Жарнама
Қоғам

Елбасы көрмесі ерекше әсерге бөледі

Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қыркүйек айында атыраулықтарға есігін айқара ашқан «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесін «Атырау-Ақпарат» медиа серіктестігінің  ұжымы да арнайы барып тамашалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, мемлекет басшылары және отандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар мен Елбасының шет тілдерге аударылған еңбектерін тамашалаған ұжым қызметкерлері, көрмеден көп ой түйіп, ерекше әсер алып қайтты. 

????????????????????????????????????

Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының жәдігерлері ұсынылған көрме төрт негізгі бөлімнен тұрады. «Елбасы жолы» бөлімі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Мұнда рухани сананың дамуы мен дәуір мазмұнын айшықтайтын тарихи үдерістер мен оқиғалар сипатталады. Ал, «Елбасы феномені» бөлімінде еліміздің негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Елбасының мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихы көрініс тапқан. Аталған бөлімде «Атырау-Ақпарат» медиахолдинг қызметкерлері Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер, бастамалармен жіті танысты.

Әлемдік деңгейдегі саясаткер, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі ретінде еліміздің қарқынды сыртқы саясатын айрықша атап айтуға болады. Бұл жайында «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде көрсетіледі. Мұнда еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын айқындайтын дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар мен  Мемлекет басшысының ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі ретінде берілген кәдесыйлар да бар.

Ұжым мүшелері «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінен Мемлекет басшысының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесі үшін табыс етілген Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттарын да аса қызығушылықпен тамашалады.

«Балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, оқушылар мен студент жастарға дейін түрлі санаттағы келушілерге арналған экскурсиялар көрменің барлық жұмыс күндері жұмыс жасайды. Жәдігерлерді бүгінге дейін отыз мыңға жуық адам келіп тамашалады», —  дейді экскурсия жүргізушісі Динара Есқазиева.

Қызметкерлер Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөліне аталған көрме арқылы тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды. Ондағы құнды жәдігерлер Мемлекет басшысының балалық шағы мен бүгінгі биігі туралы сыр шертіп қана қоймай, ел дамуының айқын бет-бейнесін аңғартып тұрғандай.

Қайрат САТАЕВ, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің шолушысы:

– Елбасы мен ел тарихы – егіз ұғым. Бүгін біз көрмені тамашалай отырып, соны айқын аңғарғандаймыз. Сондықтан, музейден көшпелі еліміздің тұтас тарихына куә болдық. Құнды жәдігерлермен танысып, ерекше әсерге бөлендік. Әсіресе, Елбасымыздың сын сағаттарда қол қойған елдің тағдырын шешудегі басты рөл атқарған құжаттардың түпнұсқасы, көптеген фото және видео материалдарын ерекше ықыласпен тамашаладық.

 Айбөпе САБЫРОВА, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі:

– Тұңғыш Президент музей қорында сақталған жәдігерлердің барлығы – біздің тәуелсіздігіміздің тарихи дерегі. Әсіресе, Ұлт Көшбасшысының шетелдерге іссапар барысында жазған қолжазбалары, маңызды шешім қабылдар сәттегі орамды ойлары ­– бүгінгі ұрпаққа құнды мәлімет екені даусыз. Білгеніміздей, музейдегі 11 мыңнан астам жәдігер – Елбасының жеке заттары. Көшпелі қор көрмесі сол байлығымызды халыққа таныстырып, жұртшылық арасында насихаттауға оң септігін тигізуде.  

Артур ҚАБДОЛОВ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасының баспагері:

– Елордамызға баруға барлық адамның мүмкіндігі бола бермейді, сол себепті, көрменің шалғай аймақтарға шығып, құнды жәдігерлердің таныстырылуы біз секілді жас ұрпақ үшін маңызды. Біз көрген жәдігерлердің бәрі маңызды, құнды мәлімет, деректер. Көрмеден Атырау туралы арнаулы бөлімді көріп, кеудемізді қуаныш сезімі кернеді. Елбасымыздың Махамбет батырдың мерейтойында қаламыздағы Исатай-Махамбет ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзін оқыдық. Көрмеге қойылған жәдігердің барлығы да біздің егемен ел атанған жылдардағы тарихи сәттерден сыр шертіп тұрғандай.

 

Мәлике  МӘЛІК,

Суретті  түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button