Жарнама
Қоғам

Еркінбек ШОХАЕВ, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы: Ізгілік отбасынан басталады

 

— Алдымен атыраулықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Сауалыңызға келер болсақ, мейлі ол діни, мейлі ол ұлттық тұрғыдағы болсын, мереке – адамдарды қуануға және топтасуға жетелейтін құндылықтардың бірі. Және де адам қоғамшыл болуы тиіс. Олай болмаса, толыққанды өмір қамтамасыз етілмейді. Себебі, қоғам мүшелері бірін-бірі толықтырады, бірін-бірі қамтамасыз етеді. Тек қана өзім деген қасиет қоғам өмірінің үйлесімділігін жояды. Міне, осы тұста мерекелердің рөлі маңызды.

Ислам діні үшін де мерекелердің өзіндік мәні бар. Мәселен, «ораза айтында» барлардың жоқтарға беретін «пітір» садақасы міндетті етілді. «Құрбан айтында» малды құрбандыққа шалып, жыл бойына еттің дәмін тата алмай жүретіндерге үлестіруді жүктеді. Осылайша, қоғамдағы екі топтың арасында өзара жанашырлық пен мейірімділікті қалыптастыратын жүйе пайда болды. Мұндай құбылыс екі тарапты бірін-бірі қолдауға, сүйемелдеуге, өзара сенімге тәрбиелейді.

— Қазіргі таңда біздің облыста ғана емес, әлемдегі діни ахуалдың да күрделеніп тұрғаны белгілі. Бұл дін атын жамылған тараптардың геосаяси мақсаттағы әрекеттерін ұтымды пайдаланып отырғанын көрсетеді. Осындай күрделі жағдайда қарапайым халық не істеуі қажет?

— Діни ұғымдар мен құндылықтарды бұрмалай отырып, тұтас қоғамды ыдыратуға жұмыстанып жатқан тараптар туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде XII сәләфилік-уахабилік жобаның соңғы екі-үш ғасырдан бері өте тиімді жүзеге асып жатқаны белгілі.

Біздің тұрғындардың ең үлкен проблемасы – діни сауатсыздықта. Кейде адамдар діннің қарапайым бастапқы мәселелерінен де бейхабар болып жатады. Сөйтіп, ата-ана балаларына діннің дұрыс тәлімін үйретудің орнына, одан барынша алшақтатуға әрекет етеді. Осылайша, жауапкершілігі төмен ата-ана проблеманың одан әрі ушығуына тікелей әсер етуші факторға айналып шыға келеді. Сөйтеді дағы, діннің дұрыс қайнар көздерінен тәлім алмаған ұл-қыздары түрлі ағымдардың жетегіне кеткенде ғана, «баламды қайтарып бер», «түзетіп бер» деп бізге жылап келеді. Сондықтан, қарапайым халық сенімді ақпарат көздері арқылы діни сауатын көтеруге жұмыстануы қажет деп санаймын.

— Кейде біздің қоғамда діни құндылықтар мен мемлекеттік мүдденің қарама-қайшылығы көрініп қалатын сияқты. Қалай ойлайсыз, діни ұғымдар, діндарлық және діни құндылықтар мемлекет мүддесімен қалай үйлесім табуы тиіс?

— Біз XII -ғасырдан бері исламды қабылдаған халықпыз. Сонау қарахандықтардың тұсында ислам мемлекеттің ресми діні ретінде де белгіленді. Бұл қарахандықтар діннің құндылықтары мен әлеуетін мемлекет пен қоғамды күшейтуде ұтымды пайдалана білді деген сөз. Кейбір жекелеген жағдайлар болмаса, қазақтың тарихында діндарлар мен мемлекеттің өзара қайшылыққа түскен тұстары болған емес. Себебі, мемлекет және мемлекеттілік ислам дінінде қасиетті ұғымдар болып саналады.

Мұхаммед алайхи сәләм Меккеден Медина қаласына көшіп келгеннен кейін, ең алдымен, мемлекет құрумен айналысты. Ислам құқығында мұсылмандардың өздеріне басшы сайлап алуы, үмметке бір басшының болуы парыз екендігі айтылады. Басшыға бағыну шариғаттың міндетті үкімдерінен болып саналады. Демек, біз қоғамда өзіміздің дәстүрлі діни құндылықтарымызды насихаттай отырып, діндарларды дұрыс бағыттай білуіміз қажет. Осылайша ғана әрбір діндар азаматты мемлекет пен Отанның патриотына айналдыра аламыз.

— Экстремизм мен радикализм проблемасы барлық мінберлерден айтылып жатыр. Кейде «осыны айта-айта өзіміз өршітіп, жарнамалап жатқан жоқпыз ба?» деген де ой келеді. Сіз не дейсіз?

