Қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейді

777 Қоғам

Соңғы кездері өңірімізде қоғамдық көлік қызметі жүйелі жолға қойылып, жолаушы тасымалы айтарлықтай жақсарды. Автопарктер заманАуи үлгідегі жаңа автобустармен толығып, маршруттарда электронды билеттендіру, яғни кондукторсыз қызмет көрсету жүйесі енгізілді.

Барлық қоғамдық көлікте дерлік бейнебақылау, GPS қондырғылары, салқындатқыштар орнатылған. Автобус парктері жыл санап жаңа да жайлы көліктермен толығып жатыр. Мұның өзі қоғамдық көлік қызметінің әлеуеті мен  сапасын арттыруға, тұтастай алғанда жолаушы тасымалының деңгейін көтеруге септесуде. Қазіргі таңда Атырау қаласында жолаушы тасымалымен бес кәсіпорын айналысады. Олардың теңгеріміндегі 249 автобус 31 бағытта жолаушы тасымалын жүзеге асырады.

­­­­– Солардың бірі «Аkzhayik-Avtopark» ЖШС 2019 жылдың наурыз айында құрылды. Содан бергі уақытта кәсіпорын паркі жаңа көліктермен толығып келеді. Кәсіпорын қалаішілік және қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын 15 маршрутты қамтиды. «Шаһардағы жолаушы тасымалының тең жартысына жуығын біздің кәсіпорын жүзеге асырады. Облыс орталығынан бөлек, автобустар «Атырау–Ақжайық–Атырау», «Атырау–Жалғансай–Атырау» және «Атырау–Сағыз–Атырау» бағыттары бойынша қатынайды. Бүгінгі таңда барлығы 230-ға жуық жүргізуші ауысымдық әдіспен еңбек етеді, – дейді салаға бірден бір жауапты құрылым – «СмартАтырау» КММ директоры Арслан Аронов.

Оның айтуынша, «Atyrau-Avtopark»-тің теңгеріміндегі автобустар бүгінде сегіз маршрутта қатынайды. Көліктердің басым бөлігін «Daewoo» автобустары құрайды. Осында еңбек ететін 200-ден астам адамның тең жартысы көлік жүргізушілері. Олар үнемі өздеріне жүктелген жолаушы тасымалының жоспарын асыра орындауға дағдыланған.

Шағын болса да, шыдамды

Жұмысын заман талабына сай ұйымдастырып, мінсіз қызметімен көптің көңілінен шығып келе жатқан тасымалдаушы компаниялардың қатарында «Авто Мобиль М» ЖШС-н атауға болады. Бұл кәсіпорын  «Дина» базары мен қала маңындағы Құрсай, Тасқала ауылдары аралығына қатынайтын №5 және №51 автобус маршруттарының қозғалысын қамтамасыз етеді.

–Біздегі көліктер басқаларына қарағанда сыйымдылығы аз «Газель Некст» шағын автобустары, жалпы саны 30 бірлікті құрайды. Есесіне бұл автобустар жолға, жүріске шыдамды, төзімділігі жағынан  да сондай. Бір сөзбен айтқанда, «күй таңдамайды». Біз өткен жылы өз қаражатымызға екі су жаңа автобус сатып алдық. Қалтамыз көтерсе, жылына біреуден болса да көліктерімізді жаңалап отыру ойымызда бар. Алпысқа тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Атыраудан Мақат пен Құрманғазы аудандарына қатынайтын тұрақты маршруттарымызды да ашып қойдық, – дейді серіктестік басшысы Мақсот Сүйінов.

Бұлардан басқа «Algа-bus» ЖШС мен «Баймұханов» жеке кәсіпкерлігі де біраздан бері осы қызметті атқаруда. Бұлар да жұмыстарына жоғары жауапкершілікпен қарап, мүмкіндігінше көліктерін жаңартып, көптің көңілінен шығып отыр. Барлық тасымалдаушылардың иелігіндегі қоғамдық көліктерді қоса алғанда бүгінде қалалық автопарктің қорындағы автобустардың саны 260 бірлікті құрайды. Биылдың өзінде «Alga-bys» ЖШС 10 бірлік «Yutong» автобусын сатып алды. «Авто-Мобиль М» ЖШС-де өзінің автопаркін екі жаңа көлікпен толықтыруды ойластырыпты.

Бес саусақ бірдей емес

­– Қай кезде де қоғамдық көлік қызметінің деңгейін анықтайтын ең басты көрсеткіштердің бірі – автобустардың қозғалыс кестесінде белгіленген интервалдың сақталуы. Бұл мәселе де біртіндеп реттелуде. Әрине, «бес саусақ бірдей емес» демекші, белгіленген уақыт аралығын сақтамайтын, кестеден кешігіңкіреп жүретін, оның үстіне жолаушыларға дауыс көтеріп, дөрекілік танытатын жүргізушілер де кездеседі. Ара-тұра жолсеріктер тарапынан сондай келеңсіздіктердің аңғарылып қалатыны шындық. Бұл туралы әлеуметтік желілерде де жарияланып, наразылықтар білдіріліп жатады. Ондай фактілер бойынша кінәлілерді анықтап, шарасын аламыз.

Бұған жауапты орталық диспетчерлік қызмет мамандарының да жұмыстарына ұқыпты қарауын талап етеміз. Үлкен проблеманың бірі ретінде жүргізушілердің жетіспейтіндігін айтар едім. Жылдан жылға жалақының көтерілгеніне, алаңсыз еңбек етуге қолайлы жағдайдың жасалғанына қарамастан жергілікті жігіттердің бұл жұмысқа келгісі, ашығын айтқанда құлқы жоқ. Келгендерінің өздері де біздің талабымыз бен тәртібімізге көне бермейді. Жасыратыны жоқ, биыл орташа жалақы мөлшері 250-ден 320 мың теңгеге өсті. Сонда да мамандар мәселесі шешімін таппай тұр, – деп сабақтады сөзін «СмартАтырау» КММ басшысы Арслан Аронұлы.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз