ЕРІН ҰЛЫҒЫЛАУ – ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

Менің ойымша, Елбасын ұлығылаудың атап айтарлық екі маңызы бар. Біріншіден, Мемлекет басшысы – екінің бірі емес, ерекше тұлға. Миллиондаған қазақстандықтың шексіз сеніміне ие болып, Ұлт Көшбасшысы атану – дара туған жандардың ғана үлесі. Ендеше, ерін ұлығылау – елдіктің белгісі. Екіншіден, осы ұлығылау сәтінде Мемлекет басшысы тұтас еліне, өзіне сенім артқан халқына ант берді. Ата Заңымызда Қазақстан азаматтарының құқықтары белгіленген. Соны қамтамасыз ететін адам – Елбасының өзі. Елімізді мекендеген барша ұлт пен ұлыс өкілдері соған сенеді.

 

Мемлекет басшысы ел дамуының бес тұғырлы бағытын белгіледі. Соның бәрі экономикамыздың өрлеуіне, халқымыздың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Бүгінде Атырауда энергетикалық қуаттардың сенімді қоры жасақталған. Жылу және электр энергияларынан еш тапшылық жоқ. Соңғы жылдары жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалардың нәтижесінде кәсіпорында жаңарту жұмыстары жасалып, оның мүмкіндігі арта түсті. Энергетиктер өндіріс ошағына Елбасының өзі келіп, тың қуаттарды қатарға қосқан кезді әлі ұмытқан жоқ. Сонда Мемлекет басшысы атыраулық энергетиктерге сенетіндігін айтқан. Біз қазір сол сенім үдесінен шығу жолында еңбек етудеміз.

Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның президенті,облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз