Жарнама
Қоғам

Елдің дамуына елеулі ықпал етеді

«Еңбек адамы» – еліміздің экономикалық дамуына, әлеуметтік тұрақтылығына және мәдениетіне өз үлесін қосқан адам. Бұл идея қоғамда еңбекке құрмет көрсету, еңбекқорлық пен адалдықты жоғары бағалау принциптерін қалыптастыруға бағытталған. Жұмысшы мамандықтарының артуы тек экономиканың емес, сонымен бірге мәдениеттің де дамуына әсер етеді.

Біздің елде еңбек адамдарына деген көзқарас ерекше. Мемлекет тарапынан да қолдаулар бар. Мәселен, өткен жылы республикалық «Еңбек жолы» байқауында үздіктердің қатарында болдым. Байқау қоғамда еңбек адамы туралы жақсы пікір қалыптастыру, жастардың еңбекке құрметпен қарауын, еңбек дәстүрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандықтарын насихаттауда мұндай шаралардың міндетті түрде нәтижесі болады. Бұл байқауға екі жыл қатарынан қатыстым. Бірақ жүлденің ауылы алыста болып, соңғысында дайындығымды бұрынғыдан да жетілдіріп, сақадай сай болып бағымды сынадым. Үмітім алдаған жоқ, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша III орынның жүлдесі маған бұйырды. Бұл номинацияға 179 адамның «таласқанын» ескерсек, аталған жеңіс мен үшін үлкен мәртебе. Қазір дамыған заманның талабы да өте жоғары. Желдің жылдамдығынан да тез дамып келе жатқан ғылым мен технологияның соңынан ілесіп отырмаса, көш соңында қалатының тағы бар. Ертеңгі күннің көгін жарқыратамын деген жастарға кәсібилігін арттыру үшін қайнаудан шыныққан болаттай етіп шығаратын кәсіби білікті ұстаздар керек-ақ. Сапалы білім мен шыңдалған тәжірибе жетістікке жетелейді. Өз ісіңнің нағыз маманы болу үшін үнемі ізденіп, біліміңді толықтырып отыруың керек. Үйренбей, ізденбей табысқа жету – қазіргі заманда мүмкін емес. Сол үшін өзім де Қазақстан, тіпті Ресей аумағында өтетін курстар, семинарларға қатысамын. Шәкірттерім де мұнай және газ өндіру басқармасының жыл сайын өтетін кәсіптік шеберліктің «Үздік маман» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Осы жылдар ішінде өзімнің тәжірибемді жас мамандармен бөлісіп, мұнайшылардың жаңа буынын тәрбиелеуде жұмыстанып келемін.

Еңбек адамының рөліне қоғамда лайықты бағасын беру маңызды. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік наградалар мен марапаттарды енгізу, еңбек өтілі мен жетістіктері үшін құрмет көрсету тәсілдері қолданыла алады. Еңбек адамының тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильмдер, мақалалар мен көрмелер ұйымдастыру қоғамның еңбекке деген көзқарасын өзгертуге көмектеседі.

Еңбек адамының өмірін жеңілдету мақсатында мемлекеттік деңгейде әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың көбейгені дұрыс еді. Мысалы, жұмысшы мамандықтарын таңдаған азаматтарға тұрғын үй бағдарламалары, медициналық көмек көрсету және балаларын оқытуда жеңілдіктер жасау арқылы олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға болады.

Еңбек адамы тек жұмыс процесінде ғана емес, сонымен қатар оның жан-жақты дамуына да қолдау көрсету қажет. Бұл жастарға арналған біліктілікті арттыру курстары, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі шараларын енгізу, сондай-ақ жұмыскерлердің демалуына және кәсіби біліктілігін арттыруға арналған бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру және «Еңбек адамы» идеясын ілгерілету елдің дамуына елеулі ықпал етеді. Бұл тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен қатар қоғамның моральдық-этикалық деңгейін де жоғарылатуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке деген дұрыс көзқарасты қалыптастыруға септігін тигізеді.

Жұмабай АБДОЛОВ, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкері, ҚР Құрметті энергетигі

Сурет: ult.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button