— Дұрыс айтасыз, орыстар «антиреклама тоже реклама» дейді емес пе? Шындығында бір нәрсені дұрыс емес деп күнделікті айта берсең, сол нәрсеге адамның қызығушылығы арта түсетіні белгілі. Сондықтан, бұл істе насихат ықпалды, пәрменді болуы керек.

АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін, жалпы америкалықтардың Құран сатып алуы күрт өскенін БАҚ құралдары кезінде жаппай хабарлады. Себебі, аталған оқиға бойынша айып пен кінә қос тырнақшаның ішінде «исламшыларға» тағылды. Мен қос тырнақшаның ішінде деп әдейі айтып отырмын. Осылайша, Батыс әлемі белгілі бір деңгейде ислам мәдениетін өздеріне жолатпау әрекетін жасауда. Батыстық БАҚ өкілдері «исламшылар» деумен, халық ішінде исламофобияны қалыптастырып жатыр. Бірақ, бұл олар ойлағандай жеміс беріп жатқан жоқ. Керісінше халық исламға көбірек қызығушылық танытып, жыл сайын Еуропаның әрбір елінде жарты миллионға жуық жергілікті халық исламды қабылдауда.

Бұл тұста «теріс ағымдардың терістігін айтпау қажет» деуден аулақпын. Себебі, балаға жаманның жамандығын айтпауға тағы болмайды. Бірақ, біз теріс ағымдардың адасушылығын айтумен қатар, дұрыс бағыттағы ақпаратты халыққа жеткізуіміз керек. Бұған көбірек мән беруіміз қажет деп ойлаймын. Өйткені, қоғамның діни мұқтаждығын дұрыс жолмен шешу арқылы ғана оның теріс ағымдарға қатысты қызығушылығын тоқтата аламыз.

— Теріс ағымда жүрген қара-көздеріміз қаншалықты райынан қайтып жатыр?

— Біздің теологтарымыз бен психологтарымыз діни тұрғыдан адасқан адаммен жұмыс жасағанда, оның жан дүниесін өзгертуге талпынады. Бұл өте күрделі міндет. Көп жағдайда ол бағыттағы қаракөздермен жекелей түсіндіру жұмысын жүргізуге тура келеді.

Солай бола тұра, басқарманың қарамағындағы «Ақпараттық талдау орталығы» мен «Шапағат» қоғамдық қорының мамандары  осы бағытта күнделікті жұмыс жүргізуде. Биыл жыл басынан бері теолог, психолог мамандарға жүгінген 800-ге жуық азаматқа жеке кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Теологтардың осылайша жүргізіп отырған үздіксіз жұмыстарының нәтижесінде айналып үйірін тауып жатқан қаракөздеріміз де бар.

Бізге жүгінетіндердің көпшілігі адасқан бауырларымызды теологтарға жетелеп алып келетін олардың жанашыр туыстары. Себебі, адасқандардың негізгі проблемасы мұхиттың ар жағындағы өздері көрмеген көсемдерінен басқаның сөзіне құлақ аспауы болып табылады. Сол көсемдері «бізден басқаны тыңдама» деп құлақтарына құйып, оларды мәңгүрттендіріп жіберген. Бұл өз кезегінде олардың теріс райынан қайтып, көзқарастарын түзетуге үлкен кедергі келтіреді.

Сондықтан, алдымен ата-аналарымыз діни тұрғыда сауатын ашып, рухани әлемге қызығушылық танытқан балаларын бірден дұрыс бағытқа итермелей білуі керек. Сонда ғана біз радикалдық проблемамен күресте нақты нәтижелерге қол жеткіземіз.

Әңгімелескен

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

 Өткен жылы облыста 70 мың дана ақпараттық материал таратылған болса, биыл бұл көрсеткіш 110 мың данаға жетеді деп күтілуде.

 Діннен адасқанның ақырын бейнелеген бес сериялы «Өмірзая» көркем фильмі республика жұртшылығы үшін айтарлық жаңалық болды. Бүгінде қысқаметражды үш көркем фильмнің түсірілімі жүруде.

 Өткен жылдың қазан айынан бері мешіт жамағатына, тұрғындарға арналған «Руханият әлемі» газеті 1500 дана таралыммен шығарылуда.

  Халыққа дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және теріс діни ағымдардың идеясынан сақтандыру бағытында 6 сайт қызмет етуде.

 Алдағы қазан айында Атырау қаласында шет елдердің ғұламалары мен сарапшыларының қатысуымен халықаралық деңгейде конференция өткізу жоспарлануда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button