ЕҢБЕК АДАМЫНА ДЕГЕН ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Алайда, Мемлекет басшысының бұл кеңесте елдегі барлық кәсіпорындарды өндіріс көлемі төмендеген жағдайда да, жұмыс орындарын сақтауға міндеттегеніне ерекше тоқталған жөн. Бұл аймақта сандаған құрылымдар жұмыс жүргізіп жатқан Атырау үшін тіптен маңызды. Сондықтан, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы ретінде мен бұл жағдайды айрықша атап өтер едім.
Жиында жұмыс адамы үшін ең бастысы – өзінің жұмыс орнын сақтау екендігі айтылды. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе туындамайды. Бірақ, Президент барлық компаниялардың назарын мына жағдайға ерекше аударды: «Егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол, мүмкін, басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жұмыс адамына осыншалық құрметпен қарау оның мерейін өсіретіні анық. Атырау облысында да еңбеккерлердің құқықтарын аяқасты етпеу мақсатында жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, өткен жылдың соңында Атырау қалалық білім бөлімі зейнет жасына жеткен қызметкерлерді жұмысынан шығаруға ұмтылған. Бірақ, кәсіподақтың араласуымен бұл ұстаным күшін жойды.
Мұны айтып отырғандағы себебім, қай кезеңде де еңбек адамының мүддесі елеусіз қалмауына, сонымен қатар, жұмыс орындарының қысқармауына мән берілуі керек. Кешегі алқалы жиында осы басты мәселенің бірі ретінде қойылуын дұрыс санаймын.
Дияс СҰЛТАНОВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.