс қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға айтарлықтай ерен үлес қосқан жағдайларды қоспағанда, аса көрнекті тұлғалар қайтыс болған және (немесе) маңызды тарихи оқиғалар орын алған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң орнатылады. Құрылыс мемлекеттік меншіктегі жалпы ортақ пайдаланылатын орындарда орнатылады. Бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бір құрылыс қана орнатылады.
Жергілікті атқарушы органдар монументтік өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлы негізде жүргізеді. Жоспарды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) алдағы күнтізбелік жылға жоспарланып отырған жылдың алдындағы ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қалыптастырады. Жергілікті атқарушы органдар құрылыс туралы ұсыныстарды уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ұсынады. Жоспарға жергілікті атқарушы органдардың ұсынысында қаржылық растау, жер учаскесін бөлу туралы шешім мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы болуға тиіс.
Жоспарға енгізілген құрылысқа жоғары шығармашылық орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық шығармашылық конкурс жариялайды.
Жоспарланған республикалық шығармашылық конкурс туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жобаларын қабылдаудың басталу және аяқталу күнін міндетті түрде көрсете отырып орналастырылады.
Үздік жұмыс жобаларына арналған республикалық шығармашылық конкурсты жергілікті атқарушы органдар оның шарттарын егжей-тегжейлі сипаттай отырып кемінде бір ай мерзімге жариялайды.
Республикалық шығармашылық конкурс аяқталғаннан кейін конкурсқа келіп түскен құрылыстың жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдар жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиялардың қарауына енгізіледі.
Республикалық шығармашылық конкурсқа келіп түскен жұмыс жобаларынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия кемінде үш жұмысты үздік деп таниды.
Жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия іріктеп алған құрылыстың үздік жұмыс жобалары уәкілетті органға, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жіберіледі.
Құрылыстың жұмыс жобасы сапалы шығармашылық орындау, портреттік ұқсастықты ашу және тарихи оқиғаны бейнелеу тұрғысынан қаралады. Ұсынылған ахуалдық сызба және құрылыстың бас жоспарының макетін ескере отырып, құрылыстың дұрыс орналасуы айқындалады.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды ескермей, яғни заң талаптарын бұзып монументтік өнер құрылыстарын жүргізсе ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 145-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу болып табылады.
Атап айтқанда, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Сонымен бірге, салынып жатқан монументтік өнер құрылыстарына демонтаж жұмыстары жүргізіледі.
Толыбай ДОСТЫБАЕВ,
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА