Жарнама
Қоғам

ЕҢБЕК ДАУЫ ЕРІККЕННЕН ТУМАЙДЫ

Міне, Атырауда өткен «Шетелдік қатысы бар кәсіпорындардағы әлеуметтік қақтығыстарды болдырмау және наразылық көңіл-күй әлеуетін төмендету жөніндегі жұ-мыстар тиімділігін арттыру туралы» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» осы өзекті мәселені шешуге арналды. Оған республиканың батыс аймағындағы облыстардың да өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» басындағы басқосуды Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізіп отырды.

ТАПСЫРЫС   БЕРУШІ – СЫРТ БАҚЫЛАУШЫ  ЕМЕС

Жиналғандарға Атырау жеріне «қош келдіңіз» айтқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мұндай шараның аса маңыздылығына тоқталды. Сайып келгенде, Елбасының өзі үлкен мән беріп отырған еңбек ұжымдарындағы жанжалдарды  ушықтырмай басу, олардың зардаптарын таратпау керектігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан,елге келген инвесторлармен тіл табысып қызмет істеген жөн.

Бұл жөнінде кіріспе сөзінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің инспекторы Ертай Алтаев та айтты. Тәуелсіздік алған сәттен-ақ нарықтық қатынастарға бет бұрған Қазақстан әлем елдерімен ашық қарым-қатынас орнатып, дүниежүзілік аты бар компанияларды өзіне тарта білді. Әйтсе де, шетелдіктер де отандастарымызбен терезесі тең байланыс орнатуы тиіс. Өйткені, тәуелсіздік жылдары бізде де терең білімі мен толымды тәжірибесі бар мамандар жетілді. Олар ешкімнен де кем емес. Демек, өзін сыйлайтын инвестор өзгені сыйлай білуі шарт.

Ал, Атырау облысы прокурорының орынбасары Серік Шалабаев сөзін еңбек заңдылықтарын бұзу фактілеріне бұрды. Оның айтуынша, биылғы өткен мерзімде республикада барлығы 150 наразылық акциясы тіркеліпті. Соның екеуі бізде болған екен. Осы реніштердің 10,6 пайызы еңбек заңдылықтарына қатысты болып шықты. Демек, өзге де дау-дамайлар орын алып жатқанымен, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы белең алып келеді. Үстіміздегі жылы көп адам қатысқан ірі толқулар Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында кездесіпті. Мұнда өндіру саласының қызметкерлері ереуілге шыққан.

Прокуратура тарапынан жүргізілген сараптама нәтижесі көрсеткеніндей, жыл ішінде қызметкерлердің жұмыс жағдайының нашарлығына, жалақының аздығына, басшылардың міндеттемесін орындамауына байланысты наразылықтар жиілеп кетіпті.

Серік Шалабаевтың айтуынша, еңбек дауларын шешуде кей реттерде мемлекеттік құрылымдар да өзара әрекет ете алмай жатады. Әйтпесе, қолданыстағы заңдылықтарда мұндай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылған. Ендеше, неге соларды қолданбасқа?

Республикалық деңгейде алғанда, бүгінде Қарағанды облысында өте күрделі әлеуметтік ахуал қалыптасқан. Мұнда «АрселорМиттал Теміртау» және «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамдары арасындағы азаматтық дау өндірісте жарақат алған жұмысшыларға өтемақы төленбеуіне соқтырды.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан айтқандай, республиканың өзге өңірінде болған оқиғаларға да жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бейнелеп айтқанда, көршідегі өрт өз үйіңді де шарпуы ықтимал. Сондықтан, «өзім аман қалсам жарайды» деген психология жараспайды.

Оның үстіне, бізде де алаңдатарлық ахуал бар. Соның ішінде жалақыға қатысты күрделі мәселе орын алған. Мәселен, республика бойынша 82 кәсіпорында 1 млрд. 204,9 млн. теңге берешек қалыптасса, мұнайлы мекенде 1454 жұмысшы өздеріне тиесілі барлығы 160 млн. теңге еңбекақысын ала алмай жүр. Қашаған кенішін игеруге қатысты құрылыс жұмыстары аяқталуы салдарынан мердігер мекемелерде жаппай қысқартулар жалғасуда. Жыл соңына дейін тағы үш мың шамалы атыраулықтың жұмыстан босауы күтілуде.

Солтүстік Каспий жобасы бойынша жұмыс жасап жатқан «Манпауэр Сервисез» компаниясында қызметкерлермен жасалған еңбек шарты қолданыстағы заңдылықтарды қасақана бұза рәсімделген. Прокуратура орындарының араласуымен ғана ол қалпына келтірілген. Сөйтіп 1146 жұмысшының заңды құқы қорғалған. Олардың 160 млн. теңгелік жалақысы мен өтемақысы төленген.

Серік Шалабаевтың айтуынша, өздерінің мердігер ұйымдарында еңбек заңдылықтары өрескел бұзылып, жұмысшылар реніш білдіріп жатқанда тапсырыс беруші сырттай бақылаушы ғана болған. Ал, Аджип ҚКО компаниясында мердігер ұйымдарда еңбек заңдылықтары сақталуын қадағалайтын тұтас құрылым бар емес пе? Егер компанияның 20-30 мердігер мекемелеріндегі жеті мың шамасындағы қазақстандықтың құқықтары қорғалмаса, тапсырысшы не тындырып отыр? Оның үстіне, кез келген мердігер ұйымдарды мемлекеттік құрылымдар қадағалағаннан гөрі тапсырысшы тарапынан тексерген тиімді. Өйткені, күнде көреді, жиі араласып жүреді. Сайып келгенде, тапсырыс беруші – сырт бақылаушы емес. Ол да атқарылған жұмысқа тікелей жауап беруі тиіс.

Осы орайда прокуратура қызметкері алдағы уақытта еңбек ұжымдарында заң бұзушылықтар анықталып жатса, кәсіпорынның бірінші басшысын жазаға тартуды ұсынды.

қақтығыс неден  туады?

Өз тарапымыздан айтар болсақ, Атырауда еңбек дауы әуелден бар. Онымен сонау Теңіз кенішін алғаш игерген кездері-ақ кездескенбіз. Жергілікті жігіттер бастапқыда венгрлермен белдесті, кейін түріктермен тіресті. Кейінгі жылдары ірі дүрбелең саябырсығанымен, қазір де ара-тұра кикілжің болып тұрады. Мұның қаупі қандай?

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Әлеуметтік әріптестік орталығының бас менеджері Дос Көшімнің пайымдауынша, бірлескен кәсіпорындардағы сәл ғана ұрыстың соңы ұлттық сипат алып кетуі ықтимал. Мәселен, өндіріс басында қазақстандық және шетелдік маман бір нәрсеге келіспей қалды делік. Қызуқанды біреуі екіншісіне жұдырық ала жүгіруі де ықтимал. Ал, оған өзгелері араласады. Міне, жаппай төбелес осыдан туады. Кеше ғана бірге жұмыс жасап жүргендер енді жергілікті және сырттан келгендер болып бөлініп шыға келеді.

Белгілі саясаттанушы елге келген инвесторлардың бізге түсініксіз саясат ұстанатындығын да жасырмады. Рас, әр кәсіпорынның ішкі тәртібі бар шығар. Бірақ, соның өзі келген мемлекетінің мүддесімен қабысып жатуы тиіс емес пе? Мәселен, сонау жылы Қызылордадағы Қытай компаниясының ертеңгілік өз елінің әнұранын орындауын қалай түсінуге болады? Және оны осында қызмет істеп жүрген жергілікті адамдарға да міндеттейтін көрінеді. Ұлтжанды қазақ азаматтары дүр сілкінді. Кейін тексере келгенде, бұл компанияның көп жылдардан бері қалыптасқан дағдысы екен. Жә, бола қойсын. Бірақ, соны өз елінде орындамай ма? Қазақтың кең даласының ортасында тұрып Қытайдың әнұранын орындамақ па? Міне, Дос Көшім осы жайды ашық айтты.

Немесе, шетелдік компаниялардағы аудармашылардың 90 пайызы қазақ тілін білмейді. Орысша да, ағылшынша да, тіпті басқа тілде де сайрап тұр. Бірақ, мемлекеттік тілді ұқпайды. Жергілікті тұрғындарды бұл да ашындырады. Инвесторлардың осыны да ұғатын кезі келді.

Кедендік одақ бар, Еуразиялық кеңістікке шыққалы жатырмыз. Демек, шекарамыз бұрынғыдан да ашылады, келімді-кетімді кісілер көбеймек. Сол кезде бір-бірімізді құшақ жая қарсы алудың орнына, жұдырық ала жүгіргеніміз жараспайды.

«Қазақты ұран тастап, бірауыз сөзбен көтеруге болады, бірақ тоқтату қиын» деп тұжырымдады пікірін Дос Көшім. Бұл – ешкімді үркіту емес, бірақ құлақ қоятын ескерту.

Жергілікті жұмысшылардың ренішін туғызатын тағы бір жай – жалақыдағы алшақтық. Атырау облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ишайдың айтуынша, шетелдік маман мен қазақстандық кадрдың жалақысындағы айырма кейбір компанияларда он еседен асып жығылады екен. Әрине, алғашқылардың пайдасына. Атқарып жүрген қызметі де, тағайындалған лауазымы да бір – бірақ, сырттан келгендер ақшаларын уыстап алады да, біздікілер түйірлеп санайды.

Оның үстіне, инвесторлар ретін тауып отандық мамандардың өзі де жарытусыз жалақысынан жырып қалуға тырысады. Бұл, әсіресе, бас және қосалқы мердігер мекемелерге тән көрініс. Мәселен, биылғы шілдеде Солтүстік Каспий жобасы бойынша «D» аралында еңбек етіп жүрген 200 шамалы жергілікті жұмысшылар қызметке шығудан бас тартты. Мәселенің мәнісін анықтағанда, компания басшыларының  қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге тиісті өтемақысын төлеуден бас тартып отырғандығы белгілі болды. Айта берсе, мұндай қасақана заң бұзушылықтар жеткілікті.                      

…Қысқасы, елге келген инвесторды ешкім кеудесінен кері итеріп жатқан жоқ. Президенттің нақты тапсырмасы бойынша, оларға Қазақстанда бизнесін өрістетуге барлық жағдай жасалуда. Ендеше, шетелдіктердің біздің мамандарға шекесінен қарамай, терезесі тең әріптес тұтқандары жөн. Жалпы, бұл өзекті мәселе осы отырыспен ғана шешіліп қалмайды. Демек, оған алдағы уақытта айналып соғамыз.

       Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button