«ЕР АТАҒЫН ЕЛ САҚТАР»
Тағылымды іске мұрындық болған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлері баяндағандай, мақсат — өз өлкесінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, саналы ғұмырын мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметіне арнаған жанның бойындағы тұлғалық қасиеті мен ұлтжанды азаматтығын үлгі етіп, патриоттық сананы қалыптастыру.
Алдымен, мұражай басшысы Серік Мұхамбетов шараның маңызына тоқталды.
Облыстың Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев пен ҚР ҰҚК ардагері, подполковник Мүтәлі Тәйтенов салтанатты шараның лентасын қиды.
Өңірден шыққан алғаш генерал-майор Б.Саппайұлының құрметіне арналған көрмеде мерейгердің еңбегінің жемісі, әр жылдарда алған төсбелгілері мен Алғыс хаттары, қызметтік киімдері мен көзілдірігі, қаламы мен қолсағаты, сонымен қатар фотосуреттер ойып тұрып орын алды.
Атырау қаласында 1923 жылдың 24 тамызында дүниеге келген Б.Саппаев Гурьев педагогикалық институтының бірінші курсын тәмамдаған соң 1941 жылдың тамыз айында Кеңес Армиясына шақырылады. Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда жараланып, емделгеннен кейін Ресей, Беларуссия, Балтық бойы жерлеріндегі шайқастарда жауға қарсы тұрады. Осындай ерлігі ескерілген ол, «Қызыл Жұлдыз», Екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері мен көптеген төсбелгілермен марапатталды.
1944 жылы Алматыдағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өлкеаралық мектебін аяқтап, 43 жыл бойы қауіпсіздік саласында қызмет етеді. Кейін, 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен заңгер мамандығын игереді. Адамға тән биік парасаты мен тау тұлғасы, азаматтық болмысы мен білім –білігі оны биікке жетеледі. Қатардағы жедел қызметкерден облыстық басқарма бастығына дейін, лейтенант шенінен генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілді. Осылайша, мемлекеттік қауіпсіздік саласында түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері», Атырау облысы мен қаласының Құрметті азаматы атақтарымен мадақталған еді.
Мәні мен сәні үйлесім тапқан шара барысында ел сыйлаған қадірлі азамат, биік парасат иесі Б.Саппайұлы туралы оның көзін көрген сыйлас жандар, қызметтес болған әріптестері мен ұрпақтары тебірене әңгімелеп, ұлтжанды азаматты қалай мақтаса да, мақтанса да артық болмайтынын жарыса айтты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.