ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ – УАҚЫТТЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛЫ
Қазіргі таңда жаңа технологиялардың асқан қарқынмен, көз ілестірмейтін жылдамдықпен дамып келе жатқан кезеңі. Заманның талабына сай күнделікті өмірде осындай техникалардың көптеп пайда болуы адамзатты бірте-бірте қағазбастылықтан арылтып келеді. Қызметтердің электронды нұсқаға айналуы, онлайн қызметінің тәулік бойы қосылып тұруы қазіргі күнде қолжетімді болды. Сондай-ақ, сервистер мен қызметтердің бір жерде, бір тетікпен басқарылуы www.egov.kz порталында жүзеге асырылған.
Электрондық үкімет порталы – бұл біздің күнделікті, үйреншікті саты-саты кезектерден, уақытымызды бос жоғалтудан арылудың бірден-бір жолы. Электрондық үкімет – жылдам әрі үйренуге өте жеңіл, басқаруға қолайлы портал. Бұл портал мемлекеттік қызметтер түрін бір орында отырып алуға мүмкіндік береді. Электронды қызметтер түрі жылдан-жылға артып келеді. Тоқтала кететін болсақ, өте жиі кездесетін қызметтің түрі – мекен-жай анықтамасы. Мекен-жай анықтамасы – азаматтың тұрғылықты жерін айқындайтын, тіркелген уақытын көрсететін анықтама түрі. Анықтаманы тек электронды үкімет порталында емес, ХҚКО-да бірнеше минут ішінде алуға болады. Анықтама уақыты – 10 күнтізбелік күн.
Екінші – зейнетақы аударымдары туралы анықтама. Бұл анықтаманы алу арқылы азаматтар ай сайынғы салым сомасын қадағалай алады. Сондай-ақ, басқа мақсаттарға да алуға болады. Келесі – жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама. Көпшілік арасында мұны «№1 форма»деп те атайды.Бұл – белгілі бір тұлғаның тұрғын үй, жерін дәлелдейтін, қашан тіркелгенін растайтын анықтама.
Жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтар туралы анықтама (№2форма). Ол тұрғын үй немесе жердің кепілде тыйым салынғандығы немесе салынбағандығын, одан бөлек тұрғын үйдің пайдалы алаңы мен тұрғын алаңы жайлы ақпар береді.
Некені тіркеуге өтініш. Ол үшін болашақ ерлі-зайыпты АХАЖ бөліміне бармай-ақ, электрондық үкімет арқылы өтініш береді. Ол үшін некеге тұратын азамат пен азаматшаның куәлігі, мемлекеттік баж салығын төлеуге банкомат карточкасы және электрондық сандық қолтаңбасы керек. Өтініштің қаралу мерзімі – 30 күнтізбелік күн.
Сотталғандығының болмауы туралы анықтамасы – қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие. Бұл анықтама жұмысқа кірер алдында сұралады. Соттасқан жағдайдағы талап-арыздар да Электронды үкімет порталы арқылы қолданысқа енгізілді. Бұл қызмет түрі де «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы қабылдануда.
Электрондық сандық қолтаңба – азаматтың ЖСН мәліметі сақталуы. Бұл кәдімгі қолтаңбаңыздың скан-нұсқасы емес, ЭСҚ-да өзінің иесі туралы қажетті барлық ақпарат сақталады. ЭСҚ туралы сіз кез келген электронды құжат алуға немесе электронды қол қоюды қажет ететін порталдарда пайдалана аласыз. ЭСҚ- сын ҚР ұлттық куәландырушы орталығы, яғни www.pki.gov.kz сайтынан өтініш беру арқылы толықтай таныса аласыз. ЭСҚ-сын жеке куәлікке алып картридер (CARD READER) құрылғысымен пайдалана аласыз. Егер де сұрақтарыңыз туындап жатса, Call-1414 орталығына қоңырау шалу арқылы шешімін таппай жүрген сұрағыңызға лезде жауап аласыз.
Call-1414 орталығы – бұл www.egov.kz, www.elicense.kz, www.pki.gov.kz және басқа да ХҚКО-ғы көрсететін қызметтер түрінде сұрағыңызды қоюға болады.
Аман МЫРЗАҒАЛИЕВ,
Атырау облысы бойынша ХҚКО РМК филиалының Атырау қалалық
№1 бөлімінің реттеу залы
басшысының орынбасары,
Аман БАЙДУЛЛИН,
Атырау облысы бойынша ХҚКО РМК филиалының Атырау қалалық
№1 бөлімінің инспекторы.