Енді әр отбасының электронды картасы бола ма?
Бүгін Атырауға келген еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары маңызды мәліметтермен бөлісті.
Баспасөз брифингі барысында Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов Президенттің жуырдағы Жолдауын іске асыру бойынша енгізіліп жатқан жаңалықтарға тоқталды.
«Алда тұрған маңызды міндеттер – әр отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту мен көші-қонның жаңа саясатын іске асыру, балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту, зейнетақы жүйесін дамыту, арнаулы әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту. Алдымен, карта туралы айтсақ, бұл – мемлекет қамқорлығына мұқтаж жандарға арналған электрондық хабарламалар жүйесі. Яғни, смс-хабарлама арқылы олардың мұқтаждығы расталған кезде шоттарына тиісті төлем аударылады деген сөз. Әзірге пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Ал, 2025 жылы бұл жүйеге қоғамның барлық саласы қосылады» дейді ол.
Амандық АБДОЛ