Достықта жоқ шекара
Көршілес Ресейдің Астрахан облысымен арасын Қиғаш өзені бөліп тұрған, шекара шебінде орналасқан Құрманғазы ауданының Сафон ауылдық округінде 363 отбасы тұрады. Мұндағы біраз көшеге тақтайдай тегіс жол төселген. Түгелдей түнгі жарықтандыру шамдарымен, табиғи газбен және таза ауыз сумен толықтай қамтылған. Сафондықтардың басты кәсібі – балық шаруашылығы. Осы бағытта «Каспий таңы» өндірістік кооперативі жұмыс жасайды. Одан бөлек 20 шаруа қожалығы, 12 кәсіпкерлік нысаны бар.
«Сафон ауылы – көпұлтты, ынтымағы мен бірлігі, татулығы мен берекелі тірлігі жарасқан елді мекендердің бірі. Сол ауызбірліктің айқын көрінісін тасқын судың қаупі төнген сындарлы сәтте айқын аңғардық. Үлкен-кішіге, ұлтқа бөлінбей, бір үйдің баласындай болып төтенше жағдайдың бетін тойтарып, қауіпті қайтаруға жұдырықтай жұмылған ауылдастардың қарекетін көріп, осыған куә болдым.
Әу баста мұнда орыс ұлтының саны басым болатын, сафондықтардың 70 пайызын солар құрайтын. Бүгінде қарттары өмірден өтіп, бақилық болса, ұрпақтарының біразы, әсіресе жастар жағы отбасы, тұрмыс жағдайымен қоныс аударып, басқа жаққа көшіп кеткен. «Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір» демекші, қазақтармен ағайындай араласып, бір туған жандардай бауыр басып кеткен өзге ұлт өкілдерінің бір-біріне деген пейілдерінің кеңдігін, ажырамас достығын көргенде өз туысыңнан да бетер жақын тартып тұратының шындық».
Сөзін осылайша сабақтаған округ әкімі Роза Қамзаева одан әрі әңгімесін былай жалғады: «Ауыл тұрғындары халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанатыны өз алдына, ұлттық мереке-мейрамдарын да бірлесіп өткізеді. Көрісу амалында өзімізбен бірдей ауылдың жасы үлкен аға-апаларына «Бір жасыңызбен!» деп сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасады. Қуанышын да, қайғысында бөлісіп, бірге жүреді. Біз де олардың ұлттық, діни мейрамдарына қатысамыз.
Аралас некеге келсек, Андрей Богатов есімді орыс жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы Сәуле Қадырқұлова, корей ұлтының өкілі Яков Ким мен қандасымыз Қамар Құмарова, тағы басқа жұптары жарасып, татулығымен бүкіл ауылға үлгі-өнеге танылған тұрғындардың есімдерін ерекше құрметпен атаған ләзім. Бұлардың бәрі де ұл-қыздарын аяқтандырып, ұрпақтарының қызықтарын көріп, қуаныштарына кенелсе, ата-аналары мен туыстары бауырмал қазақ халқымен төс қағыстырып, мыңжылдық құда болысып, тамырластықтың тінін үзбей, болашаққа жалғаған, соған сара жол салған жандар. Бір айтарым, топырағында кіндік қанымыз тамып, бауырында туып-өскендіктен көзімізге алақандағыдағыдай болып көрінетін ауылымыздың өзі үлкен және кіші Сафон болып екіге бөлінеді. Оның үстіне Астраханмен арадағы барыс-келіс пен алыс-беріс ешқашан үзіліп көрген емес. Шекара шебінде тұрсақ та, біздің достығымызға ешқашан сызат түспеген. Лайым да, солай жалғаса бергей».
Дәулетқали АРУЕВ