ЕЛ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРҒАН…
Еліміздің еңсесін тіктеп, экономиканы дамытуға сүбелі үлес қосқан Саламат Мұқашевты Атырау аймағында білмейтін жан кемде-кем. Еңбек жолын Мақат мұнай кәсіпшілігінде қарапайым жұмысшыдан бастаған ол сол кездегі Гурьев мұнай техникумын бітіреді. Кейін Қазақстан кәсіподақтары республикалық комитеті мұнай өнеркәсібі жұмысшыларының кәсіподағында нұсқаушы болып, 1951 жылдан бастап ширек ғасыр бойы партия органдарында басшылық қызметтер атқарды. Гурьев облысы Ембі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан компартиясы Гурьев, Маңғышлақ облыстық комитеттерінде бірінші хатшы болып еңбек етті. Әрдайым игі істердің басында жүрген көрнекті қайраткер, білікті басшы, қажырлы ұйымдастырушы ретінде танылды. Биыл бұл білім ордасының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында колледжге Саламат Мұқашев есімі беріліп, қуаныш еселене түсті.
Осыған орай оның есімі жазылған белгі тақтайша орнатылып, салтанатты жағдайда ашылды.
— Облыстағы мұнай саласына мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орнына танымал тұлға Саламат Мұқашевтың аты берілуі үлкен мәртебе деп санаймын. Ақтаңгер азамат бүгінде ортамызда болмаса да, өскелең ұрпақ біртуар жанның есімі атындағы колледжден білім алып шыққандарына мақтанатынына шүбә келтірмейміз,-деді аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы.
Бұдан кейін меймандар колледж мұражайында С.Мұқашевқа арналған көрмемен танысып шықты. Одан әрі салтанатты шара акт залында жалғасты. Колледж директоры Бақыт Шеркешбаева 85 жылдық тарихы бар, республикамызға, облысымызға қырық мыңнан астам мұнай саласы мамандарын шығарған бірегей білім ордасына С.Мұқашев есімінің берілуін әрқашан мақтан тұтатынын айтты. «Қарапайым жұмысшы ретінде еңбек жолын бастаған ол білікті басшы бола білді. Қиын-қыстау шақтарда дұрыс шешім қабылдап білгірлігін көрсетті. Бұл біздің көптен күткен ерекше күніміз. Оның үстіне, колледж мерейтойы алдында осындай мәртебеге ие болуымыз үлкен сый болды»,-деді ол.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан колледжге С.Мұқашевтың есімін беру туралы қаулыны шығару үшін Елордаға үш мәрте барғанын атап өтті.
– Қаулыны алғаш рет апарған күні ҚР Үкіметінің құрамы ауысты. Сосын құжатты қайта дайындап, жаңа құрамның келісімін алуға тура келді. Кейінгі жолы шығарылатын қаулылардың қатарында ағамыздың есімі болмады. «Ер кезегі үшке дейін» деген бар ғой, үшінші рет барған кезде ғана сәті түсті, — деген Шыңғыс Жұмабекұлы маңызды құжатты Саламат ағаның жары Мәрия Жақашеваға ұсынды.
Шара әрі қарай шынайы тілектер легіне ұласты. С.Мұқашевпен үзеңгілес еңбек еткен, тәжірибесін үйреніп, тәлімін алған Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев колледжге бұрынғы әріптесінің есімі берілуінің орынды екеніне тоқталды.
— Гурьевтегі мұнай техникумы ғасырға жуық уақыт бойы үздіксіз шәкірт тәрбиелеп келеді. С.Мұқашев тек облыс қана емес, еліміздің өркендеуіне үлес қосты, білікті басшы екенін көрсетті. Сондай-ақ, өзі осы оқу орнында білім алды. Енді сол білім ордасына есімі беріліп жатыр, біз бұған қуаныштымыз,-десе, келесі кезекті сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бейбіт Мамраев университет профессорларының шешімімен үздік студенттерге «С.Мұқашев атындағы шәкіртақы» тағайындалатынын жеткізді.
Саламат Мұқашев туралы жылы лебіздерін ардагер Төкен Танаұлы, «Мұнайшы» қоғамдық қорының Атырау аймақтық үйлестірушісі Болат Қабиұлы жеткізіп, осынау игі істің басы-қасында жүрген облыстық әкімдікке ризашылығын білдірді.
Ал, С.Мұқашевтың зайыбы Мәрия Сәлімгерейқызы Алматы қаласынан арнайы келіп, ерекше шараның маңызын әсерлей әңгімеледі. Бұл күнде абзал азаматтың артында қалған ұрпағы әке есіміне кір келтірмей, түрлі лауазымдарда табысты қызмет етуде екен.
– Бұл сәтте өзіміз де толқып тұрмыз. Кезінде білім нәрімен сусындаған Атырау политехникалық колледжіне есімі берілуін өскелең ұрпақ – жастармен бірге мерекелеудеміз. Еңбегінің еленгеніне разымыз. Игілікті жұмысқа мұрындық болып, қолдау білдірген облыстық әкімдік, мәслихатқа айтар алғысымыз шексіз. Осы колледжде оқитын студенттер Саламат аталары секілді еңбекқор, өз ісінің шебері болатына сенімдімін, — деп тілегін жеткізді.
Салтанатты шарада Саламат Мұқашевтың еңбек жолынан деректі фильм көрсетіліп, студенттердің дайындаған концерттік бағдарламасы көрермен назарына ұсынылды.
Айбөпе САБЫРОВА.