БИІК ПАРАСАТ ИЕСІ

Міне, тағы бір мерейлі мереке келіп жетті. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Барша қазақстандықтар құп алған, шын көңілімен тойланатын айтулы мейрам. Осы орайда, елімізге белгілі бірнеше тұлғаға бірер сауал жолдағанбыз. Алдымен, Елбасы бойындағы қандай қасиет ерекше ұнайды? Одан әрі, Президент күні несімен маңызды? 

akauҚайрат ИЩАНОВ, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Алдымен, Елбасымен етене араласып жүргенімде байқағаным – ол кісінің бойында өзгені тәнті ететін, талайды таңғалдыратын ғаламат қасиеттері көп. Соның бәрін санамалап шығу да мүмкін емес. Мен солардың ішінен көрегендігін ерекше атар едім. Оның үстіне, Мемлекет басшысы өзі сенген нәрсеге өзгелерді де сендіре алады.
Үш тұғырлы тіл бағдарламасы да – Елбасы көрегендігінің жемісі. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие. Сан жылдар тұтынған орыс тілі – республикадағы өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас құралы. Ал, ағылшын тілі әлемдік сахнаға жол ашады. Бүгінде шетелдік әріптестерімен еркін сөйлесіп, тіпті оларға бағыт беріп жүрген жастарға риза боламыз.
Ұлттық қор – ұрпаққа қажет қазына. Оны да Елбасы көрегендікпен құрды. Қысылғанда қолданар қаражат санады. Сайып келгенде, әр отбасы, тіпті әр адам кейінге керек қаржысын сақтайды емес пе? Міне, сол сақтағанымыз кәдеге асқалы тұр. Әлемді тағы да экономикалық дағдарыс биледі. Қазір-ақ кей мемлекеттер тығырыққа тірелді. Дамыған елдердің өздерінде тұрақсыздық белең алды. Дамуын тежеп, әліптің артын бағып отырғандар да бар. Ал, біздің елімізде жаңа жобалар қолға алынуда. Сонау Астанадан бастап, республиканың барлық өңіріне автожолдар тартылмақшы. Халықтың әл-ауқаты арта түспек. Өзге де іргелі істер тындырылмақ. Осының бәрі – Ұлттық қордың ырыздығы.
Елбасы о баста-ақ өндіру саласынан өңдеуге бағыт ұстады. Бұл көрегендік емес пе? Әлемнің дамыған елдері тек шикізатқа иек артпайды. Қазір дүние жүзінде мұнай бағасы арзандады. Қазақстан – көмірсутегіне бай ел. Демек, осы шикізатымызды тиімді пайдалану қажет. Сыртқа сол күйінде емес, одан дайын өнім жасап шығару керек. Республикадағы үш мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылып жатқандығы да сондықтан. Атырауда тұңғыш рет газ-химия кешені тұрғызылуда. Қазір республикада автокөліктер жасалуда, мұнай-газ өнеркәсібі үшін құралдар дайындалуда, өзге де өнімдер өндірілуде.
Елбасы көрегендігінің асқар шыңы – астананы Алатаудан Арқаға көшіруі. Оған да жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Ал, о баста бұл шараға қарсылық танытқандардың да болғандығын білеміз. Бүгін ше? Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігін әлем мойындады. Астана республиканың қиыр шетінен ортасына әкелінді. Содан ұтылдық па? Әрине, жоқ. Бүгінде Астананы әлем таниды. Оны Еуропа мен Азия аралығындағы алтын көпір санайды. Осында қаншама халықаралық деңгейдегі кездесулер ұйымдастырылды. Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасалды. Астанада дүние жүзінің дәстүрлі дін өкілдері төрт мәрте съездерін өткізді. Келесі жылы жұмысын бастайтын Еуропалық экономикалық одақ құру туралы құжатқа осы қалада қол қойылды.
Айта берсек, Елбасы көрегендігінің куәсі болатын оқиғалар көп-ақ. Осындай көреген басшысы бар ел ешқашан адаспайды.
Одан әрі, Елбасын ұлығылау – елімізді ұлығылау. Әр дәуірде өмірге бір-ақ рет келетін қайталанбас ғажайып тұлғалар болады. Мен Нұрсұлтан Әбішұлын сондай жандардың қатарына қосамын.
Қазір Қазақстан – дүние жүзі мойындаған, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет. Әлемнің төрт бұрышы таниды. Жиырма жылдың ішінде халықтың әл-ауқаты күрт көтерілді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жалақыға жарымай, газ бен су тапшылығын сезген жұрттың бүгінде еңсесі биік. Дүрілдетіп той жасап, шаттығын шалқытуда. Қос-қос көлік мініп, зәулім үйлер тұрғызуда. Іргелес елдер қызығушылық танытады.
Қызмет бабымен шет елдерге шығамыз. Қазақстаннан келгенімізді білгендер бастарын шайқап, Елбасымыздың ғажайып істерді тындырып жатқандығына қайран қалады. Тарихи қысқа мерзімде осыншама табысқа жеткенімізге сенер-сенбестерін те білмейді. Бірақ, бәріне уақыт төреші. Біз кейбір елдер сан жылдар бойы бағындыра алмаған шыңға небәрі жиырма-ақ жылда шықтық.
