ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Алматы қаласындағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясында жуырда Тұңғыш Президент күніне орай «дөңгелек үстел» өтті. Оған оқу орны ұстаздарымен қоса студенттер де белсене қатысып, Елбасының балалық және жастық шағын, талай асуларды бағындырған мемлекетімізді қалыптастырудағы жүріп өткен жолын, жүргізіп отырған сарабдал саясатын әңгіме арқауына айналдырды.

Арнайы жасақталған слайд-көрмедегі фотосуреттер де Мемлекет басшысының өмірінен, Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылған елеулі оқиғалардан сыр шертті.

Осы орайда, академиямыздың СБР-15-7 тобында білім алып жатқан атыраулық Абылай Әлжановтың белсенділігін ерекше атап өткен жөн.  Студент өз сөзінде Елбасымыз ерен еңбегі мен қайраткерлігін бүкіл дүние жүзі мойындаған дара тұлға екендігін айта келе, еліміз Ұлт көшбасшысын халыққа деген көзқарасы үшін құрметтейтінін жеткізді. Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында Қазақстан бүкіл әлемдегі тұрақтылықтың үлгісі ретінде танылып келетінін, ең маңыздысы, мемлекетіміз бейбітшілік пен тыныштықты үлгі ететінін мысалдар келтіре отырып жеткізді.

Сондай-ақ, Елбасы ұсынған Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясы, «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаты кемел келешекке бастайтын құнды бағдарламалар екенін нақты деректермен көрсетті.

«Елбасы жастарға үлкен үміт артуда. Жарқын болашақ жастардың қолында екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан, болашағымызды еліміздің дамуы, одан әрі гүлденуіне арнаймыз», деп патриоттық рухпен және жалынды жігермен айтқан студентімізге қарап, біздің кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді.

Сонымен қатар, шара барысында Ә.Бөгенбаева, Л.Ақбаева, А.Құттыжолова және басқа ұстаздар еліміздің Президенті ұсынған үш тұғырлы тіл саясатының маңыздылығына ерекше тоқталды.

Өйткені, үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесін көре алады. Ал, қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтеріліп, мәңгілік тілге айналады. «Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді өшіруді емес, өсіруді, дамытуды көздейді. Міне, ұстаздар мен студенттердің осы пікірі бір жерден шықты. 

Сонымен қатар, басқосуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүние жүзіндегі бірлікке, бейбітшілікке, дінаралық татулыққа қосып жатқан үлесі де сөз болды.

Байқағанымыз сол, оқу орнымызда талантты, талапты, жігерлі жастардың білім алып жатқанын көріп қуандық. Олар маман иесі атанған соң тәуелсіз, саяси тұрақты еліміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек ететіндеріне сенімдіміз.

Әсем БӨГЕНБАЕВА,

Қазақ сәулет-құрылыс академиясының доценті. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз