ЖҮЙЕЛІ ЖОБАЛАРДАН – НАҚТЫ НӘТИЖЕ

«Жерге оны күтіп-баптайтын нағыз ие қажет».

Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыс бойынша агроөнеркәсіп кешенінде 1 805 шаруашылық құрылымы тіркелген. Өткен жылы бұл саланың жалпы өнімі 48,8 млрд. теңгеге жетті. Мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне жан-жақты қам-қорлық жасалуда.  Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 22 млрд. теңге бөлінді. Аграрлық саланың игілігіне арналған бұл қаржының тоқсан пайызы мемлекетке қайтарылатын болады.

 

Егістіктегі ерекше тәжірибе

Ауыл шаруашылығы саласында 2,3 млн. гектар жер болса, оның жеті мың гектары егістікке пайдаланылады. Былтыр біздің өңірде егістікке алғашқы тәжірибе жасалды. «Бірінші мамыр» біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің бір мың бас мүйізді ірі қара малына жүз елу гектар жерге суармалы алқапқа күзгі қара бидай егілді. Одан екі жүз елу тонна пішен дайындалды. Сонымен қатар, осы шаруашылықтан тәулігіне он тонна көк балауса дайындайтын гидропоника кешені іске қосылды. Шаруашылық мал азығымен толықтай қамтылды.

Салаға жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Бүгінде тамшылатып суару тәсілі 1500 гектар жерге қолданылады. Облыстағы алма бағы 350 гектарды қамтыды.

 Жылыжай көлемі былтыр 12,5 гектарға ұлғайды. Бұл маусымдық мерзімде өңірдегі көкөніс бағаларын тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Индер ауданындағы Елтай селосында жиырма гектар жылыжай кешенінің құрылысы басталды.

Аймақ кәсіпкерлерін қолдау және тұрғындарды жергілікті жердің өнімдерімен қамтамасыз ету басты назарда. Осы мақсатта фьючерстік келісім-шарт негізінде егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардан соңғы екі жылда 9,5 мың тонна картоп пен көкөніс өнімдері қабылданды. Бұл өнімдер жалпы сыйымдылығы жиырма жеті мың тонна болатын отыз бес көкөніс қоймасында сақталуда.

Он бір өміршең жоба

Соңғы үш жылда облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында  8,8 млрд. теңгенің он бір жобасы жүзеге асырылды. Айталық, «Бірінші мамыр» біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің бір мың бас мүйізді ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы он екі түрлі өнім шығарады. «Сарайшық» біріккен кәсіпорны» ЖШС-не қарасты 600 бас ешкі сүті мен етін өңдеуге арналған ешкі өсіру кешенінде он бес өнім түрі өндірілуде. «Алға -1» ШҚ  мал шаруашылығын дамытумен қатар, тұрғындарды шұбат, айран және қымызбен қамтамасыз етеді. Ал, «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС жылына 150 тонна сүт өңдеу және дайындаумен айналысады.

Соңғы жылдары өңірде құс шаруашылығын дамытуға зор талпыныс бар. «Алмалы құс» ЖШС жылына 30 млн. дана жұмыртқа шығарса, «Атырау сауда» ЖШС жылына 32 млн. дана жұмыртқа беретін құс фермасын кеңейту жобасын жүзеге асырды.

 Туған өлкеміз табиғаттың баға жетпес байлығынан кенде емес. Қарт Каспийдің сарқылып бара жатқан бекіресін сақтап қалу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы ретте «Каспиан Роял Фиш» ЖШС бекіре тұқымдас балығын өсіруді қолға алды. Ал, жылына 12,6 млн. дана құтыдағы ет өндіретін «Карат» ЖШС отандық өнімге үлес қосуда.  Осы он бір жобаның қатарында  «Жұмағалиев» ЖК (жылыжай шаруашылығы), «Жеміс» ЖШС және «Қарағаев» шаруа қожалығы да (ет өңдеу цехтары) бар.

Бөдене де  бізге жат емес

Былтырдан бастап жалпы құны 6,5 млрд. теңгенің бес ірі жобасы игерілуде. Соның бірі – үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жеңіл өнеркәсіпті дамытатын тың жоба қолға алынды. «Атырау Сауда» ЖШС-нің  жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүндерін өңдеу және тоқыма киімдер фабрикасының өнімдері келешекте үлкен сұранысқа ие болады деген үміттеміз.

«Феликс» шаруа қожалығының жылына 25 мың дана құтыдағы өнім және 530  тонна көкөніс салатын дайындау кешені жұмыс істеуде. Ал,  «Асыл – агро» ЖШС-нің жылына 7,2 мың тонна ет өңдеу цехы іске қосылды. 

«Қалауын тапса қар жанады», біздің жерімізге бөдене де жерсінді. «Атырау-Бөдене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жылына  2,6 млн. дана жұмыртқа шығарылады,  2,4 тонна бөдене еті өңделеді. Ал, «Мекен-Chicken» ЖШС-не қарасты жылына 2 600 тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы осы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылмақшы. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру еліміздің дамуының басты бағыты болып қала бермек.

 

Бағила

САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Қисымеден ЖАНҚУАТОВ, ауыл шаруашылығы басқармасы өнімдерді өңдеу және өткізу бөлімінің басшысы:   

– Болашақта картоп алқабына жаңа технологиялар енгізіліп, халықтың бұл өнімге деген қажеттілігі толығымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, биылғы жылы құс фабрикаларының тұрғындардың жұмыртқаға сұранысын артығымен қамтуға мүмкіндігі бар. Сүт өнімдеріне де тапшылық болмайды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз