Жарнама
Қоғам

Дәстүрлі медиа бәсекелестікке қабілетті ме?

*28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында

Бүгінгі заман – өзгеріс пен жылдамдықтың заманы. Ақпарат көздері күн сайын емес, сағат сайын жаңарып жатыр. Осындай кезде дәстүрлі басылымның бәсі бәсеңдеп қалғаны рас. Енді уақыт талабына бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білген газет үшін бұл кезең – екінші тыныстың ашылар шағы.

Бүгінде тек қағазға басылған нұсқамен шектелмей, әлеуметтік желіде де белсенді жұмыс істейтін, экраны арқылы сөйлей алатын басылымға сұраныс жоғары. Ол үшін заман талабын түсініп, жаңа технологиямен үндесе жұмыс істей білу қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында республика және облысқа белгілі журналист әріптестер дәстүрлі баспасөздің бүгіні мен ертеңі туралы «Мінбер» айдарында пікір білдірді.

1. Газет заманауи кеңістіктегі орнын қалай сақтап қала алады?

2. Жастарды газетке қалай қызықтыруға болады?

3. Дәстүрлі басылым цифрлық медиамен қалай үндесуі тиіс?

Айнұр САПАРОВА, журналист,

«Ақ Жайық» сайтының тілшісі:

Газет те пайда таба алады

1. Қазіргі цифрлы заманда барлық сала онлайнға көшіп жатқанда, дәстүрлі баспасөз, соның ішінде газет үшін оқырманын сақтап қалу – үлкен сын. Әлеуметтік желілер мен жаңалық сайттары ақпаратты жедел жеткізіп жатқанда, күн сайынғы газет материалдары кешігіп бара жатқандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайда газетті оқуға ынта танытатын тұрақты оқырман табу да қиынға айналды.

Бүгінде көпшілік жаңалықты Telegram-нан, Instagram парақшаларынан немесе жаңалық сайттарынан бірден көргісі келеді. Ал газет парақтап оқуға дағдыланған буын болмаса, жаңа буын үшін ол артық салмақтай көрінеді. Бұл – шындық. Бірақ сонымен қатар, газет атауын сақтап қалудың да, оның мазмұнын байытып, жаңаша жол іздеудің де маңызы орасан.

Газеттің өміршең болуының бір ғана жолы – ерекшелігі. Оқырманды қызықтыратын, еш жерде жарияланбаған эксклюзив материалдар қажет. Көпшілікке маңызды, бірақ ешкім қозғамаған тақырыптар – баспасөздің басты қаруы болуы тиіс. Қоғамда талқыланып жүрген, бірақ терең талданбаған мәселені газет зерттеп жазса, оқырман оны міндетті түрде іздейді. Ал бұл үшін сапалы журналистика керек. Шын мәніндегі ізденіс, зерттеу мен сараптама жазатын тілшілер қажет. Ол уақытты керек етеді, әрі оларға лайықты еңбекақы төлеу де маңызды.

Бірнеше бөлімнен тұратын сериялы материалдар да – оқырман тартудың жақсы жолы. Әр санында жалғасы шығып отыратын, келесі санын асыға күтетін дүниелер болса, оқырманның газетке деген қызығушылығы қайта оянар еді. Бірақ бұл да үлкен еңбек пен шығармашылықты талап етеді. Ал қазіргі таңда көп редакцияда адам саны аз, жүктеме көп. Күніне бірнеше жаңалық, бірнеше ақпараттық материал талап етіледі. Мұндайда журналистің сапалы сараптама жазуға уақыты да, мүмкіндігі де бола бермейді.

Сондықтан газет ақпарат кеңістігінде қаламын десе, цифрлық форматтарын қатар дамытуы қажет. Әлеуметтік желідегі парақшаларын, жаңалық сайттарын белсенді жүргізіп, көпшілікке ыңғайлы жолмен ақпарат тарата білуі керек. Газетпен бірге жүретін қосымша платформа – бүгінгі күннің талабы.

Қорыта айтқанда, баспасөз үшін күрделі кезең. Бірақ газет атауы, оның қоғамдағы орны мен беделі әлі де маңызды. Оқырманын жоғалтпаудың жолы –  сапалы, терең әрі ерекше контент ұсыну. Ол үшін адами ресурс пен шығармашылық еркіндік қажет.

2. Жастарды газет оқуға тарту оңай шаруа емес. Әлеуметтік желіге үйренген, жылдам ақпаратқа тәуелді буынды газетке бет бұрғызу – үлкен сұрақ тудырады. Дегенмен мүлде мүмкін емес дей алмаймыз. Ол үшін алдымен жастардың өзіне жақын тақырыптар көбірек көтерілуі керек. Олардың өмірі, мәселесі, қызығушылығы – бәрі газет бетінен көрініс тапса, бәлкім, назар аудара бастар.

Мысалы, жастар жиі баратын жерлерде – кофеханаларда газет тарату арқылы жастар арасынан өз оқырманы табылып қала ма деген ой да келеді. Ондай жерлерде олар кітап та оқиды, тынығып отырып газет те шолып шығуы мүмкін. Әрине бұл идеяның іске асуы екіталай көрінуі мүмкін, бірақ бірді-екілі адамнан басталып, көбейіп кетуі де ғажап емес. Сонымен бірге кітап клубтары сияқты арнайы газет клубтарын құру туралы ой да бар. Аптасына бір рет жиналып, газетте шыққан материалдарды талқылау – әрі пікір алмасу, әрі оқырман қалыптастырудың бір жолы. Бұл жасанды көрінгенімен, бастамасыз нәтиже болмайды.

Дегенмен мұның бәрі – үлкен сұрақтың айналасындағы ұсыныстар ғана. Бүгінгі жастардың санасы – цифрлық кеңістікте. Ал газеттің табиғаты – баяу, терең, сабырлы ойға құрылған. Екеуінің арасын жалғау үшін креативті тәсілдер қажет. Бұл бағытта ізденіс керек. Ізденіс болса, мүмкіндік те табылады.

3. Дәстүрлі басылымдардың барлығы дерлік цифрлық кеңістікке бейімделуге ұмтылып жатыр. Басылымдардың көпшілігінде өз сайты бар, әлеуметтік желілерде белсенді парақшалары жұмыс істейді. Бұл – заман талабы. Соның арқасында газет ақпарат таратушы ғана емес, сонымен бірге табыс таба алатын құралға айналып келеді.

Мысалы, менің байқауымша, кейбір аймақтық басылымдар – Ақтөбедегі «Диапазон» немесе Ақтаудағы «Лада» секілді газеттер бұл бағытта жақсы жұмыс істеуде. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларына жарнама орналастырып, оны қосымша табыс көзі ретінде пайдаланып отыр. Бұл басылымдардың өз прайс-парақтары бар, жарнама қызметін ұсынуға бейімделгенін аңғартатын қадамдар байқалады.

Бұл – жергілікті басылымдарға, әсіресе, таралым азайып, газетке жазылушылар саны кеміп жатқан тұста, өзін өзі қаржыландырудың тиімді тәсілдерінің бірі. Дәстүрлі БАҚ-тың заманауи платформада тіршілік етуі үшін осындай икемді, нарыққа бейімделген шешімдер қажет-ақ.

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

Қазақ журналистикасының қайраткері,

ҚР Мәдениет қайраткері, ардагер журналист

Жастармен тіл табысқан басылым ұтады

1. Газет әрқашан өз орнын сақтап қалу үшін күресе білуі қажет. Қазіргі жаһандану дәуірінде, ақпарат тасқыны толастаған жоқ – керісінше, үдей түсті. Осындай заманауи өзгерістер кезеңінде газеттің мойнындағы міндет бұрынғыдан да арта түсті. Заман ағымынан қалмай, жаңашылдыққа ұмтылып, ізденіспен жұмыс істеу – кез-келген басылым үшін басты талап.

Ол үшін газет қызметкерлері үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, білімін толықтырып отыруы шарт. Оқырман көңілінен шыға білген басылым ғана биік белестерді бағындыра алады. «Газет бір күндік болса да, оның сөзі мың күндік» деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Расында, газеттің әрбір сөзі – қоғамдық пікір қалыптастырушы, халық пен билік арасындағы алтын көпір.

Алайда қазіргі таңда аптасына бір рет шығатын газет үшін ақпаратты жедел жеткізу – үлкен мәселе. Өйткені оқырман газет қолға тигенше барлық жаңалықты теледидар мен радио, интернет және әлеуметтік желілер арқылы біліп үлгереді. Бұл да назардан тыс қалмауы тиіс жайт.

Сонымен қатар ақпарат сайттарында әртүрлі мазмұндағы материалдар толассыз жарияланып жатады. Бұл да дәстүрлі басылымдарға белгілі бір дәрежеде қиындық туғызатыны анық. Сондықтан бұл мәселелерді бірлесіп ойласып, ортақ шешім табу – уақыт талабы.

Газеттің қоғамдағы маңызын арттыра түсу – басты міндеттердің бірі. Оның таралымын көбейту мәселесін де күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет. Жергілікті басылымдардың қазіргі жағдайы – алаңдатарлық. Бұл – жергілікті билік өкілдерінің де белсене араласатын шаруасы. Себебі, халыққа жеткізер ақпарат, елдік мәселелер мен өңірлік насихат – осы газет арқылы жүзеге асады.

2. Жастар – елдің ертеңі, қоғамның болашағы. Сондықтан олардың үнін естіртіп, ой-пікірін жеткізетін материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе баспасөзде көбірек жариялануы тиіс. Бұл – уақыт талабы.

Жастардың газетке деген қызығушылығын арттыру үшін оларды толғандыратын өзекті мәселелер терең әрі тартымды тілмен жазылуы қажет. Егер жастарға арналған мақалалар жүйелі, әсерлі әрі өмірмен тығыз байланысты түрде берілсе, олар газетті іздеп жүріп оқитын деңгейге жетері анық. Мұнда түрлі журналистік тәсілдерді, тың форматтарды қолдану – өте маңызды.

Жастардың ой-санасын оятатын, оларды тәрбиелейтін, жігерлендіретін тақырыптар жиі қозғалуы қажет. Мәселен, ұлт зиялыларының, Алаш ардақтыларының жанқиярлық күресі, ел мүддесі жолындағы ерлігі – ұмыт қалмауы тиіс рухани азық. Мұндай дүниелер жас буынның бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттырады.

«Жастар газет оқымайды» деген біржақты пікірмен шектелу – үстірт көзқарас. Шын мәнінде, газет оқитын жастар бар. Тек олардың қызығушылығына сай, мазмұны бай, заманауи тілмен жазылған материалдар қажет. Бұл – журналистердің алдына қойылар маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ ел тағдырына қатысты мәселелер, тәуелсіздікті баянды ету жолдары, ішкі және сыртқы саясатқа арналған сараптамалық мақалалар жиі жарық көрсе, оқырман да, қоғам да басылымға бет бұрады. Газет – қоғамның айнасы. Оны әлеуметтік процестерден бөліп қарауға болмайды. Қоғамнан қол үзіп қалған басылымның болашағы да бұлдыр.

Осыны әрбір журналист, әрбір баспасөз қызметкері жете түсінгенде ғана газет шынайы оқырманын тауып, халыққа ықпалды құралға айналмақ.

3. Бүгінде ақпарат кеңістігінде тек дәстүрлі тәсілдермен шектеліп қалуға болмайды. Цифрлық дәуір талабынан тыс қалмай, заманмен үндесе жұмыс істеу – уақыт талабы. Газет қағаз нұсқада ғана емес, интернет кеңістігінде де өз орнын табуы тиіс. Ол үшін бар мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет.

Оқырмандармен байланыс-тың барлық түрін жедел әрі тапқырлықпен қолдана білген басылым ғана алға жылжиды. Қоғаммен кері байланыс орнатудың тың жолдарын іздеп, жаңа идеялар арқылы оқырман сұранысына сай өнім ұсыну – басты міндет.

Сайттарды көбейте бергеннен гөрі, нақты бір-екі жүйелі, мазмұны бай, жиі жаңарып тұратын тұрақты платформаларды қалыптастыру – әлдеқайда тиімді. Оқырманға сенімді, үнемі жаңарып отыратын ақпарат көзі қажет. Бұл бағыттағы басты қажеттілік – ізденіс. Ал ізденіс бар жерде даму бар, жетістік бар.

Бір ғасырдан астам тарихы бар «Атырау» газеті – өңірдегі ең байырғы әрі дәстүрлі басылымдардың бірі. Оның әрбір мақаласы – ел шежіресі, өлке тарихының айнасы. Газет бетінде жарияланған материалдар ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық сана мен рухты жаңғыртуға үлес қосып келеді. Бұл – өте маңызды әрі дұрыс бағыт.

Сан ғасырлық шежірені арқалаған «Атырау» газетінің алар асуы әлі алда. Тек соған жету үшін бүгіннен бастап батыл қадам, жаңашыл серпін қажет.

Ербол СЕЙІЛХАН, журналист,

медиа менеджер, YouTube продюсер

Жаңа медиа – дәстүрлі басылымның екінші тынысы

1.  «Қазір газет оқылмайды» деген пікір жиі айтылады. Расында да, жаңа медианың дамуымен азаматтық журналистика дәуірі басталды. Әлеуметтік желілердің арқасында бұрын дәстүрлі медиа тісін батыра алмаған тақырыптар ашық талқыланып жүр. Мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді басылымдар үшін бұл – күрделі мәселе. Белгілі бір шеңберден шыға алмайтын дәстүрлі медианың орны тарылып бара жатқандай әсер қалдырады. Бірақ бұл – толық шындық емес. Газет өзін жаңа медианың кеңістігінде қайта таныстыруы тиіс.

 Қазір басылымдар PDF нұсқаларын ұсынып, Instagram, Facebook, Telegram секілді әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, өз оқырманын қайта тартып алуға ұмтылып жатыр. Алайда бұл әрекеті жеткіліксіз. Қазір адамдардың назары – видео контентте. TikTok, YouTube Shorts, Instagram Reels – бәрі қысқа, әсерлі видеолар арқылы ақпарат таратуға көшті. Ақпаратты көпшілік осы платформалардан алады. Ал газет осы аламанда қалыс қалмауы қажет.

Газет мақаласын жарнамалаудың бір жолы – оның қызықты тұстарын бөліп алып, 20-30 секундтық видео жасап, әлеуметтік желілерде тарату. Сонымен қатар YouTube арнасын дамыту – уақыт талабы. Мәселен, әр облыстың тарихы мен тұлғалары туралы бейнематериалдар көпшілікті қызықтырары сөзсіз. 

Себебі бүгінгі аудитория сан қырлы. Олар тек саясат емес, күнделікті тұрмыстық, мәдени, тарихи, технологиялық контентке де зәру. Үй жөндеу, көлік жөндеу, білім беру – осы бағыттарда қазақтілді бейнемазмұн жоқтың қасы. Бұл – үлкен мүмкіндік.

 Жаңа медианың тағы бір ерекшелігі – минимализм. Заманауи студия ашуға миллиондаған қаражат қажет емес. Смартфон, микрофон, қарапайым жарық – осының өзі контент жасауға жетеді. Қазіргі заманда кез-келген БАҚ табыс тауып, өзін-өзі қаржыландыруы қажет. Бұл – сапалы контент жасаумен тікелей байланысты. Газет өз миссиясынан айнымай, замана көшінен қалмауы қажет.

SMM – баспасөздің екінші тынысы. Ол үшін әлеуметтік желілердің барлығын қамтитын, креативті ойлайтын маман керек. Бұл бөлім тек газетке емес, медиахолдингке жұмыс істеуі қажет. Қазір жасанды интеллект құралдарын пайдалану да – тренд. Мысалы, ЖИ қолдану арқылы көп тапсырманы автоматтандыруға болады. Бүгінде әлемдік медиа саласы жасанды интеллектінің мүмкіндігін сәтті қолдана бастады.

 Газет тек газет болумен шектелмей, жаңа медиа кеңістігіне бейімделмесе болмайды. Мәселен, YouTube пен TikTok-та аймақтық тарихқа арналған парақшалар ашып, монетизацияға айналдырудың мүмкіндігі бар. Бұл – тың серпін, жаңа аудитория.

Қазіргі таңда TikTok-та 14 миллион қазақстандық тіркелген. Бұл дегеніңіз – жарты ел. Мұндай аудиториямен санаспауға болмайды. Сондықтан газеттің ресми парақшасынан бөлек, резервтік парақшалар ашып, контенттің сан алуандығын қамтамасыз ету – басым бағыт.

Бүгінгі медиа кеңістігінде «бір кабинетке қамалған журналистика» емес, «ашық ойлы, көпшілікпен үндесетін журналистика» жеңеді. Әр журналист өз материалының қадірін білуі керек. Егер сапалы дүние болса, неге көрсетпеске?

Маңғыстау облысындағы «Лада» сайты – бұған жарқын мысал. Ол республикалық деңгейдегі басылымдармен тең дәрежеде көрініп жүр. Демек, басқалар осындай мақсаттармен жұмыс істесе, нәтиже болары сөзсіз.

2.  Бүгінде дәстүрлі медианың басты міндеттерінің бірі – оқырманмен қайтадан байланыс орнату, әсіресе жастар аудиториясымен. Газеттің танымалдылығын арттыру үшін оның жарнамасына ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл тек дәстүрлі әдістермен шектелмей, әлеуметтік желілерді де тиімді пайдалану арқылы жүзеге асуы керек.

Медианы әртараптандыру – басты қадам. Мәселен, әуежайлар, қонақ үйлермен әріптестік орнатып, газеттің санын сол жерлерде орналастыруға болады. Бұл – сапалы контентті көпшілікке жақындатудың бір жолы. Сонымен қатар әлеуметтік желі алаңдарында белсенді болу – қазіргі заман талабы. Себебі, қазір кімнің оқырманы көп – сол ықпалды, сол шешім қабылдай алатын тұлғаға айналып отыр.

Аймақтық деңгейдегі парақшалардың көбі бүгінде кәсіби журналистика өкілдеріне емес, өзге сала мамандарына тиесілі екені де жасырын емес. Олар кей жағдайда әкімдік тарапынан қолдау тауып, мемлекеттік тапсырыстарға да жол ашады. Осындай ортада дәстүрлі басылымдар да өз орнын қайта табуы қажет.

Жастармен байланыс – болашақ кепілі. Университеттердің журналистика факультеттерімен меморандум жасап, студенттермен бірлескен жобалар қолға алынуы керек. Бұл – екі тарапқа да тиімді. Жастар тәжірибе жинаса, газет тың серпін алады. Әлеуметтік желі парақшаларын жүргізуге студенттерді тарту арқылы газеттің медиабейнесін заманауи қалыпта ұсынуға болады. Қажет жағдайда ынталандыру ретінде қаржылай қолдау көрсету де артық етпейді.

 Медианың табиғаты өзгеріп келеді. Қазіргі таңда көпшілік ақпаратты тек телефон арқылы тұтынады. Сайтқа кірушілер азайып, «алдына шыққан ақпаратты жұта беру» дәуірі туды. Бұл – алгоритмдердің әсері. Жаңа медиада ойын шарты жиі өзгеріп тұрады – бұл нарықта қалам дейтін әрбір медианың біліп отыруы тиіс шындық. Өз тәжірибемнен айтар болсам, бұрын республикалық арналарда жұмыс істеп, дәстүрлі медианың ортасында жүрсем, қазір жаңа медиаға бет бұрдым. Оған 6–7 жылдың шамасы болды. Қазір менің bairaqmedia.kz атты сайтым, YouTube арнам және әлеуметтік желідегі парақшаларым бар. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, контентті нарыққа ұсыну, келісімшарттар жасау секілді бағыттарды да меңгеріп келемін.

Газетті насихаттау – әркімнің міндеті. WhatsApp статустан бастап, Facebook топтарына дейін газетті бөлісу – көпшілік назарын аудартудың бір тәсілі. Әрине, он адам бөліскенімен бәрі оқи ма – ол басқа мәселе. Бірақ ең бастысы – жүйелі түрде жұмыс істеу. Газеттің сапалы әрі мазмұнды материалдармен толығуына атсалысу – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Мазмұн маңызды. Үкімет, Мәжіліс, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тұрақты түрде көтеріп отыру – газеттің салмақты бағыт ұстанатынын көрсетеді. Жастардың қызығушылығын оятатын да – нақ осындай қоғамдық мәні бар, сапалы әрі өзекті тақырыптар.

3.  Дәстүрлі медиада тәжірибе жинақтаған журналистердің жаңа медиаға келуін екі қолымды көтеріп қолдаймын. Неге десеңіз, дәстүрлі ақпарат құралдарында бір жыл жұмыс істеген журналистің бойына кәсіби стандарттар, этика мен мораль, жауапкершілік деген ұғымдар сіңіп қалады. Ал бұл – жаңа медианың да негізгі тірегі болуы тиіс.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде парақша ашып алып, «аузына келгенін оттайтын» адамдар көбейіп кетті. Жаңа медиа – бейберекет пікір айтатын, тек жеке ойды тықпалайтын орта болмауы керек. Сол себепті мен үнемі дәстүрлі медиада бірнеше жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинаған, журналистиканың заңдылықтарын білетін әріптестерімді жаңа медиаға келуге шақырып жүремін.

Қазақтілді журналистика кеңістігінде жаңа медианың өзіндік мәдениетін, жауапкершілік пен сапаны алдыңғы орынға шығаратын стандарттарын қалыптастыру қажет. Қазір көп жағдайда журналистен гөрі блогерлерге сенім білдіріліп, солардың ықпалы артып келе жатқаны шындық. Бірақ олардың арасында заң талаптарын білмейтіндері, тіпті екінші тарапты тыңдамай, біржақты пікір қалыптастыратындары да бар.

Әлбетте, ел ішіндегі қоғамдық пікірге әсер ете алатын, сөзі өтімді, парасатты сарапшы блогерлер де аз емес. Солар қоғамды дұрыстыққа үндеп, мәдени диалог қалыптастыруға атсалысқаны жөн.

Жаңа медиа күн сайын қарқын алып келеді. Ал дәстүрлі медиа бұл процесті сырттай бақылап, газет шығарып қана отыра бере ме? Әрине, жоқ. Керісінше, әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді дамытып, оқырман аудиториясымен тығыз байланыс орнатуы қажет.

Бүгінде оқырманның назары шоғырланған орта – әлеуметтік желі. Сондықтан ұзақ мақаланы Instagram сияқты платформада сол күйінде ұсыну мүмкін емес. Мұндайда мәтінді ықшамдап, негізгі ойды қысқа-нұсқа жеткізудің жолын қарастыру керек. Егер сол мақаланың бейнеанонсын жасап, көрерменге визуалды түрде ұсынсақ – тіптен тиімді. Қазір видео өңдеуге бас ауыртудың да қажеті жоқ, әлеуметтік желі платформаларының өзінде бұл мүмкіндіктер бар.

Сондықтан жаңа медианың алгоритмін меңгеру – бүгінгі ақпарат майданындағы басты міндеттің бірі. «Атырау-Ақпарат» ЖШС құрамындағы әр бөлімнің әлеуметтік желі парақшалары бір-бірімен үйлесіп, нәтижелі жұмыс жүргізуге тиісті. Қажет болса, біліктілік арттыру курстарын, тренингтер ұйымдастырудың да артықтығы жоқ. Себебі жаңа медианы жүзеге асыру үшін қыруар қаржы қажет емес. Ең бастысы – ниет пен жүйелі жұмыс.        

Түйін: Газет – кешегі күннің шежіресі ғана емес, бүгінгі күннің тынысы, ертеңгі ұрпаққа аманат болар рухани мұра. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жаңа медиа кеңістігімен ықпалдастыра білу – біздің ортақ міндетіміз. Жастармен тіл табысқан басылым ғана өміршең болады. Ол үшін креатив, кәсіби біліктілік және қоғаммен байланыс ауадай қажет. Сапалы контент, тың формат пен батыл қадам – осы үшеуі газетке жаңа ғұмыр сыйлайтыны сөзсіз.

Жазып алған Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button