Жарнама
Қоғам

Елеусіз қалған есім

Тарихта ұлт келешегі мен халықтың болашағы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп қана қоймай, нақты істерімен ел есінде қалған, қазақ балаларының сауаты мен зердесін ашуына барынша жағдай жасаған асыл педагогтер бұдан бір ғасыр бұрынғы қысылтаяң шақта көп болған. Олар өз елін мәдениетті халықтардың қатарына қосуды өзіне парыз санаған азаматтар еді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында осы өлкеде олардың білімі мен белсенді өмірлік ұстанымы зор құрмет пен беделге ие болған. Архив қорында сақталған деректер арқылы елін бодандықтан босатуды аңсаған жандардың бірі – Сақыпжамал Нұроллина.

fd0879df b41f 4304 8389 41b1d400435a

Мұрағаттағы құжат бойынша оның аты-жөні – Сахыбжамал Нұруллина. Ол 1908 жылы бұрынғы Бақсай ауданының 8-ауылында туған. Сақыпжамал апай 1920-1923 жылдары сол ауылдағы «Қызыл үй» мектебінде оқып сауатын ашады.

Қазан төңкерісінен кейін әйелдерді ерлермен теңестіру, оқуға, еңбек етуге, сайлау және сайлану құқығы беріліп, «қалың малды жою» туралы шыққан өкіметтің арнайы жарлығы ғасырлар бойы қазақ қоғамында қалыптасып қалған әдет-ғұрыпқа қайшы келетін еді. 1924 жылы Сақыпжамалды ата-анасы атастыру салтына сай Гурьев қаласында тұратын атақты бай Сапарғалидың ұлы Мүтиғоллаға тұрмысқа беруді ұйғарады. Қоғам өміріне өзгерістер енгізген Қазан төңкерісінің әсерінен болар, тұрмысқа шыққан соң Сақыпжамалға Сапарғалидың қаладағы үйінде тұруға мүмкіндік берілмейді. Ал қырға барып мал бағуға көнбей, 1926 жылы Мүтиғолладан айырылып үйіне келіп, 1927 жылы Гурьевтегі кеңестік партия мектебіне оқуға түседі. Оқып жүріп комсомол қатарына қабылданған Сақыпжамал 1929 жылы мектепті бітіріп, Маңғыстау ауданының орталығы – Форт-Александровскіге жұмысқа жіберіледі.

eb549868 f568 45fa ac2b 9bebca5eaa0f

Сол жылдары қазақ әйелдері үшін жаңашылдық болған кезең еді. Маңғыстау ауданына жұмысқа барған Сақыпжамал өзінің біліктілігімен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, аудан орталығында қыздар мектебін ұйымдастырады. Жергілікті басқару органдары С.Нұроллинаны осы мектептің директорлығына тағайындайды. Сол мектепке қарапайым қазақ қыздарын оқуға тартып, оларды қалыңмалға сатылудан сақтау үшін кешенді жұмыстарды ұйымдастырған Сақыпжамалдың мектебінде оқыған 100 қыздың 9-15 жас аралығында екенін архив деректері де растайды.

4c45f320 8bf6 447c 9652 328bf3df3d29 1

Оқушы қыздардың тұрмыс жағдайымен қатар, оқу-тәрбие жұмысына зор көңіл бөліп, аудандық оқу бөлімі мен аудандық атқару комитетіне мектепке қажетті құрал-жабдық (парта, тақта, үстел, оқулық, т.б.), қыздар үшін киім-кешек, көрпе-төсек сұрап, қажетті қаржы бөлінуін сұраған С.Нұроллинаның хаттары қор құжаттарынан кездесті. Сақыпжамал өзі басқарып отырған мектептің жұмысымен ғана шектелмей, саяси-қоғамдық жұмыстарға да білек сыбана араласып, үй аралап қыз-келіншектермен әңгімелесіп, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуына жұмыстанған. Жиналыстарда мәдени-әлеуметтік және ағартушылық сипатта баяндамалар жасайды. Ауыл қыздарын мектептен білім алып, сауатын ашуға тартуы, оқитын қыздарды оқу-тәрбие жұмысына машықтандырып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қыздар қатарынан оқу озаттары шыққаны сол баяндамаларда айтылған.

68470111 0f96 4a0b a32c b2a9d95ab84b

Архив деректерінде 1930 жылдың 1 тамызында аудан орталығында маңғыстаулық әйелдердің тұңғыш конференциясы ашылып, оған партия-кеңес, кәсіпорындардан сайланған 56 делегат қатысып, Сақыпжамал Нұроллинаның конференция президиумында отырғаны көрсетіледі. Конференцияның күн тәртібінде сол кезеңнің көзімен алғанда ең маңызды 6 мәселе қаралып, әсіресе ауыл шаруашылығын қайта құру, әйелдер бөлімі жұмысының міндеттері туралы, әйелдердің қоғам жұмысына тартылуы туралы мәселелер көтеріліп, С.Нұроллина баяндама жасайды.

8689e4f0 b2b2 4c82 b709 f8e5227c1b17

Маңғыстау ауданында жұмыс жасап жүрген кезінде ол Бүкілресейлік кеңестер съезімен қатар тұратын мемлекеттік биліктің ең жоғары заң шығару, әкімшілік және бақылаушы органы – Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1931-1934 жылдардағы ІV шақырылымына Қазақ АКСР-і атынан мүше болып сайланған. С.Нұроллинаның 1933 жылы 30 желтоқсанда КСРО Орталық Атқару комитетінің мәжілісінде жасаған баяндамасында Гурьев қаласында 1933 жылы Л.М.Каганович атындағы балық консерві зауытының іске қосылғаны жөнінде мәселе көтереді. Ол зауытқа арнайы келген КСРО Қамсыздандыру халық комиссары А.И.Микоянның жұмыстың қарқынмен жүруіне нақты тапсырмалар бергенін, алайда Волга-Каспий тресі тарапынан қайық, балық аулау құралдарымен әлі күнге дейін толық қамтамасыз етілмегенін, зауыт жұмысшыларының арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілмей отырғанын, балықшы-колхозшылардың қиын тұрмысы, тұрғын үй құрылысы жүргізілмейтіні, колхозшылардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі тапшылық, денсаулық сақтау жағдайы сын көтермейтінін, емхана жоқтығын ашына айтыпты.

Сонымен қоса, өңірдің экономикалық әл-ауқатын көтеру мақсатында Жайық-Каспий байлығы – балықты экспортқа шығару үшін теміржол қатынасын реттеу қажеттігін де жоғары деңгейде мәселе етіп қозғаған. Мәскеудің төрінен елдің жағдайын, тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттілікті өзіндік ой-тұжырымымен еркін білдіруі Сақыпжамал Нұроллинаның сонау қиын кезеңде қазақ қыздарының ішіндегі түрлі саладан да хабары бар білікті әрі қайсар мінезді жан болғанын көрсетеді.

1932 жылдың қыркүйек айында Маңғыстау ауданынан Гурьев қаласындағы фабрика-зауыт мектебіне (ФЗО) оқытушы болып жұмысқа ауысқан қайраткер 1933 жылы Гурьев округтік оқу бөлімінде мектепке дейінгі балалардың тәрбие жұмысы жөніндегі нұсқаушы болып қызмет істейді. Ал, 1934 жылы қараша айында жанұя жағдайымен Алматы қаласына қоныс аударып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатында мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесі бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1936 жылдың күзінде денсаулығы нашарлаған соң жұмыстан шығып, Жылыой ауданына көшіп келіп, аудандық кітапхананың меңгерушісі болып жұмысқа орналасады.

Сақыпжамалдың Алматыдан Жылыой ауданына келуіне інісі Уәли Нұроллиннің осы ауданда тұруы себеп болған екен. Сол кезде Уәлидің Жылыой аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы, ҚК(б)П Жылой аудандық комитеті ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарғаны архив құжаттарында сақтаулы.

Жылыой аудандық оқу бөлімінің 1937-1938 жылдардағы бұйрықтарында Сақыпжамал Нұроллинаға саулығына байланысты қамқорлық жасалып, санаторийлерге жіберілуі, кезекті және кезектен тыс демалыстар берілгені жөнінде де деректер бар. Осы өңірдегі қазақтың алғашқы оқыған және қайраткер қыздарының бірі Сақыпжамал Нұроллина 1938 жылдың қараша айында отыз жасында дүние салып, Қосшағыл кәсіпшілігіне жерленген.

Атырау өңірінде есімдері ел есінде сақталуы тиіс перзенттер көп-ақ. Бірақ олардың көпшілігі архив деректерінен шықпай жатқаны өкінішті. Әйтпесе, бар саналы ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнаған Сақыпжамалдай қайраткерлердің есімі ешқашан ескерусіз қалмағаны жөн.

Райса ТАСТЕМІРОВА,

Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button