Жарнама
Қоғам

ЕРЛІК ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

 

Жаңа кітапқа сүйенсек, бес құрлықты қамтып, әлемнің 60 мемлекеті қатысқан екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ ұлты ең көп офицер шыққан этностардың ондығына енеді екен. «Ұлтымыздың ішінен осынша қолбасшының шығуы – зор абырой» деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Жеңіс мерекесінің Қазақстан үшін де, бұрынғы посткеңестік елдер үшін де маңызы зор дата екендігіне тоқталды.

Тарихи датаның жоғары деңгейде атап өтілуіне үлес қосқан азаматтар легін облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов марапаттады. Республикалық ардагерлер ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісі жеңіс тақырыбын насихаттауға өзіндік үлес қосып жүрген ардагер журналист Любовь Монастырскаяға, іздеу тобының жетекшісі Вячеслав Афанасьевке және қаралы ескерткіш тақтаның құрылысына үлес қосқан Серік Жұмашбаевқа табысталды. Ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасы Социалистік Еңбек Ері Кісенбай Асабаевқа, ТШО компаниясының бас директоры Тим Миллерге, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкіроваға, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлы Хабиеваға тапсырылды.

Сондай-ақ, бірнеше азаматқа республикалық ардагерлер ұйымының «Алғыс хаты», Кеңес Одағының батырлары Талғат Бигелдинов пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 90 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальдар берілді. Тағы бір айта кетерлігі, сол бір отты жылдары Курск түбінде шайқасқа түскен Ұлы Отан соғысының ардагері жылыойлық Қапес Ибраевқа «Курск медалі» табысталды.

Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың айтуынша, Атырау қаласындағы  ардагерлерге өткен жылдың тамызынан бермен қарайғы уақытта демеушілер арқылы ай сайын 70 мың теңге беріліп отырған. «Мемлекеттен бөлінген демеу ақы, өзге де мерекелік сый төлемдерін қосқанда, әр ардагерге биыл миллионға жуық қаржы бөлінді. Біз ардагерлерден қамқорлығымызды аямаймыз» деп атап өтті ол.

Ерліктің өшпес даңқы ретінде бүгінгі күнге жеткен Жеңістің жетпіс жылдық мерекесіне орай түрлі шаралар жыл аяғына дейін жалғаса беретін болады.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button