Еңбекті бағалау – ардың ісі
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамының абырой-беделін көтереді» деді.
Бұл шешім өте маңызды және орынды. Түрлі саладағы мамандар мен қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсету қажет-ақ. Бұл кәсіби мәдениеттің жоғарылауына ықпал етеді. Бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру үшін адал еңбекке мән беру қажет. Бұл мемлекеттің экономикалық дамуы мен жұмыс сапасының арасындағы байланыстарды арттырады. Инженерлерге, геологтарға, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне және басқа да мамандарға құрметті атақтарды мемлекеттік марапаттар санатына қосу туралы шешім қабылдануы олардың жұмысын жоғары бағалайды және мәртебесін арттырады.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі «Мұнай химиясы» инженерлік бағытындағы зертханасы ғалымдарының жетістіктері жетіп артылады. Атап айтсақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде отыз шақты өнертабыс патенттерін алған, ҚР ғылымын дамытуға еңбек сіңірген, Энергетика министрлігінің еңбек сіңірген ардагері, мұнай-газ, химия саласына еңбек сіңірген т.б. құрметті атақтардың иегерлері бар. Бұлар бұған дейін мемлекеттік марапаттар санатына жатпағандықтан еңбектері мемлекеттік деңгейде бағаланбай келді. Мемлекет басшысының Жолдаудағв бұл шешімін толық қолдаймыз.
Мемлекеттік деңгейде еңбекке баға беру мамандардың абырой-беделін арттырады және оларға шабыт береді.
Есенғали ҒИЛАЖЕВ,
техника ғылымдарының докторы,
Қазақстанның құрметті профессоры, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі