Елуден астам күйді жатқа біледі
Республика күні қарсаңында біз өзіміз емес, өзге ел азаматын да әңгімемізге арқау еткенді жөн санадық. Өйткені, «сырт көз – сыншы» демекші, біз туралы бір сәт басқалар не ойлайтынын білген де артық етпес. Бағымызға орай, бұл жолы төрт жылдан бері Атырау қаласында тұратын Ұлыбритания азаматы Сабина Мастерспен тілдесу бақыты бұйырды.
Аз уақыт ішінде Сабина ханым домбырада ойнауды оп-оңай үйреніп алған. Қазір 50-ден астам күйді тәп-тәуір орындайды. Бұл да болса киелі күй елінің құдіреті шығар!
Сырт келбеті жас көрінетін әйелдің жасы елу жетіде болып шықты. Бір қызығы, ол күнделікті тірлігі қым-қуыт қала ішінде велосипедпен жүреді екен.
Күй елінің киесі
…Отағасы осында шетелдік компанияның инженері болып жұмыс істейді. Олар бөтен елге келген бойда жергілікті ұлттың салт-дәстүрі мен тыйым-жоралғысын, әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен дінін үйрене бастапты. Тіпті, театр мен филармонияға барып, концерт тамашалауды дәстүрге айналдырған. Сондай ән әуелеп, күй күмбірлеген кештердің бірінде Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлер Сабинаның жан дүниесіне қатты әсер етіпті. Атыраулық өнерпаздардың талантына тәнті болған ол алдына үлкен мақсат қойғанын айтады, бұл – қалайда домбыра шертуді үйрену. Бірақ қазақ тілінде бірде-бір сөз білмейтін шетелдікті домбыраға үйрететін тәлімгер табылмаған…
– Мені домбыра сыныбының мұғалімі Ерлан Сақтанов сынақ мерзімімен алуға келісті. Басында өте қиын болды. Себебі, мен қазақша, ол ағылшынша білмеді. Алайда, екеумізді музыканың ғажап құдіреті жіпсіз байлап, жүректі баурап алды. Оның табандылығы мен талапшылдығына тәнті болдым. Шыдамдылығына шексіз ризамын, маған дәріс беріп жүргеніне төрт жыл болды. Тіпті, пандемия кезінде де байланысымыз үзілген жоқ, сабағымыз онлайн-форматта жалғаса берді, — дейді Сабина ханым.
Ол домбыра сабағына күніне төрт сағат уақытын бөледі. Осы мақсатта бір емес, үш домбыра сатып алғанын айтады. Біреуі Атырауда, екіншісі – Англияда.
Бізді таңғалдырғаны – оның аз уақытта күйшілердің бір емес, екі бірдей байқауына қатысып үлгеріпті. Ағылшын әйел күй атасы Құрманғазыдан бастап, Дәулеткерей мен дәулескер домбырашы Әзидолла Есқалиевтің күйлерін де нақышына келтіре орындағанда, көрермендер орындарынан тұрып қол соққан. Осылайша, оған арнаулы жүлде табыс етілген.
– Мені бәрінен бұрын Құрманғазының күйлері қайран қалдырады. Ұлы күйшінің өмірі де оңай өтпеген деседі. Ол бар ғұмырын әділетсіздікпен күресіп өткізген. Арман-мақсатын күй арқылы жеткізген. Бұл дала билеушілеріне жақпаған. Ақыры бірнеше рет қудалауға ұшырап, түрмеге де отырған. Осының барлығы жүрегімді елжіретіп жіберді. Мен енді қазақ күйлері жөнінде ғылыми жұмыспен айналысқым келеді. Қазақ тарихындағы Құрманғазының саяси ролі туралы диссертация қорғауды ойлап жүрмін. Англиядағы студенттер бұл туралы тереңірек білсе екен деймін. Сол үшін де қазақ тілін жан-жақты меңгеріп алғым келеді. Осы мақсатта Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінен қазақ тілін меңгеріп шығуды жоспарлап отырмын. Сосын Құрманғазы мұрасын толыққанды зерттеу мақсатында қазақ ауылдарын аралау да ойымда бар, — дейді ол.
Қазақша ас дайындайтын ағылшын
Ұлыбритания азаматы Сабина Мастерс қазақтың ұлттық тағамдарына да ғашық болып қалыпты. Әсіресе, қазақша ас тағамы мен кәдімгі құрттың дәмі таңдайына татыған екен.
– Қазір үйде де бесбармақ дайындаймын. Англияда тұрып жатқан балаларым да оны қатты жақсы көреді. Шұбат пен қазыны да сатып алып тұрамын, — дейді ол.
Германияда туған Ұлыбритания азаматы Сабинаның мамандығы – дәрігер. Голландия және Англия университеттерінде білім алған. Әйтсе де, мамандығы бойынша еңбек етуді маңдайына жазбапты. Отағасының жиі жұмыс ауыстыруына байланысты үнемі көшіп-қонумен келеді. Осыған дейін олар Ресей, Бруней мен Сирияда тұрыпты. Солардың ішінен ерлі-зайыпты екеуіне Қазақстан мен Сирия елдері айрықша ұнаған. Айтпақшы, Сабина – ежелгі грек аңыз-әңгімелері бойынша бірнеше рет диссертация қорғаған ғалым.
– Қазақстандықтар өте жомарт және мәрт келеді. Қазақ халқының қонақжайлығы қатты ұнайды, қиындықта қолұшын беруге дайын тұрады. Сондықтан да болар, бұл жерде менің достарым өте көп. Олар өте белсенді және әрқайсысы әр салада қызмет етеді. Кейбірінің жеке кәсібі де бар. Мен күй байқауына қатысқан кезде олар бірі қалмастан келіп, қолдау көрсетті. Мен бұл үшін оларға өте ризамын. «Atyraý» газеті арқылы барша қазақстандықтарды, соның ішінде мұнайлы мекен тұрғындарын да Республика күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздіктеріңіз тұғырлы, ұрпақтарыңыз ғұмырлы болсын, — деп, Сабина елдің ұлттық мерекесінен де хабарлы екенін аңғартты.
Дархан досты Атыраудан тапты
Кейіпкеріміз жанына жақын досын да осы Атыраудан тапқан. Ол – Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің оқытушысы, кәсіби пианист Яна Усеинова. Екеуін тілсіз музыканың тылсым күші табыстырыпты. Сабина оны алғаш рет концерттердің бірінде көрген екен, сол сәттен-ақ олардың достығы жарасқан көрінеді.
Тағы бір қызық, Сабинаның ұлы Александр да өнер адамы болып шықты, кәсіби опера әншісі. Ол анасының досы Янамен бірге концерттік кеш те беріп үлгерген. Тіпті, отағасының өзі де өнер өлкесінен алыс емес, виолончельде ойнауды жап-жақсы меңгерген. Бұл аз десеңіз, ағылшындық отбасының үш қызы да гитара, альт және фортепианода өнер көрсетеді, бәрінің де музыкалық білімі бар. Бірақ өнер жолын тек Александр ғана жалғап келе жатыр.
Сабина қазақтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрі ғана емес, тілі де қызықтыратынын жасырмайды. Тіпті, кейбір сөздерді жатқа айтады. «Ал, толық үйреніп шығу үшін уақыт керек» дейді. Әзірге оған құрбысы Яна аудармашы қызметін көрсетіп жүр.
«Өмір бір-ақ рет беріледі…»
Жасы ұлғайғанына қарамастан бір орында қол қусырып отырғанды ұнатпайтын Сабина ханым адамға ешқашан бір орында отырып қалуға болмайтынын айтады.
– Әйтпесе ол адам тоқырап қалады. Ал, тұралап қалған адам қайталауға ұшырайды. Яғни, күн сайын бір нәрсені қайталай береді. Ондайда бір күннің екіншісінен еш айырмасы болмайды. Біз өмірді бір рет қана сүреміз. Сондықтан, әр сәтті мәнді де сәнді өткізгенге не жетсін?! Осыны ескеріп, мен көлікпен емес, велосипедпен жүруге тырысамын. Себебі, көлікте өмір тез өтетін секілді көрінеді. Уақытым болса, еріктілер қатарына қосылып, қолымнан келгенше жақсылық жасауға асығамын. Мерекелік және мәдени-көпшілік шаралардан қалмауға тырысамын. Әсіресе, бірде-бір айтысты жібермеймін. Онда ақындар тек суырыпсалма шешендік өнерін паш етіп қана қоймай, өңірдегі ең өзекті де өткір мәселелерді оралымды ой, салмақты сынмен жеткізуге ұмтылады. Сонысы маған қатты ұнайды, — дейді ол.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде шет тілдер факультетінің студенттеріне ағылшын тілінен сабақ беретін Сабина Мастерс мұның да күн сайын ерекше шабыт пен күш-қуат сыйлайтынын жасырған жоқ.
ТҮЙІН
…Иә, қазақ халқы о заманнан ешкімді де ұлт пен ұлысқа бөлмеген қонақжай халық қой. Осыны сезінген болуы керек, бүгінгі кейіпкеріміз де аз уақытта атыраулық ағайынға бауыр басып қалғанға ұқсайды.
Ендеше, осынау ұлық мереке – Республика күні қарсаңында басқаларға үлгі болып отырған берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз жарасымды жалғасын таба бергей демекпіз!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