Жарнама
Қоғам

ЕҢБЕК КОДЕКСІНІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ НЕДЕ?

1.Жаңа Еңбек Кодексінің жаңалығы неде?

2.Жұмыс берушінің құқығы, жұмысшының қорғалуы, дағдарысқа қарсы шаралар туралы не айтар едіңіз?

 

adiasДиас СҰЛТАНОВ, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

Әлеуметтік  әріптестікке  ашылған  жол

1. — Жаңа Кодекстің басты жаңалығы, меніңше, әлеуметтік әріптестік институтын қалыптастыруға және оның жұмыс істеу нәтижелілігін арттыруға жасалған қадам болды. Ондағы мақсат – әлеуметтік әріптестер институтының тарапынан жұмыс орындарын сақтап қалу және мамандарды жұмыстан жаппай босатуды болдырмау амалдарын қарастыру. Осы ретте Атырау облысының әкімдігі, «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері арасындағы 2015-2017 жылдарға арналған келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өткім келеді.  Сондай-ақ, жаңа заң кәсіподақтардың қоғамдық бақылаушы ретіндегі ролін, маңызын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

2. — Екінші сұрақ бойынша қысқартуды барынша азайту амалдарының заңмен бекітілгенін айтуға тиіспіз. Яғни, жұмыс берушінің кадрларды уақытша жұмысқа қабылдауды тоқтату, мамандарды қайта даярлап, кәсіпорынның ішінде босаған жұмыс орындарына ауыстыру, лауазымдарды қоса атқарудан, үстеме жұмыстан, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстан бас тартып, оны жұмыстан қысқарту жағдайында тұрған кандидаттарға беру арқылы жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндігі бар.

Енді жұмыстан қысқартудың заңды, заңсыздығы да алдын-ала тексерілетін болады.  Мәселен, жұмыс берушілер қысқартылатын мамандар және еңбек жағдайларын өзгерту жөніндегі шешімдерді қабылдардан бір ай бұрын бастауыш кәсіптік одаққа шешімдердің (бұйрықтардың) жобаларын және олар бойынша негіздемелерін жолдауға міндеттеледі. Осы тетік арқылы, жұмысшылардың заңда көзделген өз құқықтарын пайдаланып, қысқарту процесіне тікелей қатысуына мүмкіндік туады. Және бұл қадам еңбек дауларының алдын алуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. 

Еңбек Кодексімен бірге, Әкімшілік Кодексіне де өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер негізінен жұмыс берушілерге байланысты:

2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енген Әкімшілік Кодекс бойынша, жалақыны уақытында төлемеген, ұжымдық шарт жасаудан қашқақтаған, қызметкерлерді жұмысқа еңбек шартынсыз қабылдаған жұмыс берушілер заң алдында қатаң жауапқа тартылатын болады. Яғни:

— Заңсыз жұмысшылар үшін төленетін айыппұл – 30-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейін;

— Жалақыны кешіктіргені үшін төленетін айыппұл – 30-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейін;

— Ұжымдық шарт жасамағаны үшін – 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. 

Еңбек шарты қандай жағдайда бұзылады?

қызметкердің зейнет жасына толуы және бір айдан жоғары белгісіз себептермен жұмыста болмауы;

еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша, білімін тексеруден қайталап өте алмаған жағдайда;

өндірістік, көрсетілетін қызмет және атқарылатын жұмыс көлемінің төмендеуі  кәсіпорынның экономикалық жағдайының нашарлауына себепші болса;

меншік иесінің немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның (органның), заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен, атқарушы орган басшысының және тағайындалатын (сайланатын) қызметкерлердің уәкілеттігі тоқтатылып, еңбек шарты бұзылуы  мүмкін.

Сіз не дейсіз?

abisakCерікқали БИСАҚАЕВ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми зерттеу институтының Бас директоры:

Мүгедек  жандарға  мүмкіндік  мол

— Биылғы жылдан бастап күшіне енген Еңбек Кодексі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше жағдай туғызып отыр. Мен үшін басты, әрі негізгі жаңалық осы болды.  Бұдан былай, кәсіпорындағы жұмысшылардың екіден төрт пайызға дейінгі көрсеткішін мүгедек жандар құрауы тиіс. Бұл – жұмыс берушілер ерекше тізімдегі адамдар үшін арнайы жұмыс орнын құруға міндеттеледі деген сөз.

Және олардың мүгедек жандар үшін қажетті жабдықтарға жұмсаған қаражатын мемлекет субсидиялайтын болады. Заңмен бекітілген тәртіп бойынша, кез келген жұмыс беруші мүгедек азаматты аптасына  36  сағаттан артық жұмысқа пайдалана алмайды.

 

azhanuzГүлмира АТАЙМАНҚЫЗЫ, «Халлибуртон Қазақстан» ЖШС кадр бөлімінің маманы:

Ұжымдық  шарттың  ұтары  көп

—  Жаңа заң жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қатынасты негізінен ұжымдық шарттар арқылы реттеуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, жұмысшы көтерген кез келген мәселе бұдан былай ұжымда талқыланып, компанияның ішкі заңдылықтарына енгізілетін болады.

 Тағы бір мәселе – өндірілетін өнім көлемі азайған жағдайда, құрылымдық бөлімше жабылған жағдайда, жұмысшыны басқа орынға ауыстыру мүмкіндігі болмаған уақытта жұмыс берушікелісім-шартты бұза алады. Бірақ, мұндай жаңалық туралы бір ай бұрын қағаз жүзіндегі ескерту беріліп, екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеумен ғана шектелмей, жұмыс берушінің маманның атқарған қызметі, біліктілігі туралы ақпараттарды жұмыспен қамту орталығына жолдауға міндеттелуінің өзі басқа саланы тиісті кадрмен қамтуға жол ашады деп ойлаймын.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button