
Деструктивті діни ағымдармен күрестің пәрменділігі неде?
Атырау қаласындағы Абай орталығында облыстық дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес: мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылы» тақырыбында облыстық форум өтті.

Форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің өзекті мәселелері мен деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру. Осы бағытта экстремистік және террористік сипаттағы ақпараттық материалдарды анықтау, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру мен оңалту жұмыстарының оң нәтижелеріне қол жеткізу көзделді.
Шараға құқық қорғау органдарының, арнайы қызметтердің, шекаралық бақылау және кеден қызметінің, Ішкі істер органдарының қызметкерлері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, діни бірлестіктермен жұмыс жасайтын мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бұл форумның мемлекеттің қауіпсіздігін, елдің бірлігі мен қоғамның тұтастығын сақтауда қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Қатысушылардың назарына аймақтағы діни ахуал және осы салада атқарылған жұмыстардың барысын баяндайтын бейнебаян ұсынылды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдардың кандидаты, доцент Бүркіт Нұрмағамбетов пен М.С.Нәрікбаев атындағы университеттің «Ислам және қазақ құқығы орталығының» басшысы, исламтанушы-теолог Асқар Сабдин арнайы шақырылып, бұл саладағы бай тәжірибелерімен бөлісті.
Дін істері басқармасы жанындағы «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ басшысының орынбасары Қалыбек Құбайдоллаев «Атырау облысы Дін істері басқармасының атқарған жұмыстары мен қарсы насихаттық іс-шаралардың нәтижесі», Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдардың кандидаты, доцент Бүркіт Нұрмағамбетов «Деструктивті идеологиядан қоғамды сақтау — жалпыға міндет» тақырыптарындағы баяндамаларын ұсынды.
Сондай-ақ форум барысында «SURA» мобильді қосымшасының тұсаукесері өтті. Бұл қосымша арқылы тұрғындарға деструктивті діни ағымдар туралы ақпарат алу, онлайн кеңес қызметтеріне жүгіну және діни экстремизмнің алдын алу бағытында көмек көрсету көзделген.
Жалпы, форум аймақ деңгейінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жұмыстарының үйлесімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайтуға және тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді, – деді форумды ұйымдастырушылардың бірі, «Жәрдем-Атырау» қорының мүшесі Шұғыла Еңсеп.
Дәулетқали АРУЕВ