Жарнама
Қоғам

ДІНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ –ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

 

Өткен ғасырларда көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы өзге де жұртпен тығыз байланыс орната білді. Қай уақытта да халқымыз өз жағдайын ғана ойлап қоймай, өзге ұлттар мен ұлыстарға қонақжайлылық пейіл танытты. Кеңес заманының өзінде солақай саясат салдарынан еріксіз жер ауып келгендердің өзі жергілікті халықтың мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен таныса отырып, қазақ халқымен тіл табысқанын, өткен дәуірдің ауыртпалығын бірге өткергенін әлемдегі өзге де елдерге үлгі етуге болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше, барша адамзаттың тілегі бір», — деген болатын.

Дін секілді өте нәзік мәселені «екі шұқып, бір қараған» еліміз бүгінде діни төзімділіктің де үлгісін көрсетіп келеді. Халықаралық ұйымдар мен әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қомақты үлес қосуда. Мұның бір ғана айқын дәлелі – дүние жүзінде тұңғыш рет қазақ жерінде ұйымдастырылған әлемдік және дәстүрлі діни жетекшілердің съездері. Мұндай дін лидерлерінің жиынын өткізу туралы Елбасының идеясын ислам, православие, католицизм, буддизм, индуизм, иудаизм және басқа да көптеген діндердің өкілдері бірауыздан қолдаған болатын.

Бүгінде елімізде 17 конфессияға тиесілі 3088-ден аса діни бірлестік тіркелген. Осы діни бірлестіктерге дінтанушылық сараптама және ғылыми талдау жасайтын білікті мамандар қажет. Себебі, елімізде ислам дінінің атын жамылып, жастардың діни сауатсыздығын өз мүдделеріне пайдаланып, жастарды теріс жолға салып жүрген топтар аз емес. Сондықтан, еліміздегі жат діни ағымдарға қарсы тұратын ұстаным мен сыни көзқарас қалыптастыру маңызды.

Еліміздегі 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң діни саладағы мемлекеттің пәрменділігін арттырып, зайырлылық қағидатын айқындай түскенін айтқым келеді. Дінге құштар жастарды ең алдымен ұлттық рух пен зайырлы мемлекеттік негізде тәрбиелеп, исламдағы көркем мінезділік және адамгершілік құндылықтарға баулып, Отанды сүю, қоғам мен адамды құрметтеу секілді ұстанымды санасына сіңіру қажет. Сонымен бірге, жастарды діни этикалық өмір салтына үйретіп, біртіндеп дін негіздерін оқыту керек. Жастарға кәсіби бағдар беру мен мәдени-спорттық кешендер жұмысын жетілдіруге мән беру де маңызды.

Қазіргі уақытта жастар арасында діндарлар қатарының көбейіп отырғанын ескерер болсақ, олардың дүниетанымына сыйластық, яғни өзге діндерге құрметпен қарау, дінді ұстанбайтын азаматтарды түсіне білу және ұлтаралық келісім мәдениетін қалыптастыру өзекті болып табылады. Біз бүгінгі өскелең ұрпаққа ұлт руханияты үшін ұлттық тіл, ұлттық діл және діннің рухани тұғыр болып табылатынын, осы үшеуі бір-бірімен ажырамаған жағдайда ұлт тұтастығы берік болатынын түсіндіргеніміз абзал.

Дінді өркениеттің, мәдениеттің феномені ретінде қарастыруға болады. Оның әр өкілі христиан, православ, иудей, буддист бола отырып, өзге өркениеттің мән-мағынасын түсіне біліп, оған құрметпен қарауы тиіс. Өзара түсіністік пен сыйластықтың, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында ғана тіршілігіміздің жалғасатынын түсінуіміз қажет. 

                 Есен САМАТ,

Е.Халықов атындағы 

№7 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі,

Жылыой ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button