«МЕНІҢ ТІЛІМ – ҚАЗАҚ ТІЛІ»

дейді корей қызы Анжелла КИМ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде көптеген ұлт өкілдері оқиды. Соның бірі – тарих-филология факультетінің журналистика мамандығының І курс студенті Анжелла Ким. Ұлты – кәріс. Алайда, қазақ тілін еркін меңгерген.


– Анжелла, алдымен, өзің жайлы айтып өтсең?
– Сегіз жылдан бері Атырауда тұрамыз. Атырау қаласындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті тәмамдап, қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тарих-филология факультетінің журналистика мамандығының І курс студентімін. Қазақ, орыс, корей тілдерінде сөйлей аламын. Бос уақытымда қазақ тіліндегі әдебиеттерді көп оқимын.
– Соңғы оқып тауысқан кітабың қайсысы?
– Достарымның арасында орыстар, кәрістер де бар. Негізінен, қазақ достарым көп. Кино қарасақ та, кітап оқысақ та, ертесіне бәріміз талқылаймыз. Соңғы оқығандарымның ішінде С.Омаровтың «Дала қызын», М.Әуезовтің «Абай жолын», Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе», батырлар жырын атай аламын. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен біраз байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Жарыстарда сыйлыққа ылғи кітап беретін. Қазір шағын кітапханамның басым бөлігін қазақша кітаптар құрайды.
– Қазақы ортада өскенің көрініп тұр. Қазақшаға судай екенсің. Тіл үйренуге көп уақыт жұмсадың ба?
– Қазақ тілін мектепте үйрендім, маған бұл тілді сынып жетекшім Шолпан Амангелдіқызы үйретті. Көптеген дайындық курстарына бардым. Ынталы адам ғана бірнеше тілді тез үйрене алатынына көзім жетті. Алайда, қазақ тілін терең үйреніп, қанатты сөздерімен сөйлегім келеді. Себебі, мемлекеттік тіліміз болғандықтан, дұрыс меңгеру – біздің міндетіміз.
– Қазақтың салт-дәстүрінің қайсысын жақсы білесің?
– Қазақы салт-дәстүрін мықтап ұстанамыз десем де болады. Әсіресе, айт мерекелеріне, көрісу, наурыз мерекесіне аса қатты мән береміз. Әртүрлі тағам дайындаймыз, қонақ күтеміз және қонаққа барамыз. Отбасымда анам екеуміз тұрамыз. Әкем осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өтті. Әкемнің қарындасы Корей елінде тұрады, онымен телефон арқылы жиі байланысып тұрамыз. Анам – Ирина Ким. Ол қолдан біраз бұйымдарды жасайды. Қазір дәмді етіп торт жасап сатады. Мен де анам секілді оқуымды аяқтап, жүрегім қалаған мамандық бойынша Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін.
– Болашақ журналист ретінде соңғы жаңалыққа құлақ түре жүретініңіз анық. Еліміздің қоғамдық өміріндегі қай өзгерістер сені баса алаңдатты?
– Елімізде тәуелсіздік пен ынтымақтастықтың арқасында жақсылықтардың куәсі болып келеміз. Әсіресе, Астанада өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXI сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі ұлт өкілдері арасындағы сөйлеген сөзі маған қатты әсер етті. Бүгінгі күні еліміздегі 40-тан астам конфессия мен деноминация өкілдері, 130 ұлт пен этникалық топ өкілдері, 22 республикалық және аумақтық ұлттық мәдени орталықтары бар. Олардың бәрі де тату-тәтті Қазақ елінде тұрып жатыр. Жиырма жылдан астам уақытта шаңырағы шайқалмаған бірлігіміз – көп жұртқа бұйырмаған байлық. Қазіргі заманғы жастардың көзқарастары, олардың патриоттық сезімдері мен өршіл ойлары да жиында кеңінен айтылды. Егемен еліміздің жастары қоғам өмірінен тысқары қалмауы керек деген ойын Елбасы баса айтты. Бұл – жастарға деген үлкен сенім.

 
Әңгімелескен Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз