Жарнама
Қоғам

«ЭКСПО — 2017»: БОЛАШАҚТЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

ТАРИХТАН СЫР ТАРТСАҚ…

Бүкіләлемдік көрмелер тарихы 1851 жылы Лондонда өткізілген «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының көрмесінен» басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу мақсатында Халықаралық көрме бюросы құрылды. Бүгінгі күні ол –  өкілетті және ежелгі халықаралық құрылымдардың бірі. Оған 166 ел мүше.

Бүкіләлемдік көрмелер өткізілетін орын мен олардың тақырыбы әр елдің саяси, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалады. Құрылған кезден бастап көрмелер халықтар арасындағы ынтымақтастықты, бірлікті дамытуға ұмтылды. Көрмелер – бір жағынан, өткен мен бүгінгінің және болашақтың арасындағы байланыстырушы буын. Сондай-ақ, техникалық прогресс жетістіктерін насихаттайтын бірден-бір ықпалды құрал.

Тұңғыш Бүкіләлемдік көрме 1851 жылы Лондонда қала орталығындағы барлық экспонаттар сиятын үлкен бір ғимаратта өткізілген. Бұл үшін Хрусталь сарайы салынған. Оның тіреу құралдарының оранжереясы өзінің қайталанбас инженерлік конструкциясымен ерекшеленген.

1855 жылдан бастап Бүкіләлемдік көрмені бір ғимаратта өткізу концепциясы ескіріп, көрме кеңістігін ұйымдастырудың жаңа нысаны – көрме алаңдарын жасау идеясы туындайды. Сөйтіп, халықаралық көрме қалашықтары пайда болады. 1893 жылғы Чикагодағы «Ақ қала» – осындай қалалардың алғашқы қарлығашы. Көрмелерді бұлай ұйымдастыру салынған нысандарды келешекте де пайдалануға мүмкіндік берген.

Бүкіләлемдік көрмелерде әсіресе сәулетке аса көңіл бөлінген. Көрмені қабылдаған қалалар заманауилықтың, техникалық прогрестің және бүкіл әлемге танымалдықтың белгісі болуға лайықты бірегей ғимараттар салуға тырысқан. Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, тағы сол сияқтылар осы жұмыстардың нәтижесі.

Бүкіләлемдік көрмелер – өз еліңнің жақсы жақтарын көрсетудің таптырмас жолы. Мысалы, Айчидегі көрме Жапониядағы ұзаққа созылған дағдарыстан жол табуға мүмкіндік берді. Сарагосадағы көрме – орта көлемдегі қалалардың халықаралық масштабтағы шараларын тартуға ұмтылысының көрінісі болды. Ал, 2010 жылғы Шанхайдағы Бүкіләлемдік көрме және 2008 жылғы Пекиндегі Олимпиада ойындары Қытайдың қуатты ел екендігін көрсетті.

Бүкіләлемдік көрмелер көлемі, жаңашылдығы және келушілер саны жағынан ерекшеленуге тиісті. Халықаралық көрме бюросына мүше мемлекеттердің барлығы да «ЭКСПО»-ны қабылдап, осындай елеулі оқиғаны өз жерінде өткізуге ынталы.

 

АСТАНА – ЕУРАЗИЯ ЖҮРЕГІ

 2008 жылғы Сарагосадағы «ЭКСПО»-да Қазақстан 104 қатысушы ел арасында «С» санатындағы павильондар арасында павильон рәсімдеудің ішкі және сыртқы критерийлері бойынша қола марапатқа ие болған. Осында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұндай көрмені Астанада өткізудің мүмкіндігі туралы айтқан.

Ал, 2010 жылғы Шанхайда өткен «ЭКСПО»-да Қазақстан павильонының басты мақсаты Астананы халықаралық деңгейде әлемдегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан елдің астанасы ретінде таныстыру болды. Қазақстан ұлттық экспозициясының тақырыбы «Астана – Еуразия жүрегі» деп аталды. Бұл павильонға бір миллионға жуық адам келген еді.

2012 жылы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы «Жанды мұхит және жағалау» тақырыбындағы Халықаралық мамандандырылған көрмені қабылдады. Мұндағы Дүниежүзілік көрме қалашығында Қазақстанның экспозициясы ресми түрде ашылды. Жалпы аумағы 774 шаршы метрді құрайтын бұл павильонда Қазақстан туралы мол мағлұмат беріліп, Арал проблемасын шешудің жолы дүниежүзілік қауымдастықтың назарына ұсынылды. Осындай мүмкіндікке ие болған Бүкіләлемдік әмбебап көрме – «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия» тақырыбымен 2015 жылы Милан қаласында «Болашақ энергиясы» атауымен 2017 жылы Астана қаласында өткізіледі деп күтілуде.

 

КӨРМЕ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ?

Бұл жердегі басты мақсат – Қазақстанның ұлттық инновациялық-инвестициялық жобаларын халықаралық қоғамдастыққа таныстыру. Еліміздің инвестициялық климатын жақсарта отырып, өзімізге шетелдік инвестицияларды, озық технологиялар мен инновацияларды тарту. Көрме жұмысына халықаралық өнеркәсіптік, инвестициялық және консалтингтік компаниялар, бизнес қоғамдастықтар, қаржылық және экономикалық институттар, ұлттық компаниялар мен холдингтер, ғылыми және талдамалық орталықтар қатысады деп жоспарлануда. Ал, «бұл ірі шара мемлекетімізге не береді?» деген сауалға келейік.

Біріншіден, Қазақстан төрткүл дүниеге тағы жаңа қырынан танылады. Екіншіден, «ЭКСПО — 2017» көрмесі Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары қандай үлкен жетістіктерге жеткенін күллі әлемге паш етеді. Үшіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев 2050 жылға дейінгі белгілеген стратегиясында Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатын көздеген болатын. Ал, «ЭКСПО» көрмесі осы мақсатқа жетелейтін басты күш деп айтуға болады. «ЭКСПО»-ның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ көруге болады. Бұған қоса, Елордада ондаған мың жұмыс орындары құрылады, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін беріледі.

Дүние жүзі көз тіккен халықаралық мамандандырылған шараны сәтті өткізу елдігімізге сын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, Үкіметтің 2013-2018 жылдарға арналған «ЭКСПО — 2017» көрмесін ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Ұлттық жоспары қабылданды. «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ құрылды. Қазіргі кезде бұл ұлттық компания аталған шараны ұйымдастыру мен өткізу жұмыстарымен түбегейлі айналысып жатыр.

Бұл атаулы шараны өткізуге Қазақстанның дайындығын халықаралық көрме бюросы жоғары баға беріп, өздерінің оң көзқарастарын білдірген. Демек, бұл пікір, дайындық деңгейінің талапқа сай жүріп жатқанын көрсетіп отыр.

 

АЙМАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Бұл сұрақ бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың көкейінде жүргені белгілі. Көрмеге миллиондаған туристер келеді. Кәсіпкерлердің қызығушылығы оянады, инвестиция құйылады. Шағын және орта бизнес саласының өрісі кеңейеді. Ең бастысы, елімізге заманауи озық технологиялар мен ғылыми жетістіктер келеді. Сөйтіп, отандық кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық қолөнерді, туризмді дамыту, бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Тамыры тереңде жатқан ұлттық тарихымыз, басқа да табиғи құндылықтарымыз әлем халқының назарын аударары сөзсіз.

Осы орайда «Атырау облысы халықаралық көрмені өткізуге қандай нақты үлестер қоса алады?» деген сауал жетегінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жанатаевқа хабарластық. Ол былай деді: «Көрмеге жүзден аса мемлекет қатысады деген жоспар бар. Бұл ТМД елдерінде ғана емес, Орта Азия аймағында өтетін алғашқы көрме болмақ. Оны өткізу Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу технологияларын дамытуға көмектесіп қана қоймай, жалпы ел экономикасы мен инфрақұрылымын жақсартуға, туристік саланың дамуына септігін тигізеді.

Республикамыздың басқа өңірлері сияқты Атырау облысы да «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырудың және өткізудің 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспарына сәйкес жұмыс жасауда. Облыста туризм саласында жақсы дайындық жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде, ЭКСПО қонақтары Қазақстанның басқа да қалаларына 1-2 күндік саяхат жасайды деген жоспар да бар. Осыған байланысты әрбір аймақ өзіндік туристік маршруттарын әзірлеуде.

Біздің өңір бойынша «Хан Ордалы — Сарайшық» мемориалдық кешеніне қонақтарды апарып, оның тарихымен таныстыру және қала бойынша жоғары деңгейде шолу экскурсиясын өткізу, облыстық тарихи мұражайды көрсетуді ұйғарып отырмыз. Сонымен қатар, басқа да туристік нысандар назарға беріледі. Мысалы, Нарын құмындағы «Атамекен» туристік базасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы, тағы басқалар бар.

Гид-экскурсияшылармен гид-аудармышылар даярланып, әр облыс ЭКСПО-ға қатысуға жастар арасынан белгіленген санда волонтерлерді даярлап жіберетін болады. Бұл маңызды шараны өткізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарып, өз үлесімізді қосуға дайын отырмыз».

 Иә, әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО — 2017» көрмесін жоғары дәрежеде өткізуге тиістіміз. Өйткені, бұл – Қазақстандай алып мемлекеттің тағы бір абыройы асқақтап, мәртебесі биіктейтін шағы.

Ағиба ҚАТЕШОВА,

шолушы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button