Ендеше, елімізді осыншама жетістіктерге жеткізген, халқымызды бақытты болашаққа бастаған, кемел келешекке жетелеген Тұңғыш Президентімізге қандай құрмет те лайық. Біз мұны, әсіресе, жастар санасына сіңіруіміз керек. Солар бұл мерекенің неліктен тағайындалғанын білуі тиіс. 
axisХисмет Табылдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Алдымен, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі еліміз тәуелсіздік алған сәттен-ақ сезілген-ді. Дамудың нарықтық қатынастары таңдалып, сырттан инвестиция тартуға бағыт ұсталды. Сан мемлекетті өзі жеке аралап, ірі компаниялардың бетін бері бұрды. Бұл тың тәсілге бастапқыда тосырқай қарағандар да табылды. Ал, бүгінде халқымыз ашықтық саясатының игілігін көріп отыр. Ен байлығымызды шетелдіктермен бірлесіп игерудеміз. Ешкімге есеміз кетіп жатқан жоқ.
Сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Елбасымыз әлемнің озат техникасы мен озық технологиясын меңгеру қажеттігін көрегендікпен болжаған. Жастарды дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарына жіберді. Соларда білім алғандар бүгінде өндіріс тұтқасын ұстай бастады. Ешкімнен кем емес. Шетелдіктермен иық тіресе еңбек етіп жатыр.
Одан әрі, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы аға ұрпақ өкілдерінің әлі жадында. Мызғымастай көрінген кеңестік кезең келмеске кетті. Бұрын бір одаққа біріккен республикалар дербестігін жариялады. Шашылған тарыдай бытырады. Кейбірі әлемдік картадан орнын да алып үлгермеді. Экономикалық байланыстар бұзылды. Тығырыққа тіреліп, халқын басқара алмаған ел басшылары да болды. Бірқатар республиканы жалын шарпыды. Мылтық кезеліп, оқ атылды.
Ал, бізде мұндай жағдайдың бірде-бірі орын алған жоқ. Елбасы халқын бірлікке шақырды. Татулыққа үндеді. Экономиканы қалыптастыруға ұмтылды. Шет елдермен байланыс орнатты. Тағат таппай, күні-түні еңбек етті. Соның бәрін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Жалпы, Елбасымыз өзі сенген нәрсеге өзгені де сендіре алады. Қолға алынған жобаны межесіне жеткізгенше табандылық танытып, нәтижелі аяқтауға күш салады. Міне, әр адам осылай табандылықпен қызмет істесе, біз бағындырмайтын белес болмайды. 
ameirМейірхан ЖАМАНБАЕВ, ішкі істер генерал-майоры, Астана:
Алдымен, Елбасы бойындағы көп қасиеттерінен табандылығын ерекше атар едім. Өзім қатардағы жауынгерден генералға дейін көтерілген әскери адам болғандықтан, қызметім табандылыққа үйретті. Және осындай жандарды жаным сүйеді.
Мен республиканың сегіз облысында ішкі істер құрылымын басқардым. Осы саладағы жалпы еңбек өтілім 40 жылдан асады. Соңғы қызметімде Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы болдым. Бүгінде «Семсер» жеке күзет компаниясында жетекшілік жұмыстамын.
Еліміздің қол жеткізген табыстарының бәрін Елбасының табандылығымен байланыстырамын. Тәуелсіздіктің бастапқы баспалдағындағы қиындықтарды аға ұрпақ ұмытқан жоқ. Оны бүгінгі жастар көрмей-ақ та қойсын. Көрмейтін де шығар. Өйткені, еліміздің экономикасы қалыптасты, жағдайымыз жақсарды. Өзімізбен қатар тәуелсіздігін жариялаған көп елдерден көш ілгері келеміз. Міне, соның бәрі – Елбасының табандылықпен жүргізген саясатының нәтижесі.
Табандылық жұмыстың сан саласында көрінеді. Осы Астананы тұрғызғанда табандылық керек болмады ма? Әрине, қажет еді. Әйтпесе, оған сенімсіздік танытқандардың көздерін қалай жеткізерсің. Бүгінде о баста астананы көшіруге қарсылық білдіргендер өздерінің сол көзқарастарынан қысылатын да шығар. Өйткені, әлем қызығатындай сәулетті қала пайда болды.
Одан әрі, біздің Президентіміз қалай ұлықтауға да лайық. Дүние жүзінде алғашқы ел басшыларын дәріптеп, олардың халқы алдында сіңірген еңбегін елеп жүрген мемлекеттер баршылық. Жоқтан бар жасап, қуатты мемлекет құрған адамды жұрты неге көкке көтермеске?
Осы орайда, Мемлекет басшысының Қазақстанның бүгіні үшін істеген ісін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет. Олардың еліміздің ертеңіне сүбелі үлес қосулары керектігін ұғынғандары абзал. Елбасы жастарды билікке батыл араластырып отыр. Соларға үміт артады. Ендеше, сол сенімге лайық болған жөн.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз