Жарнама
Қоғам

Елжанды егіз жігіттер

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы – ел тыныштығы мен ішкі қауіпсіздіктің сенімді қорғаны. Осы қасиетті сапта тұрып, ерлік пен тәртіптің үлгісін көрсеткен азаматтардың бірі – ағайынды Айбар мен Хайдар Есенғалиевтер. 1982 жылы дүниеге келген егіздер мектепті бітірген соң бірден жоғары оқу орнына түсе алған жоқ. Ол кезде оқуға түсудің талабы да қаталдау болатын. Амал жоқ, Отан алдындағы борышын өтеуге шешім қабылдаған ағайындылар он сегіз жасында Ұлттық ұлан сапына арнайы іріктеу арқылы қабылданыпты.

Бір ауданнан іріктеп алған 20 жігіт әуелі Алматы облысының Қарасай ауданындағы Үшқоңыр жайлауында алғашқы әскери даярлықтан өткен. Көк майсалы таулы өңірдің саф ауасын жұтып, темірдей тәртіпке бой үйреткен жас сарбаздар нағыз жауынгерлік өмірге аяқ басады. Үш айға созылған қатаң әскери дайындықтан кейін жалынды жастарды сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласына аттандырады.

Тәртіп пен талаптың мектебі

Жігіттің ерік-жігерін шыңдап, темірдей тәртіпке үйретіп, алға талаптандыратын өмір мектебі – Ұлттық ұлан сапында бір мезетке де босаңсуға, бейқам жүруге жол жоқ. Әр минут есепте, әрбір әрекет тәртіппен өлшенеді. Таңғы сағат алтыда дабылмен ояну күнделікті дағдыға айналған. Әуелі төсек-орынды әскери үлгіде жинап, дене шынықтыру жаттығуын жасау, саппен жүгіру, тазалық, таңғы ас – бәрі-бәрі әскери жарғыда белгіленген уақытқа сай қатаң тәртіппен жүзеге асады. Күн тәртібі – жүйелі.

– Сағат сегізден бастап әскери дайындыққа кірісуші едік. Қолма-қол ұрыс тәсілдері, марштық жаттығулар, саптық жүріс, автомат бөлшектеу мен қайта жинау, қару тазалау, нысанаға дәлдеп оқ ату тәрізді іс-әрекеттің әрқайсысы жас жауынгердің бойындағы батылдық пен сабырды қатар тәрбиелейтін. Тазалық пен тәртіп бірінші орында, әсіресе ең көп уақыт алатыны жағаны тазалау еді. Күнде кешкілік саптан келген соң, шаршап-шалдығып тұрсақ та, әуелі жағаны шешіп алып, сабындап жуған соң, кебуін күтіп отыру – сарбаздың сабырына сынақ. Ол кепкенше үтікті отқа қоямыз. Қолымыз күйіп, маңдайымыз терлеп жатса да, аппақ етіп үтіктеп, тап-тұйнақтай қылып жасаймыз. Үтіктелген жағаны мұқияттап қайтадан жауынгерлік көйлекке тігу де асқан ептілікті қажет етеді. Тіпті ине-жіпті қолына ұстап көрмеген жігіттердің өзі бір айдың ішінде кәсіби тігіншіге айналып шығады. Бір жаға үшін соншалықты тер төгеміз деп ойламап едік, бірақ қатаң тәртіп бізді өзгертті. Ертеңгі өмірге ұқыпты, таза, сыпайы азамат болып шығуымызға осы жағаның да үлесі бар деп ойлаймын, — дейді Хайдар әскердегі күндерін сағынышпен еске алып.

Ерекше сәттер

Егіз жігіттердің әскер қатарындағы әрбір сәті есте қаларлықтай болған. Әсіресе Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әскери бөлімге арнайы келіп, батасын берген күні. Сол сәтте олардың санасын тек сарбаз емес, нағыз елжанды, болашаққа сеніммен қарайтын азаматқа айналғандай сезім билеген. Бұл сәт рухани серпіліс, жауынгерлік рухты арттырған тарихи күн ретінде ағайынды екеудің мәңгі есінде.

– Бөлімде бізден басқа ұлты орыс Серишев деген егіз жігіттер болды. Екеуі бірінен-бірі қыл елі ажырамаушы еді. Қайда барса да жұптары жазылмай, бірге қимылдайтын. Біреуі басқа жұмысқа кетсе, екіншісі де сұранып соған ілесіп жүреді. Нағыз айырылмас егіздер еді ғой. Ал біз ондай емес едік. Айбар екеуміз әрқайсымыз өз бағытымызбен жүрдік. Бір-бірімізді іздеп, жүгіріп жүру деген болған жоқ. Бізді жұрт түрімізден гөрі бойымыздан танитын. Айбардың бойы 1 метр 81 сантиметр, мен одан 3 сантиметр аласамын. Командирлер де, өзге офицерлер де «ұзыны Айбар, сәл ширақтау аласасы Хайдар» деп, қателеспей танитын. Егіз болғанмен, әрқайсымыз өз орнымыз бен міндетімізді жеке арқаладық. Былайша айтқанда, егіз туғанмен, жеке адам болып қалыптастық, — дейді Хайдар.

Балаңды аясаң – аяма…

Қоғамда соңғы жылдары әскерге деген көзқарастың төмендеп, мән-маңызының әлсірей бастағаны жасырын емес. Оған әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан бейнероликтер мен өтірік-шыны аралас мәліметтердің де әсері бар. Қалай десек те, көптеген ата-ананың көңілі алаң. Бұған қатысты Айбар мен Хайдардың да өзіндік пікірлері бар.

–  Әрине, әр жауынгер – бір үйдің үкілеп өсірген ұлы, сондықтан ата-ананың оны әскерге жіберуге жүрексінуі орынды. Бірақ біз бүгінгі ұрпақты тек жылы үй мен жайлы өмірге баулап, қиындықпен бетпе-бет келуден алыстатып бара жатқан сияқтымыз. Мысалы, мен алғаш рет қару ұстап, таңмен таласа оянып, түн қараңғысында бекет күзеткенде, өзімнің бұрынғы балалық мінездерімді тастап, нағыз ер-азамат болғанымды сезінгендей болдым. Сол бір сәтте адам өзін-өзі таниды, төзімді болуға, біреуге сүйенбей, өзіне сенуге бой үйретеді. Ұл бала ыстыққа күйіп, суыққа тоңып көрмесе, өмірге қалай бейімделеді?! Елге қорған болар азамат тек армиядағы тәрбие арқылы шыңдалады. Меніңше, баланы орынсыз аялау дұрыс емес, керісінше жігерін жанып, ауыр жұмыста шынықтырып тәрбиелеу керек, — дейді әскери өмірден түйген ойын тұжырымдаған Айбар Мағазұлы.

Ағайынды Есенғалиевтер үшін Ұлттық ұландағы қызмет тек әскери міндет емес, шын мәнінде өмірдің маңызды сабақтарының бірі болыпты. Олар бауыр болып, бір-біріне сенім артуды, иық тіресіп бірге жүруді үйренген. Тіпті, түнгі күзетте үнсіз тұрып, жүрекпен сөйлескен сәттер – олар үшін ештеңемен өлшенбейтін баға жетпес естеліктер.

– Әскерде тапқан дос – майданда тірек болатын серігің. Тіпті бүгінгі күнге дейін сол дос-тарымызбен байланыс үзілген жоқ. Кездескен сайын қатаң тәртіп пен қызықты оқиғаларды, алғашқы атыс кезіндегі қару үнін, командирдің зілді бұйрығын, тәтті күлкілі естеліктерді сағына айтып отырамыз. Сөзбен айтып жеткізу қиын, тек жүрекпен сезетін ерекше бір әлем, — дейді Айбар салмақты үнмен.

P.S.

Шынында, Отан алдындағы борышты адал өтеу – тек әскери форма киіп, қолға қару ұстау емес, жүрекпен сезіп, жан-жүрегіңмен қабылдайтын қастерлі міндет. Әскерде өткен әрбір күн, бірге өткізген әр сәт – өмірлік сабақ, бауырмалдықтың, достық пен ерліктің шынайы көрінісі. Ағайынды Айбар мен Хайдардың әңгімесінен біз әскери өмірдің бозбаланы тек тәртіп пен талапқа тәрбиелеп қоймай, рухани байлық пен адамгершілік мектебінен өткізетінін аңғардық.

Тоғжан ЕРЖАНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button