Хыйуаздың ұшағы қайда тұр?

c8183363 ffe2 4ba4 8a40 70b47114ff08 Қоғам

Тарихта қазақ қыздарының жыр қылып айтар ерлік істері бар. Ел басына күн туған шақта ерлермен қатар тұрып, қанқұйлы жаудан сескенбеген талай арулар толарсақтан қан кешіп, кескілескен ұрыстарда ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың қатарында екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан тұңғыш әрі жалғыз әйел ұшқыш, халық қаһарманы Хыйуаз Доспанованың есімін ерекше айтуға болады.

Былтыр халық қаһарманының 100 жылдық мерейтойына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне батырдың ПО-2 ұшағының моделі қойылды. Қолөнер туындысының авторы, Махамбет ауданының тұрғыны Ерсайын Қыдыров бала күнгі арманының ақиқатқа айналғанына қуанып, келешекте жастардың қаһарман қыздың ерлігін ұлықтап, есімін ұмытпағанын қалайды. Біз де модель авторынан батырға деген мұншалықты іңкәрлігінің себебін сұраған едік.

Ерсайын Ғинаятұлы, сіз үлкен жұмыс тындырдыңыз, бұған не түрткі болды?

– Рас, ұшқыш боламын деген арманым бала күннен басталды. Өйткені, бес-алты жасқа келгенше үйдің қасына аудандық обаға қарсы күрес станциясына берілген МИ-1 тікұшағы күн сайын базадан ертемен ұшып кетіп, кешке қайта келіп қонатын. Оның ұшыпқонғанын көру үшін қызықтап қасына баратынбыз. Мектеп бітірер кезде де кім болғымыз келетінін сұрап анкета толтырғанда да «ұшқыш боламын» деп жазғаным есімде. Алайда, Ақтөбе қаласындағы В.И.Пацаев атындағы азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесінің қабылдау емтиханы мен шарттарын орындауға тәуекел ете алмай, айнып қалдым.

Бұл оқу орны ауыл баласына алынбас қамал сияқты көрінді. Оның үстіне атаанам да құптаған жоқ. Сөйтіп, 1980 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркем сурет-графика факультетіне оқуға түстім. Мектеп қабырғасында жүргенде сурет, сызу пәнінің мұғалімі Александр Ионов ағайымызға еліктейтінбіз. Сурет салуға қызығушылық та содан болса керек. Институтта оқып жүргенде балалық арманым қайта жанғандай болып , осы қаланың армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесетін ерікті қоғамы (ДОСААФ) жанындағы Батыс Қазақстан аэроклубына курсант болып қабылдандым. Медициналық тексерудің барлық шарттары мен ұшуға дейінгі теориялық емтихандардан сүрінбей өтіп, парашютпен секіру сынақтарын орындадым. Сынақ барысында Чехославакияда жасалған «Бланик L-13» планер-ұшағымен алғаш рет әуеге көтерілдім. Бұл менің арманымның алғашқы баспалдағы болатын. Инструкторым Александр Валентинович Киреев болды. Ол кісі қазір Ресейдің Орынбор облысындағы Первомайский ауылында тұрады. Кейін әртүрлі жаттығулар мен ұшыпқонудың қыр-сырын үйренген соң АН-2 ұшағынан екінші рет парашютпен секіріп, инструкторсыз жеке ұша алатын дәрежеге жеттім. Авиация тілімен айтқанда, қалықтау (парение), сырғанау (скольжение), құлдилау (штопор) жаттығуларын меңгердім. Осылайша, жастық жалынмен институт қабырғасында жүріп, жүрегіме жақын екі мамандықты қатар игердім.

– Сіз оқыған аэроклубта «қанатты қыз» Хыйуаз Доспанова да оқыған екен. Сол кезде сіз бұл туралы білдіңіз бе?

– Әлбетте. Мен мұны мақтанышпен айтып жүремін. Хыйуаз апамыз Орал қаласындағы мектепте оқып жүргенде, ұшқыштар дайындайтын курстың ашылған кезі екен. Бастапқыда оған барлығы үнсіз қалыпты. Сонда батыр апамыз орнынан тұрып, курсқа бірінші болып жазылады. Содан кейін басқалар да жазыла бастапты. Батыр апамыз 1940 жылы мектепті үздік бағамен тәмамдап қана қоймай, «Запастағы ұшқыш» куәлігін де қоса алып шығады. Сонымен қатар, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Қостанай облысының тумасы Леонид Игнатьевич Беда Оралдағы мұғалімдер институтында оқып жүріп, аэро клубты 1940 жылы аяқтайды. Осылайша, ұрпаққа үлгі болған ұшқыштар оқыған аэроклубта оқу біз үшін де зор абырой еді.

– Институттан соңғы өмір жолыңызда суретшілікке бірден бет бұрдыңыз ба?

– Институтты 1985 жылы тәмамдаған соң өзім оқыған мектепке мұғалім болып орналастым. Артынша әскер қатарына шақырылдым. Ауыл мұғалімдеріне әскерді кейінге қалдыруға жеңілдіктер болса да, Отан алдындағы борышымды өтеу азаматтық парызым деп санадым. Осылайша, 23 жасымда Кеңес Армиясы қатарына алындым. Арман алға жетелейтіні рас екен, Украина жерінде орналасқан 106-ауыр бомбалаушы алыс қашықтыққа ұшатын авиация дивизиясында штабтың құпия сызбаларын орындаушы және жүргізуші қызметін қоса атқардым. Әскер қатарында жүріп әскери-әуе күштерінің армия генералы Пётр Степанович Дейнекинмен кездесуім есте қалды. Кейін ол кісі Әуе Күштерінің Бас қолбасшысы болып құрметті еңбек демалысына шықты. Әскер қатарынан келген соң, 20 жылдың үстінде мұғалім болып жұмыс істеп, оқушыларға бейнелеу өнері мен сызу пәндерінен дәріс бердім. Сонымен қатар, аудандық ДОСААФ және Пионер үйі жанынан «Авиамоделист» үйірмесін ұйымдастырып, оқушылар тарттым.

– Халық қаһарманы басқарған ПО-2 ұшағының көшірме моделін жасап шығару идеясы қалай пайда болды?

– Былтыр Хыйуаз апамыздың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасын тауып, баспасөз бетінде мақалалар жарияланып, мектептер мен қоғамдық бірлестіктер атап өтіп жатты. Мен де апамыздың ерлігін насихаттауды мақсат тұтып, Отан соғысында жауға қарсы 300 рет көкке көтеріліп, жаудың шебін талқандаған ПО-2 ұшағының кіші көшірме моделін жасап, сыйлағым келді.

Хыйуаз Қайырқызы басқарған ұшақтың тарихы да әріде жатыр. 1927 жылдың аяғына таман У-2 ұшағына жастарды ұшқыш болуға үйрету үшін пайдалана бастаған. 1928 жылы 7 қаңтарда Михаил Громов сынақтан өткізу мақсатында әуеге көтерді. Сынақтан сәтті өткен ұшақ кеңес дәуіріндегі аэроклубтарға, ауыл шаруашылығы саласына, санитарлық авиацияға, пошта қызметі үшін көптеп шығарыла бастады. 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап жау аймағын барлау, жеңіл бомбалар тастау мақсатында түнде ұшуға тура келді. Бұл үшін У-2 (ВС) болып кері жарақталды. Соғыс кезінде бұл ұшақпен жау аймағына 24 мың рет ұшып, 3 миллиондай бомба тасталды. 1944 жылы авиаконструктор Н.Н.Поликарповтың қайтыс болуына байланысты ПО-2 ұшағы болып аталды. Ұшақтың көшірме моделіне ALNADO компаниясының сызбаларын пайдаландым. Жәдігер ретінде қойылатын болғандықтан, қанат қозғалтқыштары үшін сервожетектер (сервопривод) мен сымарқандарын (трос) қоспадым. Нервюр мен лонжерон бөлшектері, ұшақтың корпусы (фюзеляж) мен қанаттары пенопластан жасалды. Қанатының мықтылығы үшін ағаш білте тақтайша (рейка) пайдаландым. Қанатаралық пилондары ХДМ материалдарынан ойылып, жіптермен керілді.

Модельдің жалпы көлемі – 1000 мм х700 мм. Соғыс кезіндегі әскери ұшақтардың түсі қою жасыл болғандықтан, мұражайға арналған жәдігерге ашық жасыл түсқағаз таңдалды. Бұл түс көрген адамның көзін тартады деп ойлаймын. Модель көрерменге көрнекті болу үшін еденнен 60-70 см биіктікте қойылғаны дұрыс. Осылайша, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған батырды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету арқылы олардың бойында отансүйгіштік қасиеттің артатынына сенемін.

– Ерсайын Ғинаятұлы, келешек ұрпаққа ұлағат болар өнегелі ісіңіз көп болсын. Салиқалы сұхбатыңызға бек рақмет!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз