БӨКЕЙ ХАН

оның төңірегіндегі ақтаңдақтар

әлі де  зерттеуді қажет етеді

Хандықтың іргесін қалап, ғасырлар бойына ата-бабаның аңсар арманына айналып, ән-жырына арқау болған атамекенді кейінгі ұрпағына мирас еткен Бөкей хан болмысы бөлек тұлға. Бірақ, Отан тарихынан ойып орын алуға лайықты тұлғаның өмірі мен қызметі бүгінге дейін жүйелі, һәм ғылыми тұрғыда жеке зерттеу нысаны ретінде арнайы қарастырылған емес. 

 

Тарихнама не дейді?

Бөкейдің ата-тегі Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек ханнан бастау алатын хан, сұлтандар әулетінен. Әйгілі Әбілқайыр ханның тұңғыш ұлы Нұралы хан шаңырағында дүниеге келген Бөкейдің анасы да төре тұқымынан. Ол жөнінде Бөкей 1806 жылы 22 ақпанда әскери министр С.К.Вязмитиновке жолдаған хабарында «бірге туған ағайынды үшеуіміздің әкеміз хан, ал, шешеміз хан қызынан тарайды» деп, өз тегінің ақсүйектер әулетінен екендігін алға тартады. Князь Г.С.Волконскийге жазған хатында да Бөкей өзінің хан мен хан қызынан туғандығын айтып, ата тегі бойынша өзін ақсүйек санаған. Алайда, Бөкейдің анасының нақты есімі әрі қай әулеттен тарайтыны осы күнге дейін құжаттық деректермен нақтыланған емес.

Бөкей ханның дүниеге келген уақыты жөнінде де бірізділік жоқ. Бүгінде отандық зерттеушілердің иек артып, табан тірер дерегі 1901 жылы «Астраханский  листок» газетінде жарық көрген зерттеуші И.С.Ивановтың еңбегі болып табылады. Ол бойынша 1811 жылы төменгі Орал шебінде Бөкеймен жүздескен Орынбор кеденінің директоры сұлтанның жасын 60-тан асқан деп шамалаған. Осыны негізге алған И.С.Иванов Бөкейдің дүниеге келуін XVIII ғасырдың 40-жылдарының соңына жатқызады.

Оның үстіне Бөкейдің Нұралы ханның нешінші ұлы екендігі де анықталды деу қиын. Тарихшы Ж.Қ.Қасымбаевтың анықтауынша, Бөкей Нұралының тұңғышы, ал А.Самиғоллаұлының саралауынша екінші ұлы. Мұндай қарама-қайшы пікірлерді көптеп келтіруге болады. Ең бастысы, Бөкейдің қашан туғандығын, соған орай Нұралының белінен өрген 40 ұлдың нешіншісі екендігін анықтау үшін ханның өзге балаларына тоқталу қажет. Орынбор, Мәскеу мұрағатының құжаттары Нұралының тұңғышы Есім, екінші ұлы Пірәлі екенін дәлелдейді. 

Деректер сөйлесе…

Егер де жоғарыдағы зерттеушілер айтқандай, Бөкей сұлтан 1748-1749 жылдары шамасында дүниеге келсе, неліктен орыс үкіметі ол жөнінде үнсіз қалған. Әлде Нұралы хан айналасын «бес саусақтай» білетін Орынбор ұлықтарының хан балалары туралы мәліметтері болмаған ба? Алайда, Орынбор мұрағатындағы құжаттарға тиянақты зер салған адам олай дей алмайды. Өйткені, 1750-1770 жылдары Нұралы ұлдарын кезекпен Орынборға аманатқа алып отырған патша үкіметі олар жөніндегі ақпараттарды әрдайым кеңсе журналдарына мұқият тіркеп отырған.

Нұралының тұңғышы Есім сұлтан 1744 жылы атасы Әбілқайыр ханның көзі тірісінде дүниеге келген. Нұралы ханның орыс үкіметінен өзіне мұрагер тағайындау мәселесі бойынша 1768 жылы наурызда Кіші жүзге келген Я.Гуляев жазбасында Есім 23 жаста, Пірәлі 22 жаста деп көрсетілген.

Сайып келгенде, мұның барлығы өлкеміздегі хан, сұлтандар тарихын саралауда дәйекті деректермен байыпты байлам жасамай тұрып, тиянақты түйін, тұжырымға ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетеді. 

Атан ханым хақында не білеміз?

Ал, 2011 жылы Бөкей хан басына тұрғызылған келбетті кесене ішіндегі жаңа құлпытаста оның 1747 жылы дүниеге келгені көрсетілген. Астрахандық ағайындар бұрынғы кесене жанында құлпытас болғанын айтады. Еділ өңірінің тумасы Ләтифолла Қапашев Сейіт бабадағы Бөкей ханның бұрынғы кесенесі туралы: «Ол – тік бұрышты (жобамен 40+5,7 м2) күйдірілген кірпіштен қаланған қоршау ішінде темір күмбезді кесене. Қоршаудың бұрыштары төрт жағына қарайды. Кесене қасында сұлтан таңбасы бар құлпытас орнатылған. Араб әріптерімен Нұралы ханның баласы Бөкей аты жазылған, оған қоса 62 жасында қайтыс болды деген жазу бар» деп баяндайды.

Алайда, этнограф Серік Әжіғали Бөкей хан кесенесіне қашық емес жерде жатқан сұлтан таңбасы бар құлпытастың Бөкейдің жұбайы Ғатан ханымға арналғанын анықтады. Онда «Бөкей хан Нұралыұлының жұбайы һижра бойынша 1239 (1823/1824) жылы 52 жасында Ғатан ханым опат болды» деген жазу қашалған. Бұл құлпытас бүгінде Бөкей хан кесенесі жанындағы Атан ханымға арналып салынған кесененің ішіне қойылды. Шын мәнінде, Атан ханым Бөкей ханның екінші жұбайы, Жәңгір ханның анасы еді. Жергілікті тұрғындардың «Ғатан» деп атауы да ханымның дұрыс ныспысын көрсетеді. Ол араб қарпімен жазылған ханым есіміндегі алғашқы «айн» мен «ғайн» әрпінің өзара ұқсас болуына орай оның қазақша оқылу кезінде өзгеріске ұшырауына байланысты еді. Ал, Тілекқабыл Боранғалиұлы, Өтепберген Әлімгереев секілді жазушылардың ханым есімінің дұрысы Әтен болуы керек деген пікірімен келісу қиын. Себебі, Атан ханымның өзі 1815 жылы 8 маусымда Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконскийге жолдаған арабша түпнұсқа хатының соңына «хан Бөкей Нұралыұлы халалы ханым Атан Нұралиева» деп қол қойған [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 8-п.]. Бұл жазуды қазақ тіліне Қазбек Құттымұратұлы тәржімалаған еді. Оның үстіне қиямет күні махшар алаңында азан шақырылған атымен шақырылатын болғасын құлпытасқа марқұмның дұрыс есімі жазылатын. Тастағы төре таңбасы Атанның да ата-тегі ақсүйек, яғни хан әулетінен шыққанын айқындап тұр.

Өлкетанушы Ө.Әлімгереев «Кейбір деректерде оны Қаратай тұқымы деп көрсетеді» дегенімен, атақты Жанұзақ жырау Жәңгір ханға арнаған толғауында:

Ал, Шыңғыс ханның әулеті,

Хандар өтті хан соңы,

Хан ұлының кенжесі

Патша иемнің ана сойын сұрасаң,

Қарабай ханның нәсілі [Шайыр. Құрастырған М.Ізімұлы. – Алматы: Арыс, 2002. 54-б.] – деп жырға қосқан.

Бұдан Жәңгір хан анасы Атан ханымның Қарабай хан тұқымынан тарайтынын нақтылай түсеміз. 

тұспалдап айту жараспайды

Бөкейдің басына орнатылған құлпытастың бүгінге жетпеуі ханның 1815 жылы неше жасында өмірден озғанын және нақты қай жылы туғанын анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Міне, сондықтан да, қолымызда қандай да бір құжаттық деректің болмауына байланысты Бөкейдің туған жылын тұспалдап айтуға асығыстық жасамаған  жөн. Себебі, келешекте мұрағат құжаттары арасынан ол жайлы мәліметтердің табылуы ғажап емес. Оның үстіне Ә.Сарай, Ө.Әлімгереев секілді жазушылар Бөкей ханның шикі судан жұғатын бөсір дертіне шалдығып, санаулы күн ғана ауырып көз жұмғанын жазады. Бұл арада Бөкей хан өлімін Орынбор әскери губернаторы Г.С.Волконскийге хабарлаған Астрахан казак полкының командирі В.Ф.Скворцовтың 1815 жылы 26 мамырдағы рапортында келтірілген «будучи одержим водяною болезнью» деген сөзі негізге алынған  [ОрОММ. 6-қ., 10-т., 1286-іс, 1-п.]. Шын мәнінде, бөсір ауруының орысша мағынасы аскаридоз болса, «водяная болезнь (водянка)» деген аурудың қазақ тіліндегі аудармасы шемен деп берілген. Шемен – денеге ұйыма сұйықтық, яғни, сарысу пайда болудан болатын ауру. Сондықтан, Бөкей хан денеге сарысу жиналудан пайда болатын шемен ауруынан дүниеден озған. 

P.S. Бұл Бөкей хан тарихындағы ақтаңдақтардың басы ғана. Тарихи тұлға өмірі кешенді зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, Орал қаласының іргесіндегі Бөкейді хан көтеру салтанатына орай «Хан тоғайы» аталған тарихи орынға белгі қойып, көрнекті ескерткіш тұрғызып, Ресей мұрағаттарына ғылыми экспедиция жіберіп, тарихи зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектерді жарыққа шығару, мектеп, көше атауларына есімін бергізу сынды іргелі істерді ұйымдастырып, жүзеге асыруды қолға алуымыз керек. Бұл ел тарихы үшін маңызды болмақ. Яғни мемлекет көлемінде атап өтіліп жатқан «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы» аясында бастама көтеріліп, жалғасын тапса еліміз үшін игілікті іс болар еді.

Себебі, осы жылдың 21 мамырында Бөкей ханның дүниеден озғанына 200 жыл өтсе, алдағы 2016 жылдың 11 наурызында Бөкей ордасының құрылғанына 215 жыл толады.

Жәнібек АЛЛАЯРҰЛЫ, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз