Жалған ақпарат: Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

zhalgan akparat Қоғам

Қойшы көп болса, қой арам өледі. Технология мен техника дамып, түрленген сайын көрінеу жалған ақпарат таратушылар көбейіп барады. Замананың озығының игілігін көрген, әрине, дұрыс болар. Дегенмен, оқырман сауатсыздықтың, ақпараттың жалған-растығын ажырата алмағаннан опық жейді. Бүгінде не көп, блогер көп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қоғам белсенділері шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар…

Өкінішке қарай, осындай әрекетке барып, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып, мәселенің «бояуын қалыңдатып» әсірелейтіндер бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін түсіне бермейтін секілді.   

–  Қылмыстық заңда – көпшілік арасында дүрбелең тудырып, жаппай тәртіпсіздікке үндейтін, сол арқылы қоғамға қауіп төндіруді көздейтін шындыққа жанаспайтын мәліметтер көпе-көрінеу жалған ақпарат болып саналады. Бүгінге дейін департаментке 24 хабарлама келіп түсті. 10 арыз алынып, үшеуіне әкімшілік хаттама толтырылған, қалған 11-іне қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. 

Қазір жан-жақтан ағылған ақпаратта шек жоқ. Олардың жалған сөзді болуы әбден мүмкін. Ақпараттың көптігінен оларды қорытып үлгере алмай жатамыз. Тіпті кейде олардың ақ-қарасын ажыратпастан сол күйінде таратып жіберетіндер де бар. Қазір бір ақпараттың әлемге таралуына 10 секундтың өзі жеткілікті. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар аламыз. Мұның өзі техниканың жетістігі. Десе де зияны да жоқ емес. Мұндай жалған ақпаратты қасақана тарату азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірері сөзсіз. Сонымен қатар мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін  жайлар туындауы мүмкін.

Ойыннан от шығады

Ойнап жүріп от басқан талай жағдай кездесіп жүр. Бір қызығы, жалған ақпарат тарататындар бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Мұндай ісі үшін жауапкершілікке тартылатындарын біле бермейді екен.

Естеріңізде болса, жыл басында Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында телекоммуникация желілерін пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат таратқан жергілікті белсендіге қатысты қылмыстық іс қаралған еді.

Бұл қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша тергелген. Яғни, Д. 2022 жылғы 3 шілдеде өз пәтерінде А.С. атымен тіркелген Facebook әлеуметтік қосымшасының көмегімен ұялы телефон арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызатын көрінеу жалған, яғни Қарақалпақстанға митингілерді басу үшін Қазақстан әскерлері жіберілгені туралы шындыққа сәйкес келмейтін қауесет таратқан. Әскер жіберілген жағдайда жаппай наразылық ұйымдастыруға шақырған бейнероликті жүктеген. Сот үкімімен Д. кінәлі деп танылып, оған 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған еді. Іс апелляцияда сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұраған сотталушының және оның қорғаушысының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болмады. Сол себептен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыда соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

Ол ол ма, өткен жылы 14 атыраулық оқушы облыс орталығындағы №2 Ж.Нәжімеденов атындағы мектепке «бомба қойылғанын» хабарлағаны тағы бар. 

Бұдан бөлек, WhatsApp мессенджерінде «балаларға мектеп, дүкен, көшелерде белгісіз біреулер есірткі қосылған конфет таратып жатыр. Соның әсерінен балалар уланып, ауруханаға түсіп, қайтыс болыпты» деген аудиохабарлама тараған. Бұл да жалған ақпарат. ІІМ жалған ақпарат таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан. «Жалған ақпарат – жарға жығар» дегендей, өтірік ешқашан да өрге баспайды.

Жалғандық жарға жығады

Бұрын тек ойын-сауық құралы ретінде қабылданған әлеуметтік желілердің қазіргі таңда мәртебесі мен әлеуетінің өскені сонша, бұқаралық ақпарат құралдары халық алдында жүрген белсенділер мен қоғам қайраткерлері, шенеуніктердің әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемелеріне жиі сілтеме жасайды.

–­ Қоғам сенсацияға, елді елең еткізетін ақпаратқа құмар. Кейбір сайттар оқырман, қаралым жинаудың тиімді жолы ретінде осындай  фейктерге құмар. Яғни, манипуляциялау үшін жалған ақпарат ойлап тауып жатады. Оның себебі де  анық. «Сенсация» қоғамның қызығушылығын оятады. Бұрын дәстүрлі БАҚ-та ақпараттың объективті, нақты, дәлелді, шынайы және ескірмегеніне маңыз берілетін. Оның үстіне бұрын суреттер, видеолар алдамайды деп сенсек, қазір оны да қолдан жасап алу оп-оңай. Мысалы, суреттерді өңдеу арқылы жасап, видеоларды монтажбен кесіп, өзіңізге қажеттіні қосып алу әп-сәтте. Сол себепті фото-видеоның өзі жалған болып шығуы ғажап емес.  Тек техниканың тілін біліп, монтаж, фотошоптың қыр-сырын білсе жетіп жатыр, – дейді Исатай ауданының тұрғыны, жазушы Мұрат Бектенов.  

Әсіресе, мұндай жағдайлар пандемияның кезінде белең алды. «Екпе арқылы чип салады екен. Қайда, кіммен жүргенімізді бақылап отырады екен» немесе «ұшақпен вирус шашып жүр, бүгін бәленше бірнеше рет байқапты» деген сыңайлы дақпырттың даланы кезгені өз алдына, қызғылт сары түсті зат шашып жүрген ұшақтың суреті ел-жұрттың зәресін ұшырды. Жығылғанға – жұдырық, өзі түрлі «короналардан» зәрезап болған бұқара кез келген жағдайға сеніп, есеңгіреп қалған болатын.

«Адамзатты сөз бұзады»

–  «Сөз – қорғасыннан да ауыр» дейтін дана жұртымыз сөздің салмағын сезіне білген. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» деп оның қаншалықты жауапкершілігі бар дүние екенін ескерткен. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп, ақпараттың таралу ауқымын да көрегендікпен жеткізген. Қазіргі дамыған технология заманында айтылған ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын, тұтас шартарапты  шарлап, әлемді әбігерге салады. Ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жалған ақпараттардың таралуына және бүгінгі қазақтың әлеуметтік желіде дауласуына ғаламтордың ықпалы зор, – деген психолог Мәрзия Ермұханова елді дүрліктіруден ләззат алатындардың бар екенін де жасырмады.  

 Қоғам белсендісі, ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұр Фейсбуктегі парақшасында «Анау жазушы мына жазушыны бүйтіпті, мынау ананы сөйтіпті» деген тақырыптарды құптамайтынын жазады. «Екеуара, үшеуара әңгімеде, мүмкін. Алайда, әлеуметтік желілерде, аудиторияны басқарып болмайтын гу-гу ортада түкке қажеті жоқ. Мұндай әңгімелер біздің қазақты өшірмесе, өсірмейді. Кім не десе де ол кісілердің барлығы заманында қолынан келетінді жасап, кейінгі ұрпаққа мол дүние қалдырып кеткендер. Солардың тырнағына татып алсақ, жарайды. Өткен-кеткенді олай шұқитын болсақ, жас ұрпақ оның барлығын әлеуметтік желіден оқып алса, мектептегі әдебиет сабағында не айтамыз? «Өй, мен ол кісі туралы оқыдым, кешегі сабақта өткен жазушы ағайды сатып кеткен екен ғой?» деп қарап отырса ше?!

Олай болса, жерден жеті қоян тапқандай, өзімізді судан ақ, сүттен таза қыла бермейік. Әйтпесе, алмағайып заман не істетпейді?» дейді. Рас, жаңбыр жаумай су болып, орынсыз дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Мұндай алып-қашпа жазбалар әдебиетіміз бен тарихымыздың бұрмалануына да әкеп соғуы әбден мүмкін.

Құтыру мен тұтылу – бір-ақ сәт

Айтпақшы, бүгінде шетелде білім алып жүрген ІТ маманы ақпарат таратушыны анықтаудың қиын еместігін айтады. Оның айтуынша, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып, Google іздеу жүйесіне салсаңыз болғаны, сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал, Whatsapp, т.б. арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады.

Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан технология ғарыштап дамыған заманда ешкімнен ештеңені жасырып қала алмайтыныңыз анық.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз