«ДАҢҚ» ОРДЕНІНІҢ ДЕРЕГІ
Ел ағасы, Жылыой ауданының басшысы Мақсым Шафихұлының көз алдына бір сәт қантөгіс ұрыстардың ортасында атой сап жүрген әке бейнесі елес бергендей, тұла бойы шымырлап, әлдебір толқынысты сезімге бөленгені бар. Енді ше? Әке туралы ақжолтай жаңалық-дерек кенеттен алдынан шыға келіп, ұрпақтарының көңілін қуанышқа бөлеп, бір серпілтіп жатса!..
Әскери мұрағат ақиқаты не дейді? Енді соған келейік: Награда парақшасында былай деп жазылған: «Ізбасов Шафих 1923 жылы туған. Әскери шені: қызыл-әскер. 09.05.1942 жылдан РККА-да. Әскерге Жылыой ауданының әскери комиссариатынан (Қазақ КСР, Гурьев облысы) шақырылған. № жазбасы: 46952461 наградтау мәліметі туралы мұрағаттық құжаты: 1.Марапаттау және оған тіркелген қосымша құжат. Награда парақшасындағы ерлігі үшін– Үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені». Ресейлік мұрағаттың ресми дерегін қазақшалағандағы мәтін осындай.
Енді бұл «Даңқ» ордені қандай ерлігі үшін берілді? Парақшада оған мынадай сипаттама беріліпті: «Жолдас Ізбасов Шафих 63-ші атқыштар дивизиясының 316-шы атқыштар полкінің және Қызыл Ту орденді 82-ші Ярцевтік атқыштар дивизиясының 250-ші атқыштар полкі құрамында Смоленск бағытындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысты. Майданда 1942 жылдың 17-ші тамызынан 1943 жылдың 21-ші қазанына дейін болды.
Осы кезең ішінде ол әлденеше рет шиеленіскен шабуыл ұрыстарына қатысып және Смоленск бағытында Ярцево қаласын азат етуде өжеттік, ержүректік танытты, қарсылас жақтың 10 солдатын жер жастандырды.
Сонымен қатар, қызыләскер Ш.Ізбасов Ярцево қаласы көшелеріндегі ұрыстарға қатыса отырып, гранатымен қарсыласқан жау жақтың маңызды отты нүктесіндегі минометін жойып жіберді».
Соғыс сұрапылын бастан өткерген майдангер үшін 1942 жылдың мамыр айы мен 1944 жылдың мамыр айы аралығы өмірінің ең бір ауыр, бұлыңғыр, тағдыр таланына, жазық самайына мезгілсіз сызат түсірген шағы секілді. Ол Беларусь майданының құрамында Смоленск облысына қарасты Орша қаласының арғы түбінде өткен кескілескен ұрыстарға қатысып, ақырғы сәтінде қаланы азат етуге атсалысты. Осы қиян-кескі ұрысты Шәкең өмір бойына ұмыта алмаған болар. Екі жақтан да шығын өте көп болды. Бөлімнің ержүрек жауынгерлері қолда бар соғыс техникаларын қалқан қылып, жан-жақтан ентелеген жауды еңсергені есінде, ал ұрыс даласынан қалай аман шыққаны, госпитальға қалай жеткізілгені жадында қалмапты.Бір қызығы кейін елге келгенде аудандық әскери комиссариат ақпаратынан «Ізбасов Шафих 1944 жылы Беларусь жерінде Орша қаласын азат ету айқасында ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар қағазын өзі оқып, қайран қалған екен.
Ержүрек жауынгер 1943 жылдың қазан айының 21-і күнгі шабуылдаған бір ұрыста, екі мәрте ауыр жарақат алды, одан кейін де далалық жорықта қолдың оң жақ буынынан тағы да қатты жарақаттанды. Бұл екінші топтағы мүгедектікке әкеліп соқты.
Шәкеңді ақырғы сапарына шығарып саларда замандасы, абыз қария Жанаш Нұрмахан «Кең Жылыойдың Қаратауы еді» деп тебірене сөйлеп еді. Шафих Ізбасұлының асқақ тұлғасына ғана емес, қоғам дамуында айқұлақтанып көрінген ірі тұлға екендігіне, ғұмыр жолында қопара тындырып кеткен қордалы шаруасына да берілген лайықты баға дерсің бұны.
Ауыл шаруашылығына тұтқа болған қайраткердің ғұмыры – Жылыойдың кеңестік кезеңдегі жетпіс жылдық тағдыр-тарихының үлкен бір тарауы дерлік өз алдына бір шежіре.
Майданнан аман келгендігін айта ма, ол өзі соғыстан кейінгі тірлігін «Олжа өмір» деп атайды екен. Сол олжа өмірі бейбіт еңбекте де абырой-беделді олжа етіп тарту етті оған. Қызылқоға, Махамбет және Жылыой аудандарында кеңшар директоры, ауатком төрағасының бірінші орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды.
Туып-өскен жерінің құтын құтайтып, береке-молшылық жасауға бірегей атсалысып, төрт түлігін тең өргізген Шафих Ізбасовтың ерен еңбегін елі бағалап, «Еңбек Қызыл Ту» және екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапаттады. «Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атанды.
Жылыой аудандық партия комитеті оны іскерлік, шаруашылықтағы ұйымдастырушылық қабілетіне орай аудан ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы лауазымдық қызметіне тағайындады. «Жас келсе – іске» деген, Шәкең алғаш рет іргелі саланың тізгінін қолына ұстағанда 22 жас шамасында екен-ау. Ауданда 19 колхоз мал шаруашылығы және егіс шаруашылығымен айналысады. Бұл бір қысқа жіп күрмеуге келмейтін, ауыртпалығы мың батпан, күрделі кезең еді. Сұрапыл жылдардың зардабы ауыл шаруашылығын өркендетуге адам айтқысыз қиындық әкелді. Жем өзенін қолмен бөгеп, егіске су шығару, Жем бойындағы шабындық жерлерден мал азығын дайындау, оны қыстақтарға тасымалдау жанкешті еңбекті керек ететін.
Әуелі істі неден бастау керек? Шафих Ізбасұлы 1948 жылы Гурьевтен жас маман Құбашев Сағидолла келіп, екеуі бүкіл Жылыой өңірін, Тасастау-Қайнар бойын бірнеше күн бойы аралап, малшылардың шаруашылық және тұрмыстық жағдайларымен танысып, күрмеуін шешер келелі мәселелердің өзегіне бойлауы, кейін өңір өркеніне кең тыныс беретін жоба-жоспарлардың негізін қалауға арқау болғанын жиі айтып отыратын.
Мал шаруашылығы жедел дамыды. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, өзара жарыстың өрісі кеңейді. Жігер-қайраты мол жандар намысқа басты. Арқабаев Нұрмағанбет, Дешенов Татан, Шәкірова Сәли, Мергенбаева Жанбөпе сынды еңбектің топайкөгі атанғандар «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болып, өңірге абырой-даңқ әкелді.
Шаруашылықтың сан сала, жүйе-жүлгесіне қан жүгіртіп, уысынан шығармай ұршықтай үйірген Ш.Ізбасұлы ферма меңгерушілері, агроном, бақташы, шопан кадрларды іріктеп, колхоздың табыс-кірісін молайтты. Әр жүз аналыққа 143 қозы ерді. Ауыл шаруашылығы дамып, аудан әлденеше рет Одақтық, Республикалық, ал совхоз ауданда алдыңғы қатарлы ұжым атанып, ауыспалы Қызыл Туды тоғыз мәрте жеңіп алды.
Шафих Ізбасұлы – көпшіл, алқалы ортада тіл тапқыш. Бұған қоса тұрлаулы тұлғаның облыста, республикада, кезінде Одақта (Мәскеуде) дос-жарандары көп болған деседі. Әріге бармай-ақ, беріден қайырсақ ше?! Бізге мәлімі көкірек көзі, жүрек төрі ой маржанына толы адам. Шәкеңнің исі қазақтың ардақты ұлы жөніндегі «Халықтың бағы қыдыр дарыған перзентіне беріледі. Елу жылдай сол бақ Димекеңде болды. Обалы не керек, барын елге төкті. Көсегеміз көгеріп, көрпеміз ұлғайды. Оның қайырымын ұрпақ бойына сіңірсек, Димекеңе деген ықыласымыз сол» деген баспа бетіндегі сөзі соның бір дәлелі. Шәкең әр кездерде жұмыс бабында да, өмірдің жайшылық кездерінде де Нұртас Оңдасынов, Саламат Мұқашев, Жәрдем Кейкін, Сағидолла Құбашев сияқты ел мерейін көтерген, елеулі қызметтер атқарған азаматтармен сыйлас, сырлас болды.
Шафих аға өмірінің соңына дейін аудандағы ауыл тынысын ешуақытта ойынан шығарып көрген емес. «1930-31 жылдарда Жылыойда 40 серіктестік болған еді. Ал, 1937 жылдары 19 колхоз ұйымдасты. 1940 жылы Каспий суы кейін шегініп, балықшы колхоздар Жайық бойына көшуге мәжбүр болды. Мұның себебі, Мұғаджардан басталатын Жем өзенінен Ақтөбе, Атырау колхоздары егістікке су қамдап, көптеген бөгеттер салды. Жем суы Каспийге құймағасын Теңіз суы бұрынғы деңгейден әлдеқайда төмендеп кетті» деп отыратын.
Ия, ұлы Жем – елдің ырысы. Шәкең көсем ойымен де ауыл тірлігін, келешегін барлап, кезегін күткен көп шаруаларға алаңдаушылығын аңғартқан болар, бәлкім!
Кешегі Артықбайдан тараған, ел қамына жараған тұлғалы азаматтардың ізін Ізбасұлы Шафих басып, аудан ауыл шаруашылығын өзіндік биікке көтеріп кетсе, бүгінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған ауданның басшысы Шафихұлы Мақсым алғашқы қадамын сол әкені мазалаған Жем суы арнасын аршып, кеңейтуден бастап, ылғал ысырап болмас үшін тиісті тұстарына бөгеттер салып, енді бірнеше жерден шлюздер орнатуға қам жасап жатыр.
Иә, тау тұлғалардың алыстаған сайын да биіктей берері және сын-сипатымен, кескін-келбетімен өзіне тарта түсері кәміл.
Қаржау ОРАЗБАЕВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.