ДІНДЕР ДИАЛОГЫНА – ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұңғыш рет 2003 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған болатын.
Қазақстан Президентінің ұстанымында әлем және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы келіссөз өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашып, зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізеді. І съездің мақсаты әлемдік және дәстүрлі дін нысандарында жалпы адами бейіндерді іздестіруге, дін келіссөзін жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін үнемі әрекет ететін халықаралық конфессия-аралық институтын құруға негізделген болатын. Форумға қатысушылар арасында қазіргі әлемдегі діннің рөлі және кез-келген діннің негізгі адамгершілік құндылықтарының жалпы адамзаттық сипаты туралы ашық пікір алысуға қол жеткізілді.

Съезд барысында өркениеттер, конфессиялар, халықтар арасында құрылымдық келісімді нығайту мен келіссөз орнату жолында батыл қадам жасалғандығын атап өтуіміз керек. Дінаралық келіссөздің қоғамдық даму мен барлық халықтың әл-әуқатын жақсартудың негізгі кілттерінің бірі болып табылатындығын ескерсек, жиын соңында делегаттар «діндер келіссөзінің тереңдеуі және пікірталас жүргізе білуге құрылуы керек» деген пікірге келді.
Өткен іс-шараның қорытындысы әр үш жыл сайын дінаралық форум өткізу туралы І съездің шешімімен бекітілді. Сондай-ақ, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезін Астана қаласында ұйымдастыру мәртебесі берілді. Бұл -елімізге үлкен сенім артылып отыр деген сөз.
2006 жылы Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі өтті.
«Бейбітшілік және келісім сарайында» болып өткен жиын «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбына арналды. Форумның бірінші күні «Дінаралық келіссөз қағидаттары» қабылданды.
Осы жерде бір айта кетерлігі, съезд қорытындысы бойынша оған қатысушылар барлық дін және этникалық топтар өкілдерін мәдени, діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын бірлескен Декларацияны қабылдады. Бұл құжатта «қақтығыстар идеологиясын», «әлем мәдениетіне» алмастырудың жаһандық қажеттігі көрініс тапты. Кейін 2009 жылы Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезіне 77 елден келген, әлемнің барлық басты діндеріне қатысы бар 77 делегация атсалысты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылғы 13 қарашада қабылдаған қарарына сай, съезд БҰҰ жүйесінің қатысуымен өтті.
ІІІ съезд жұмысын үйлестіру үшін мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгерілетуді көздейтін басқа да форумдар және халықаралық ұйымдармен әрекеттестік пен ынтымақты кеңейту ниетімен Президент Нұрсұлтан Назарбаев Діни лидерлер кеңесін құруды ұсынды.
Аталмыш басқосудың бірінші күні «Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлемді құрудағы діни көшбасшылардың рөлі» атты тақырыптың аясында отырыс өтті. Ал, келесі күні іс-шара «Моральдық және діни құндылықтар», «Сұхбат және ынтымақтастық», «Пікірлестік әсіресе, дағдарыс кезіндегі пікірлестік» атты үш бөлім бойынша жалғасты. Форум қорытындысы бойынша Үндеу қабылданды.
Осыдан бір жыл бұрын Елордада болып өткен әлем діндерінің IV дәстүрлі съезі «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Форумға 40 елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация атсалысты.
Басқосу аясында Форум институттарының қалыптасуы жалғасты. Атап айтқанда, үйлестіруші орган – Діни лидерлер кеңесі құрылып, оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Діни лидерлер кеңесінің мүшелері Елордадағы «Мәңгілік ел» даңқ қақпасының маңында «Рухани жарасым» аллеясын ашып, оған көшеттер отырғызды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық толеранттылық пен сенімнің қалыптасып, нығаюына арналған G-Global порталының құрамдас бөлігі болатын интернет ресурсын түзуді ұсынды. Ел Президенті төртінші форумда сөйлеген сөзінде осыған дейін өткен съездердің әлемнің «өркениеттер қақтығысының» шыңырауына құламауына біршама септігін тигізгенін атап өткен болатын.
Осылайша дәстүрлі түрде өткен съездер «әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қоғамдар қайткенде де бір-бірімен қақтығыспай қоймайды» деген идеяның негізсіз екенін дәлелдеді. Мінеки, алғашқы съезд өткеннен кейінгі он жылдан бері Астанада болған барлық дінаралық форумға қатысқан діни жетекшілер диалог, өзара түсінік пен құрметтің барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлттардың жарастығы және қауіпсіздігін, берекесі мен өзара бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын планетамыздағы тегеурінді күш екенін паш етуде. Астанада өткен төрт съездің жұмысына ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің сұхбат алаңында діни қауымдар арасындағы рухани жақындасу хақында келелі әңгімелер болды, сондай-ақ әлем азаматтарына, халықтарына және үкіметтеріне арналған үндеулер қабылданды. Бүгінгі сыни тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің жаһандануы заманында Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы ғаламдық диалогты ілгерілету саласындағы ізашарлардың бірі болып, өзара түсінік пен құрмет мәдениетінің орнығуына зор үлес қосты.

Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,
ҚР Дін істері Агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Талдау жұмысы бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз