Жарнама
Қоғам

ЕРЛІГІ – ЕЛ ЖАДЫНДА

Ол Қызылқоға өңірінде дүниеге келген. Осында ер жетіп, еңбек жолын Жылыой ауданындағы Қосшағыл елді мекеніндегі Кебіркөл мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1941 жылдың желтоқсан айында 19 жасында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, бірнеше ай бойы әскери дайындықтан өтеді. Бұдан соң, Ақтөбе қаласында жасақталған 101 дербес атқыштар бригадасы құрамында арнайы эшелонмен Мәскеу маңындағы Норильск қаласына келіп, әскери жаттығуларды жалғастырады. Сол жерде әскери ант қабылдап, 1942 жылдың қараша айында Калинин майданының 33-армия құрамында Ржев бағытындағы Великие Луки түбіндегі қанды шайқастарға қатысады. Ұзақ уақыт құпия сақталып, бүгінгі күні жария болған бұл откешулер Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші шайқас ретінде тарихта қалды. Осы қанды қырғында сан мыңдаған кеңес әскерлері жау оғынан мерт болды. Сол жылдары «Правда» газетінің әскери тілшісі болып қызмет еткен Константин Симоновтың бұл өңірді «өлім аңғары» деуі де тектен-тек емес-ті. Осындай шабуылдардың бел ортасында гвардия аға сержанты Демеу Таубайұлының бөлімшесі де бар еді.

Жан алысып, жан беріскен ұрыстарға қатысқан Демеудің ерен ерлігі туралы жазылған Мәскеу қаласының орталық әскери мұрағатынан алынған марапаттау құжатының көшірмесі майдангердің үйінде сақтаулы тұр. Осы құжатта Демеу Таубайұлы 1942 жылдың қараша айында Великие Луки түбіндегі ұрыста өзінің бөлімшесімен неміс дзотын, бірнеше пулемет, зеңбірек, өзге де қару-жарақтарды қолға түсірсе, отыздан астам  неміс солдаттарын жер жастандырып, оннан астамын тұтқынға алғаны жазылыпты.

Демеу әсіресе, жау басып алған Калинин облысының Кувашинова елді мекенін алу жолында болған қанды қырғында небір сұмдықтарды бастан кешеді. Өмір мен өлім арпалысқа түскен сол отты күндерде қаншама қарулас  жолдастарының жау оғынан мерт болғанын көзі көрді.

Кезекті шабуылдың бірінде Демеу ауыр жарақат алады. Өздеріне қарсылық көрсетіп, зор шығынға ұшыратқан кеңес әскерлерін олар қалай да аяусыз жаншып, таптап өтуге ұмтылған ызалы жау әскерлері тағы да өршелене шабуылға шықты. Қара жерді солқылдата тажалдай  қаптаған ауыр танкілерімен қоса әуе соққысын да үдетті. Екі жақ та өліспей беріспеуге  бекініп, жанталасты.

Құлақ тұндырар атыс, жандаусы шыға айқайлап, қан сорғалап жығылып жатқан жауынгерлер… Демеу де бұл кезде автоматымен қарсы келген неміс солдаттарын атып, жер жастандырды. Бой тасалайтын ешбір қалтарысы жоқ нағыз ашық майдан жүріп жатты. Бір кезде бұлар жаққа жаудың оқты бұршақша боратқан қалың легі лап қойды. Бір мезетте ту сыртынан осып өткен неміс автоматының оғы оның екі аяғының балтырын жұлмалап өтті. Қайырылып бұл да автоматтан оқ жаудыруға әзер шамасы жетті. Сәлден соң есінен айырылып, құлап түсті.

Қанша жатқаны белгісіз, ымырт түсе көзін ашса, майдан даласындағы айқыш-ұйқыш шашылған өліктердің ортасында жатыр екен. Автоматын кеудесіне қысқан күйі құлапты, көтерілейін десе, екі аяғы қорғасын құйып қойғандай зілдей, көтертпейді. Жан шыдатпай қақсап барады. Екі етіктің іші шылқыған қанға толып, үсті басы да айғыздалған. Кеудесін зорға көтеріп, окоптың ернеуіне қолын тіреп,жан-жағына қарап еді, күбірлескен жат дауыстарды құлағы шалды. Он-он бес метрдей әріректе сұлап жатқан солдат денелерін тепкілеп көріп, өлген-өлмегенін тексеріп екі неміс солдаты жүр. Ыңыранған бір жауынгерді байқап қалды да, екеуі тап беріп тепкілей  бастады. Әлгінің үні өшсе де, тепкілеуін қояр емес. Демеу олардың бұған да осыны істерін білді де, автомат ұңғысын оларға  дәл бағыттап шүріппесін басып-басып қалды. Екеуі де баудай түсті. Демеу әлі құрып тағы да есінен айырылды.

…Дала госпиталінде жатқан ол екінші күні дегенде есін жияды. Сөйтсе, жау әскерлерін қайта тықсырған кеңес жауынгерлері оның тірі екенін  байқап, зембілге салып, осында  жеткізіпті. Жарақатының ауыр болуына байланысты әскери госпитальға  жеткізіліп, сол жерде оның оң аяғы тізесіне дейін кесіліп ота жасалады. Госпитальда ұзақ жатып, емделуіне тура келді. 1943 жылдың сәуір айында екінші топтағы мүгедек болып, елге оралды. Майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», басқа да оннан астам медальдармен марапатталып, Бас қолбасшының Алғыс хаттарын иеленеді.

 Елге келген соң халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында өз үлесін қосты. Ғұмырының жарты ғасырын мұнай кәсіпшілігі саласында яғни, Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде, Қазмұнайбарлау экспедициясында, Қаратон, Мартыши кеніштерінде, Мақат мұнай-газ өндіру басқармасында сондай-ақ, Құлсары бекетінің темір жол қызметінде есепші, бас есепшілік  қызметтерде болды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, әлденеше рет партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитеті қызметін де қоса атқарды. Бейбіт өмірдегі еңбегі де атаусыз қалмады. Одақ, республикалық  деңгейде алған құрмет, марапаттары да жетерлік.

Демеу аға Жайнаш апаймен отау көтеріп,түтін түтетті. Бірақ, өмір сындарынан сүрінбеген ағамызға тағдыр ауыртпалығын алға тосты. Асыл жары, аяулы ана ұрпақтарына жарық дүние сыйлап, олардың қызықтарын көрместен өмірден озды. Демеу аға жар аманатын орындап, ұрпақтарын қатарға қосып, жоғары білім алғызып, қалаған мамандықтарында жұмыс жасауларына ықпал етті. Осы ұл-қыздарынан өрбіген немере, жиен, шөберелер қуаныштарын көрді.

Түйіндеп келгенде, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Демеу ағаның көзі тірісінде мақтауға да, мақтануға да лайық азамат болып өмірден өткенін айтуымыз керек. Амал нешік, оған Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көруді жазбады. Әйтсе де, ол кісінің бейнесі, өмір-өнегесі, замандастарының жадында сақталып қалды.

Осындай елін жаудан қорғау жолында кеудесін оққа тосқан майдангер ағаның болғанын бүгінгі ұрпаққа айтуды парызымыз деп санадық. Тірілердің міндеті – артына өнегелі із қалдырған ардақтыларының рухына тағзым етіп, еске алу. Осы тұрғыда Құлсары қаласының бір көшесі соғыс, еңбек ардагері  Демеу Таубайұлының есімін еншілесе деген тілек бар.       

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button