Жарнама
Қоғам

ЕРЛЕРДІҢ ЕРЕН ІСІ БАР

Қазақ еліне де үлкен зобалаң әкелген бұл зұлмат талай отбасын шарпыды. Біреудің жалғызы, бір отбасының арыстай азаматы майданға аттанды. Жаудың жаңбырша жауған оғына қарсы тұрған қасиетті мекенімізді қасірет отынан қорғап, қан кешкен майдангерлер мен тылда тер төккен ерлердің ерен істері бүгінгі ұрпақ үшін отансүйгіштіктің, батылдық пен қаһармандықтың үлгісіне айналды.
Солардың бірі – Қайырғали Қазыбайұлы. 18 жасында майданға сұранған ол ағасы Қабдығалимен қатар аттанды. Әскердегі қызметін алдымен Орынборда бастаған Қайырғали Қазыбайұлы соғыс ауыртпалығына төзе білудің үлгісін көрсетті. Бұдан соң Уфа қаласындағы алты айлық жаттығу курсынан өтіп, соғысқа дайын зеңбірекші болып аттанды.
Сөйтіп, Ржевск қаласында басталған майдан жолында кеудесін оққа тосып, жаумен шайқасқан талай жеңісті күндерді басынан өткерді. ІІІ Беларусь майданы сапында Минск қаласын азат етуге атсалысып, кейін танкистер даярлайтын әскери училищеге оқуға жіберілгенде, жеңістің қуанышты хабары келіп жетті.
Соғыс аяқталған қуанышты жылдың қара күзінде еліне аман-есен оралған Қайырғали бейбіт өмірдегі еңбекке белсене араласты. Бақсай, Балықшы аудандары мен Атырау қаласының әрқилы өндірістерінде еңбек етіп, әскери тәртіпке үйренген кешегі жауынгер қай жұмыста да жоғары жауапкершіліктің, асқан еңбекқорлықтың өнегесін көрсетті. Қай кезеңде де азаматтық ары мен кісілік келбетіне дақ түсірген жоқ, замандастарының алды болды.
Медбике қызметіндегі Мамыш Жолмағамбетовамен отау құрып, қатарластарына үлгі болды. Бір ұл, жеті қыз өсіріп, немере-шөберелер шаңырақ шаттығын арттырды.
Қанша қиындық кездессе де қайсарлық танытып, шыңдала түскен ардагер ағамыз бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп, 90 жасқа толып отыр.
Соғыстың сан сұрапылынан өтіп, өмірдің небір қиындығы мен қызығының куәсі болған ардагер ақсақал – тәуелсіз елдің бүгінгідей дамуына сүбелі үлес қосқан азамат ретінде де көпке үлгі. Жасы мен денсаулығына қарамастан, қатардан қалмай, өскелең ұрпақты береке-бірлікке үндеп, тату-тәтті тіршілікке тәрбиелеу ісіне атсалысып жүрген ардагерге үлкен ризашылық білдіреміз. Отбасы мен ұрпақ амандығын тілей отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойына бірге жетейік деген тілегімізді арнаймыз.

Әліпқали БЕКЕШЕВ,
Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button