Елдің берекесі – адал еңбекте!
Ата-бабамыз ықылым заманнан ұрпағын еңбекке баулыған. Дана халқымыздан «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме», «Еңбек ердің атын шығарар» деген нақылдар қалған. Қандай қоғамда болмасын адал еңбегімен отбасына, еліне пайдасын тигізген еңбек адамдары ерекше құрметке ие.
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ
Ел Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан»: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да еңбек иелеріне ерекше тоқталып өткен болатын. Ол: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» дей келе, келер 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Бұл қадам еліміздегі жұмысшы мамандықтарының экономикадағы маңыздылығын арттырып, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, сондай-ақ елдегі кадр тапшылығы, индустриализацияның дамуы және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру қажеттілігінен туындағаны сөзсіз.
Әлемнің көптеген елдерінде жұмысшы мамандықтары, әсіресе құрылысшылар, механиктер, сантехниктер, дәнекерлеушілер және электриктер жоғары сұранысқа ие. Әсіресе дамушы елдерде бұл мамандықтар экономикалық дамудың негізгі тірегі болып табылады. Жұмысшы мамандықтары көбінесе физикалық ауыр жұмыс немесе техникалық дағдыларды қажет ететін қызметтер ретінде қаралды. Дегенмен, соңғы жылдары бұл мамандықтарға көзқарас өзгерді. Мысалы, Германия мен басқа да Еуропа елдерінде жұмысшы мамандықтарын жоғарғы деңгейде бағалап, оларға еңбек нарығында жоғары мәртебе берді.
Өткен ғасырларда жұмысшы мамандықтары көбіне арнайы білім мен даярлықсыз орындалса, қазіргі кезде олар кәсіби дағдыларды талап ететін және арнайы оқуды қажет ететін салаларға айналды. Көптеген елдерде техникалық және кәсіби білім беру жүйелері дамып, жұмысшы мамандықтарына арналған оқу курстары мен бағдарламалары көбейді. Жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас көбіне еңбекақы деңгейі мен еңбек жағдайларымен анықталады. Кейбір елдерде жұмысшы мамандықтары жақсы еңбек шарттарымен, жоғары жалақымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілсе, басқаларында олар кейде төмен жалақымен және қиын жұмыс жағдайларымен ерекшеленеді.
Жұмысшы мамандықтарын көбінесе «арзан» еңбек деп санау тарихта болған, бірақ қазіргі таңда бұл стереотиптерге қарсы күрес жалғасуда. Көптеген қоғамдар жұмысшыларға жоғары біліктілік пен жауапкершілікті талап ететін кәсіп ретінде қарайды, және олардың еңбегін бағалауға бет бұрды. Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтары жоғары бағаға ие болып, оларды дамыту және кәсіби деңгейін арттыру бағытында түрлі шаралар қабылдануда. Жұмысшы мамандықтары әлемнің барлық аймақтарында экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі болып қала береді.
Елімізде жұмысшы мамандықтары экономиканың түрлі салаларында маңызды рөл атқарады. Әсіресе өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика және қызмет көрсету салаларында жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Қазақстанның даму қарқыны мен инфрақұрылымдық жобалар көптігі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырады.
ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК ТАБЫЛАДЫ…
— Жасыратыны жоқ, қазір «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыратын заман емес. Атам қазақ «қолы қимылдағанның ісі болады» деп бекер айтпаған. Еңбек етуге деген шынайы ниет болса, қай кезде де екі қолға бір күрек табылады. «Жұмыс жоқ» деген жай сылтау ғана, — дейді экскаватор-машинист болып еңбек етіп келе жатқан Талғат Бекмұханбетов.
Ол 1989 жылы Сарайшық кәсіптік- техникалық колледжінде механизатор мамандығын алып, еңбек жолын «ҚазССР 60 жылдығы атындағы» Ақтоғай совхозында бастаған. Кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. 1996 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникалық мекемесі тарағанша экскаватор- машинст болып қызмет етеді. Одан кейінгі жылдары мамандығы бойынша ауысымдық жұмыстарда жүріп, 2020 жылдан «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау филиалының төменгі Жайық өндірістік учаскесіне тұрақты жұмысқа орналасады.
— Әкем Сергей Амиров та экскаватор-машинист болып, марқұм анам Назира Мұқанова медбике болып ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері. Мектеп бітірген кезде ата-анам мұнай саласына оқуға түсуімді қалағаны рас. Алайда, менің таңдауым механизатор мамандығы болды. Содан бастап еңбектен қол үзген емеспін. Еңбек еткен адам ризығын табады. Қазіргі қызметімде уақытымыздың көп бөлігі каналдар жағасын шөп-шаламнан, тұнбалардан, қоқым- шөгінділерінен тазарту, тұрбаларды ауыстыру сынды көбіне далалық жұмыстарда өтеді. Оңай емес әрине, бірақ маңдай термен келген нан тәтті демей ме?! Отбасымды асырауға жететін табысым бар, соның берекесін көріп келемін, — деп сөзін түйіндеді Талғат ағамыз.
«ЕҢБЕК ЕТПЕЙ, ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ…»
Қазақта «Еңбек етпесең, елге өкпелеме» деген сөз бар. Қоғамдағы жұмыссыздықтың белең алуын мемлекеттен көретіндер де бар. Керісінше, елімізде жұмыссыз азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көптеген жағдай жасалуда. Мысалы, кәсіппен айналысу үшін арнайы бағдарламалар, оған қоса грант ұтып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Мемлекет мүмкіндік берді, қайта даярлаудан өтіп, қоғамға қажетті маман болуға не кедергі? Биылғы жылдың өзінде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар арасынан 25 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленіп отыр. Солардың қатарында ерекше баланың анасы Арайлым Ермекбаеваны атап өтуге болады. Ол мемлекет ұсынған мүмкіндікті сәтті пайдаланып, «Бастау бизнес» курсынан өтіп, сертификатын алады. Жаңа бизнес идеясын іске асыру бағытында дайындаған жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде қайтарымсыз грант ұтып алады. Тамыз айында Махамбет ауылынан «Дарынды бала» түзете дамыту» кабинетін ашып, жұмысын бастады.
— Менің бұл орталықты ашудағы мақсатым өзімнің ерекше баламды қатарға қосу және өзге де балаларға көмек қолын созу. Кабинетте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға логопедиялық-дефектологиялық көмек көрсетудеміз. Жұмысымызды бастағалы аз уақыт болса да, ерекше балалардың түзеліп дамуына үлес қосып келемін. Заманауи құралдармен жабдықталған кабинетімізде келесі қызметтерді ұсынамыз. Балалардың сөйлеу қабілетін дамыту, дыбыс қою және дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, сөздік қорын байыту, оқу және жазу дағдыларын дамыту, артикуляциялық гимнастика, логопедиялық массаж, сондай-ақ зейіні тұрақсыз, түсінігі және сөйлеу тілі мүлдем қалыптаспаған балалармен сенсорлық интеграция, ұсақ және жалпы моториканы дамыту, афк әдістерін қолдану арқылы кешенді түрде түзете дамыту жұмыстары жүргізіледі. Ашылған сәттен бастап көмек алып жатырған ерекше білім беруді қажет ететін балалардың нәтижесі өте жақсы. Әрбір баланың жетістігі мен аналар үмітінің ақталуы маған үлкен мотивация береді. Алдағы уақытта нәтижелеріміз көп болады деген сенімдемін, -дейді А.Ермекбаева.
Арайлым логопед мамандығы бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін үздік дипломмен тәмамдаған. Әңгімелесу барысында, ол еліміздің үздік логопед-дефектологтарынан жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, білімін жетілдіріп отыратынын да айтып қалды. Бүгінде «Дарынды бала» кабинетінде 7 балаға кешенді түрде түзете дамыту жұмыстары жүргізілуде.
СҮЙІКТІ ІСІН КӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН
Тігіншілікті тіршілігінің тұтқасына айналдырғандардың бірі Ақжарқын Жүсіпова да мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Қолөнер шебері үй тұрмысына қажетті сәнді бұйымдар, көрпе- жастық, әртүрлі киім-кешек, алжапқыш, басқа тағатын бұйымдар жасаумен қатар, сұранысқа байланысты тойбастарға қажетті заттарды да әзірлей бастаған.
— Тігіншілікке деген қызығушылығым кішкентайымнан басталған. Іс тігу, тоқыма жұмыстарына анам баулыды. Негізгі мамандығым – мұғалім. Білім саласында азды- кем жұмыс жасап, бала күтімінде отырғанда сүйікті ісімді қолға алдым. Сөйтіп, арнайы ақылы курс оқып, білімімді жетілдірдім. 2018 жылы Махамбет ауылына көшіп келіп, үйден тапсырыстар қабылдай бастадым. Жұмыссыз әрі көпбалалы ана ретінде «Бизнес Бастау» жобасына қатысып, бағымды сынадым. Алғашқы жобаларым сәтсіз аяқталғанымен, үшінші мәрте тапсырғанда жобамды сәтті қорғап шықтым. Биыл шілде айынан бастап қайтарымсыз грант қаржысына заманауи үлгідегі машинкадан бастап барлық қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алып, кәсібімді бастап кеттім. Жұмыссыз есебінде тұрған бір адамды көмекші ретінде алып, жұмыспен қамтып отырмын. Тапсырыстар толассыз, бағасы да қолжетімді деп айта аламын. Өзімнің сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыра алғаныма қуанамын. Сүйіспеншілікпен жасалған жұмысынан адам ешқашан шаршамайды, керісінше шабыт алады деп ойлаймын, — дейді қолөнер шебері А.Жүсіпова.
АРМАНЫ АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН…
Махамбет ауылының тұрғыны, 37 жастағы Сайран Садихованың «кәсіпкер боламын» деген көп жылғы арманы ақиқатқа айналды. Жоғары оқу орнында заңгер мамандығында оқып, білім алған ол жұмыстан қолы қалт етсе түрлі тағамдар әзірлегенді ұнататын. Бала күтіміндегі демалыста отырған көпбалалы ана «арманымды жүзеге асырамын» деп мақсат қойып, мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалануға жұмыстанады. Жартылай дайын өнімдері бойынша ұсынған жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз грантты иеленеді. Қаражатын заманауи құрал-жабдықтарға жұмсаған. Яғни, тоңазытқыш, мұздатқыш, ет тартқыш, қамыр илейтін және қамыр араластыратын аппарат, үстелдер сатып алды. Қасына көмекші алып, бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Қай жаста болмасын адам еңбек етіп, ізденіс үстінде жүруі керек. Себебі, заман күннен- күнге дамуда. Сонымен қатар, заман көшінен қалмай, қай салада да жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Мен көпбалалы анамын. Бала күтімінде отырған уақытымда мемлекет тарапынан қолдау алып, шілде айында жеке бизнесімді бастадым. Кәсібім өрге басып, адал нанымды тауып отырмын. «Алма піс, аузыма түс» деп жата бергеннен ештеңе болмайды. Сондықтан, әрекет етіп, жарқын болашағымыз үшін қазірден бастап жағдай қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта, арнайы орын алып, кәсібімді кеңейтсем деген жоспарым бар, — дейді жеке кәсіпкер С.Садихова.
Оның өз қолымен дайындаған тұшпара, манты, самса, жайма және басқа да дайын өнімдері қарапайым халыққа қолжетімді бағада ұсынылып отыр. Сайранның ісіне сәттілік тілейміз.
«Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деп Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің берекесі – адал еңбекте! Біз бұл мақалада «екі қолға бір күрек таппай жүргендерге» қарапайым еңбек иелерін үлгі еттік.
Б.САПАРОВА
Махамбет ауданы