Құтқарушыларға «Ерлік, құрмет пен батылдық» символы табысталды

whatsapp image 2022 03 01 at 22.11.48 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментіне Ту тапсыру рәсімі өтті. Атырауға жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаев  азаматтық қорғау органдарының Туын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Сәбит Битаевқа салтанатты түрде табыстады.

– 2020 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі құрылып, Туы бекітілді. Тәуелсіздік алған уақыттың  ішінде құтқарушылардың халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жанқиярлық ерліктері жетерлік. Бүгінгі рәсім де – азаматтық қорғау қызметкерлеріне үлкен құрмет, олардың халық пен аумақты төтенше жағдайлардан қорғау ісінде сіңірген еңбегі мен жетістіктерін мойындау. Барлық құтқарушыларды құттықтай отырып, ел игілігі үшін атқарған еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деген вице-министр департамент бастығы Сәбит Битаевқа «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісін табыс етті.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов сала қызметкерлері мен ардагерлерді Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнімен құттықтап, жауапкершілік жүгі ауыр қызметтеріне сәттілік тіледі. Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірдің құтқару қызметін жарақтандыруға бір миллиардтан астам теңге бөлінген. Биылғы жылы бюджеттен материалдық-техникалық жабдықтауға тағы бір миллиард теңгеден астам қаражат жоспарланып отыр.

Расында, құтқарушы болу – ердің ісі. Олардың «тілсіз жаумен» бетпе-бет күресуі нағыз қайсарлықтың белгісі. Осы орайда Нариман Бақытұлы қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін №3 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Сәрсенғали Қойбақов пен жедел құтқару жасағының құтқарушысы Есболат Қаюповты облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Ал, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Назымбек Балтабеков және қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Магомет Ахриев қызметтік пәтердің кілтіне ие болды.

Шара соңында Н.Жантөрин атындағы филармонияның шығармашылық ұжымы және департаменттің жеке құрамы өнер көрсетті.

Сонымен қатар, вице-министр Мереке Пшенбаев №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде авариялық-құтқару және өрт сөндіру техникасымен танысты.
Ал «Алау» спорт кешенінде таяуда Өскемен қаласында өткен өрт сөндіру-құтқару жарысында чемпион болған спортшылармен кездесті.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз